Күннен энергия алатын ауыл

16 мың теңгеге шағын күн электр станциясын сатып алдым
16 мың теңгеге шағын күн электр станциясын сатып алдым
16 мың теңгеге шағын күн электр станциясын сатып алдым

Түркістан қаласына қарасты Иқансу ауылының тұрғындары шағын жел және күн энергиясын пайдаланып отыр. Қоғамға енді-енді еніп келе жатқан жаңалықты иқансулықтар осыдан 3-4 жыл бұрын-ақ қолдана бастаған.

Ауыл тұрғыны Ердәулет Құтыбаев қазіргі кезде жарықты жел электр станциясынан алып отыр. Алматыдан арнайы алдырған қытайлық аппарат теледидар тамашалап, үйді жарықтандыруға толығымен жетеді екен.

«Менде тұрған аппарат ең кішкентайы. 200 мың теңгеге сатып алдық. Аппараттың көмегімен 100 ваттық 8-9 лампаны жағуға болады. Ал мұздатқыш секілді үлкен тұрмыстық техникалардың қажеттілігін көтере алмайды» – дейді Ердәулет.

Аула ішінде тұрған шағын жел электр станциясының қалқаншалары желдің күшімен генераторды айналдырып, аккумуляторға ток жинайды. Содан қажет кезде 220 квт-тық энергияны бір қалыпты қолдана аласыз. Тіпті, жел жоқ кезде де аккумуляторға жиналған қосымша ток 10 күнге дейін қажетіңізге жарап тұрады.

Ердәулеттің өзі электрик. «Оңтүстік Жарық транзит» ЖШС-нің Кентау бөлімшесінде қызмет атқарады. Өз ісінің маманы баламалы энергия көзінің тиімділігіне де көз жеткізген.

«Бұл аппаратты алғаныма 6 айдың жүзі болды. 3 жылға кепілдігімен берілді. Ал сатып алуға кеткен шығынды бір жарым жылдың ішінде өтеуге толық мүмкіндік бар. Осыдан үш жыл бұрын 16 мың теңгеге шағын күн электр станциясын сатып алғанмын. Ол теледидар көруге және бір лампаны жағуға жарайтын еді. Күн бұлтты кезде де аккумуляторға жиналған токты пайдалана беретінбіз. Бірақ бізге қуаты аздық жасады. Сондықтан оны көршіме сатып жібердім», – дейді ол.

Негізінен Иқансу ауылында орналасқан 12 үйдің басым бөлігі шағын күн электр станциясын пайдаланады. Себебі ауылға арнайы жарық жүйесі жүргізілмеген. Яғни Кеңес үкіметі кезінен бері мұндағылар май шамды пайдаланып келген. Сондықтан шағын жел және күн электр станциясын қолдануға көшіпті. Оны көршілес ауылға Қытайдан көшіп келген қандасымыздан сатып алып отырған.

Қайрат ЗАЙНИШЕВ