Мүгедектердің мұңы көп

Мұхит Әлі ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы

Сенсеңіз де сенбесеңіз де осы. Былтырғы жылы облыс көлемінде орташа жалақы 74 716 теңгені құраған болса, шаруашылық субьектілеріндегі еңбекақы көлемі 88 690 теңгеге жеткен. ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы М.Әлі мекеменің былтырғы жұмыстары қорытылған басқосуда осындай мәлімдеме жасады.

Мұхит Әлі ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы
Мұхит Әлі ОҚО жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бастығы

Мүгедектердің де мұңы жетерлік. Облыс-та бүгінде жасы мен жасамысын қосқанда мүмкіндігі шектеулілердің саны 80 мыңнан асып жығылады. Былтырғы жылы солардың небәрі 2 500-ге жуығы ғана санаторлық-курорттық жолдамаларға қол жеткізе алған.Ал басым көпшілігіне курорттық орындардан жай табылмай отыр. Бұл мәселе бүгінде сала мамандарының ойын онға, санасын санға бөліп отыр. Сондай-ақ облыста мүгедектерді оңалту орталықтары жетіспейді. Осы санаттағы тұрғындары көп Мақтарал, Сарыағаш, Сайрам, Түлкібас аудандарынан оңалту орталықтарын ашу үшін 160 млн теңгенің қаражаты қажет болады екен. Басқарма бастығы Мұхит Әлі ОҚО әкімі А.Мырзахметовке осындай ұсыныспен шықты.

Сол секілді жергілікті бюджетке тиесілі қаражаттың қарастырылмай отырғандығынан әлеуеті төмен отбасыларға тиесілі тұрғын үй құрылысының жоспары да жіті орындалған жоқ. Сол себепті осы мақсатқа республикадан бөлінген қомақты қаржы игерілмей қалған. Салдарынан 450 отбасы қоныстойын тойлай алмай қалды. Сондай-ақ бүгінде облыста жұмысшының жалақысына қарыз болып қалған мекемелер қатары да азаймай отыр. Облыс бойынша төленбеген еңбекақы сомасы бүгінде 58 миллион теңгені құрап отыр. Берешегі бар жұмыс берушілер – басқарманың басты назарында. Былтырғы жылдық есепке қарағанда, салада тындырылған істер де баршылық. Басқарма «Жұмыспен қамту-2020» бағдарламасының былтырғы жоспарын асыра орындап, республика деңгейінде өзгелерден оқ бойы озық шықты. Нәтижесінде, екі қолға бір күрек табылып, кедейшілік көрсеткіші де кеми түсті.

Мақпал РЫСБАЕВА