Егіздер екпеден сал болып қалды

3 жасар Ерали мен Нұралидің қазір қолды-аяққа тұрмай зыр жүгіретін кезі

Бүгінде «екпе»  дегенді естісек, сырт айналатын жағдайға жеттік. Шымкентте егіз баланың церебрал сал ауруына шалдығуына екпе себеп болған. Баланың ата-анасы бұл оқиғаға дәрігерлерді кінәлап отыр. Айтуларынша, екі айлық кезінде алған екпеден кейін балалардың жағдайы нашарлай түскен.

3 жасар Ерали мен Нұралидің қазір қолды-аяққа тұрмай зыр жүгіретін кезі
3 жасар Ерали мен Нұралидің қазір қолды-аяққа тұрмай зыр жүгіретін кезі

3 жасар Ерали мен Нұралидің қазір қолды-аяққа тұрмай зыр жүгіретін кезі. Ал олар болса, тіпті бастарын да ұстай алмайды. Дертінің мазалайтыны соншалық егіздер күндіз-түні дұрыстап көз шырымын алмайды екен. Анасы Ақбөпе екі айға толғанда алған АКДС вакцинасынан кейін балаларының денсаулығы сыр бере бастағанын байқайды. Содан бері ата-ананың бауыр еті балаларын сауықтыру үшін бармаған жері, баспаған тауы қалмайды. Елордаға дейін ат терлетіп қайтқан. Негізінен, мұндай жағдайда медицинасы озық шетелдерде алдымен ата-анамен жұмыс жүргізіледі. Сала мамандары оларға баланы күтуді, өмірге бейімдеуді үйретеді.

Ал біздің кейіпкерлердің анасын отандық медицинаның ондай жоғары деңгейге жете алмай отырғаны қынжылтады. Сондықтан жас ана ғаламторды «шарлап» жүріп балаларына шипа болатын қам-қарекеттерге өздігінше кіріседі. Ол шетелдік сайттардан БЦС-ға шалдыққан балаларға жасалатын арнайы жаттығулардың әдістемесін тауып алады. Қазір сол жүйе бойынша күн сайын жұмыс жүргізеді. Нәтижесі жаман емес көрінеді. Сәл-пәл епке келген секілді. Ойдағыларын түсіндіріп айта алмаса да ыммен ұғындырады. Әйтеуір, талпыныс бар. Тіпті, ақ қағазды шимайлап, сурет те салады екен. Ал ақ халаттылар балалардың бұл дертке шалдығуына вакцинаның себеп болғанын жоққа шығарып отыр. Олардың айтуынша, бұл сырқаттың себеп-салдары көп. Экологияның бұзылуы, ата-ана денсаулығындағы кінәрат, тұқымқуалаушылық, ананың жүктілік кезінде дұрыс күтінбеуі сияқты жайттер сал ауруының пайда болу факторы болып табылады.

Ал екпе барлық балаға бірдей егіледі. Егер екпе кезінде өзге де балаларда мұндай сырқат кездескен болса, онда вакцинаны себеп деп көруге болатын еді, – дейді жергілікті дәрігерлер.

Жалпы, соңғы кездері елімізде екпеге наразылық білдіруші ата-аналардың қарасы көбейіп келеді. Жақында ғана тағы бір ата-ана екі айлық нәрестесінің шетінеуіне екпенің себеп болғанын алға тартып, құзырлы органға арыз түсірген. Ал семейлік тұрғын Мұхаметберік Түрекенов дәрігерлер салған екпеден кейін мүгедек болып қалдым, – дейді. Қол аяғы балғадай, тепсе темір үзетін азамат қазір қозғала алмай үйінде отыр. Былтыр Семейде екпе алғаннан кейін 1 жасар бүлдіршіннің мұрны күрт өсіп кеткен болса, Атырауда екпе алған баланың аяғы керісінше, өспей қалған. Аурудың алдын алуға тиісті екпеден балалар керісінше, мүгедек болып жатыр. Осыдан кейін екпені ем дегенге кім сенер екен?

Мақпал РЫСБАЕВА

Ал осы кезде…

Ережеповтер отбасының ендігі үміті – жомарт жандарда. Ата-ана мүгедек боп қалған балаларға қолы ашық ағайын көмектеседі деп сенеді. Тіпті балалардың аяққа тұрып кетуіне көмектесетіндер үшін арнайы есеп шот та ашып қойды. Түскен қаржыға Түркияда ота жасатпақ. Оның құны 35 мың АҚШ долларын құрайды. Ерәли мен Нұрәлидің тәлкекке түскен тағдырына бей-жай қарамайық, ағайын.

БТА Банк 6764 1415 1024т3640 AKBOPE YEREZHEPOVA

KAZKOM 4405 6452 1959 4780 AKBOPE YEREZHEPOVA