«Еститін мемлекет»: Шымкент әкімі халықтың мәселесін тыңдауға дайын

87

Шымкент әкімі Мұрат Әйтеновтің жұмысы көңіліңізден шыға ма? Шаһар басшысының Әл-Фараби аудан тұрғындарымен кездесуінде халық өз әкіміне қатысты пікірін айтты. Бірі көтерілген мәселелер шешіліп жатыр десе, енді бірі керісінше қанша айтқанмен ешқандай нәтиже жоқ екенін алға тартты. Жалпы, үшінші мегаполис шенеуніктері проблемаларды қалай қабылдайды?

Шымкент әкімі күн сайын халықты жинап есеп берсе де, жеке қабылдауына жазылғысы келетіндердің қарасы қалың. Әл-Фараби ауданының тұрғындарымен кездесу жиынында біршама азамат мегаполис әкімін халыққа жақын болуға шақырды. Бірақ сын айтқандардың басым бөлігі Мұрат Әйтеновтың қабылдауы қашан өтетінінен хабарсыз екен.

Мұрат Әйтенов, Шымкент қаласының әкімі: «Айына бір рет сәрсенбі күні мен Түркістан сарайында боламын. Есік ашық. Өткен жолы біз екі рет кездестік. 150-ден аса азаматты азанғы 8:40 – тан кешкі 20:00-ге дейін қабылдадым. Егер сіз де келсеңіз қабылдамай қоймаймыз. Ешкім сізді шығарып жібермейді».

Мұрат Әйтенов кездесуде қаланың даму жоспарын таныстырып, өткен жыл қорытындысы бойынша есеп берді. Алайда, әкімнің баяндамасын тыңдаған кейбір тұрғындар ашуға булықты. Өйткені, 5 жылдан бері көтеріп келе жатқан мәселесі тағы да кейінге шегерілген көрінеді.

Тұрғын: «Әкімнің сөзін естіп таң қалып, қан қысымым көтеріліп кетті. Бізге былтыр тамызда қойып береміз деген. Біз протоколын бәрін өткізіп дайындап қойғанбыз. ЖКХ ға қанша рет бардық, «Шымкент лифтке» талай бардық. Олардың бәрі апай күтіңіз деп айтты. Тек акиматтан ақша бөлінбей жатыр деді. Енді мына кісінің есебін тыңдасам, биылдықта тағы да жоқпыз».

Жалпы, бұзылған лифтті ауыстыру үшін тұрғындардың барлығы арыз жазуы тиіс. Егер сметалық құжатқа барлығы келісім білдірсе, оған мемлекеттен қаражат бөлінеді. Бірақ ол қайтарымды. Яғни, тұрғындар ай сайын бөліп төлеп отырады. Жиынға қатысқан әйел адам мұның бәріне келіссек те әлі күнге дейін нәтиже жоқ дейді. Ал қала әкімі нақты бұл жағдайдан хабары жоқ екенін айтты. Дегенмен, сауалды тікелей тұрғын үй басқармасының басшысына жолдады.

Ғалымжан Өтенбаев, Шымкент қалалық тұрғын үй басқармасының басшысы: «Бізге ұсыныс келді. Жаңағы Әл-Фараби ауданынан 33 үйден. Олардың тізімін қазір жасақтап жатырмыз. Қазір жобалық смиеталық құжат әзірленіп жатыр».

Әкім: «Жоқ, қазіргі нақты мәселе бойынша айтыңыз».

-Оның барлығын зерттеп шығайық. Қазір мен барамын. Д. Қонаев даңғылы63 үй. Барлығын зерттеп шығамыз Мұрат Дүйсенбекұлы».

Сонымен бұл мәселенің неліктен әлі күнге дейін шешілмегені беймәлім күйде қалды. Дегенмен қала әкімі алдағы уақытта ерекше бақылауға алатынын айтты.

Жиында әкімдік жұмысына алғыс айтқан тұрғындар да кездесті. Бұған дейін өткен кездесуде көтерген мәселеміз ақырындап шешіліп жатыр дейді олар.

Тұрғын: «Өткен кездесуде сізге өтініш жасап едік. Мынау Т. Айбергенова мен Ә. Жангельдин көшесі бойынша. Ол туралы сәл ішіміз жылыды. Сол жерге керекті маман Шондыбаев Берік келді. Жұмыс атқарылып жатыр. Енді 100 пайыз істелді деп айта аламаймын. Бірақ жұмыстың нәтижесі көрініп жатыр. Жұмыс деген осылай атқарылса әйтеуір, Шымкентіміз көркейіп, жұмыс нәтижелі болады деп ойлаймын».

Жиында әкімге сауал жолдаймын деген азаматтардың санында есеп болмады. Тіпті, олар регламент сақтауды сұраған шенеуніктерге уақытты ұзартсын деген талап қойды. Өйткені, мәселе тек қала басшысы бақылауға алса ғана шешілетін көрінеді.

Мөлдір Ибадуллаева