Атқарылған жұмыстарға ардагерлер разы. Бүгін облыстан жиналған 90 жуық қарт облыс басшысының өткен жылдық есебін талқылап, осындай лебіз білдірді. Айта өтейік, ақпанның 20 күні облыс әкімі Асқар Мырзахметов 2012 жылды қорытады. Осыған байланысты баспасөз беттерінде әкімнің жылдық есебі жарияланып жатыр.
«Асанбай Асқаровтың ізгі ісін Асқар Мырзахметов жалғады». Бұл 2009 жылдан бері облысты басқарып келе жатқан Асқар Исабекұлы жайлы түйген қарттардың тұжырымы.
Жеңісбек МӘУЛЕНҚҰЛОВ, Облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы: «Баспасөз бетінде жарияланған облыс әкімінің есебіндегі қай саланы алмаңыз, ауыз толтырып айтарлық жетістіктер баршылық. Бұл да болса облыс басшысының іскерлік қабілетінің мықты екенін көрсетеді. Көп нәрсе бірінші басшының талабына сәйкес деп бекер айтылмаса керек».
Жеті өлшеп бір кесудің арқасында облыс жұртының әлеуметтік әлеуеті өткен жылдармен салыстырғанда айтарлықтай өсіп, Шымкенттің сәні кіре бастаған. Дегенмен жиын барысында аталы сөздің иелерін ендігі жерде мың құбылып тұрған тариф мәселесі қинайтыны байқалды.
Баспасөз бетіндегі баяндаманы талқыға салған ақсақалдар енді жастарға үлгі-өнеге көрсету жайын қолға алсақ дейді. Қызға қырық үйден тыйымын ұғындырып, соңғы кездері белең алып бара жатқан дін мәселесін шешсек деген ниетте.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=Vx4EmKW7EqM[/youtube]