Мүгедектік топ қалай анықталады?

ОҚО бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің бақылау және әдістемелік бөлімінің бастығы Дауытов Төрехан Бекбосынұлы

Әлем халқының 10%-ға жуығын мүгедектер құрайды. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының мәліметтеріне сүйенсек, жер бетінде мүмкіндігі шектеулі 500 миллионнан астам адам өмір сүруде. Ал Қазақстанда мүгедектер халықтың 3-4%-ын құрайды. Біздің облыста 100 мыңға жуық мүгедек бар. Жалпы мүгедектік топқа кімдер жатқызылады деген сұраққа жауап іздеп, ОҚО бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің бақылау және әдістемелік бөлімінің бастығы Дауытов Төрехан Бекбосынұлына жолыққан едік.

ОҚО бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің бақылау және әдістемелік бөлімінің бастығы Дауытов Төрехан Бекбосынұлы
ОҚО бойынша бақылау және әлеуметтік қорғау департаментінің бақылау және әдістемелік бөлімінің бастығы Дауытов Төрехан Бекбосынұлы

– Төрехан Бекболатұлы, мүгедектікке кімдер шығарылады? Олардың басқа сырқаттарға қарағанда айырмашылығы қандай?

– Медициналық әлеуметтік сараптаманың жұмысы мүгедектік топ белгілеумен ғана шектелмейді. Біздің маңызды міндеттеріміздің бірі – мүгедектердің әлеуметтік тұрғыда қорғалуы мен оңалту шараларының ойдағыдай жүзеге асуын қадағалау. Бүгінде әрбір мүмкіндігі шектеулі азаматқа оңалтудың жеке бағдарламасы түзіледі. Оны жүзеге асыру жергілікті халықты әлеуметтік қамсыздандыру бөлімдеріне жүктелген.

Ал мүгедектік деген ұғым мен ауру адам арасында үлкен айырмашылық бар. Көп жағдайларда азаматтар «3-4 ауруым бар, маған неге мүгедектік берілмейді?» деп реніштерін білдіріп жатады. Алдымен мүгедектіктің не екендігін жіті түсініп алған дұрыс сияқты. Мүгедектік – бұл ауру немесе жарақат салдарынан болатын ағза функцияларының, жүргізілген емдеу шараларына қарамастан тұрақты бұзылып, тыныс-тіршілік ету әрекеттері шектелген, әлеуметтік көмекке мұқтаж адам. ҚР қолданыстағы заңнамаларға сәйкес мүгедектік науқас адамның денсаулығына тұрақты түрде функционалдық ауытқулар мен кемшіліктер байқалған жағдайда ғана белгіленеді. Яғни науқас мүгедектік топ алу үшін жергілікті жерде кем дегенде 4 айдан кем емес уақытта емдеу-оңалту шараларын алуы тиіс. Содан кейін ғана емдеу мекемесінің жолдамасымен медициналық әлеуметтік сараптамаға келуі керек. Кейде науқастар осы талаптарды орындамай, өзіне мүгедектік топ белгіленуін талап етеді.

– Ал МӘС (медициналық әлеуметтік сараптама) қызметінің негізгі міндеттері қандай?

– Медициналық әлеуметтік сараптаманың негізгі міндеттеріне мүгедектікті және еңбек қабілетін жоғалту дәрежесін, олардың себептерін, мерзімдерін, туындаған уақытын белгілеу арқылы мүгедектерді оңалтудың жеке бағдарламасын әзірлеп, олардың орындалуына бақылау жасау жатады. Ал ережесін екшелей түсіндірсек, былай.

Өмір болған соң түрлі жағдайдың болатыны заңдылық қой. Жарақат алып немесе өзге де жағдайлармен денсаулығына және басқа да себептерге байланысты еңбек қабілеті шектелген азаматтар медициналық-әлеуметтік сараптамаға жіберіледі. Сараптама олардың мүгедектік тобын анықтайды. Мүгедектік және еңбек қабілетінен айырылу дәрежесі 6 айға және 1 немесе 2 жылға, анатомиялық кемістіктер болған жағдайда мерзімсіз уақытқа белгіленеді. Ал 16 жасқа дейінгі жасөспірімдерге «мүгедек бала» санаты бойынша мүгедектік 6 айға, 1,2,5 жылға және 16 жасқа толғанға дейін деп белгіленеді. Мерзімсіз мүгедектік деген бар. Яғни өмірлік мүгедектікке шығу. Өмірлік мүгедектік – ағза функцияларының тұрақты, қалпына келмейтін өзгерістері мен бұзылулары болған кезде, емдеу-оңалту іс-шаралары тиімсіз болғанда, ал 1 топтағы мүгедектік – кемінде 4 жыл, 2 және 3 топтағы мүгедектік – кемінде 6 жыл динамикалық қадағалаудан кейін ғана белгіленеді. Сондай-ақ зейнеткерлік жастағы адамдарға оңалту болжамы қолайсыз болған кезде мерзімі шектеусіз мүгедектікке шығуға мүмкіндік қарастырылған.

– Мүгедектігін малданып, әлеуметтік жәрдемақы алу үшін ғана топ «сұрап» жүргендер туралы не айтар едіңіз?

– Мүгедектердің саны жыл сайын артып отыратыны бізді қатты алаңдатады. Әсіресе жүрек-қан тамырлары, жарақаттар, қатерлі ісік аурулары бойынша мүгедектікке шығу жағдайлары көп. Бұл жағдай балалар арасында да тым жиілеп кетті. Әсіресе Сайрам, Төлеби аудандарында балалар арасында түрлі туа бітті кемістік, психикалық аурулар да көбейіп барады. Негізгі себебін нақты айту да қиын. Бұл орайда мүгедектік деңгейінің өсуіне әсер ететін бірнеше факторлар бар. Ол үшін халықтың әл-ауқатын арттыру, қоршаған ортаны жақсарту мен денсаулық сақтау қызметінің ауқымын ұлғайту керек. Осы жайттарды жолға қоймай, мүгедектердің қатары азаймайды. Расында да мүгедектікке шығып, тиісті жәрдемақымды алып отырсам деген пиғылдағы азаматтар да бар. Бірақ қазір бұған жол жоқ. Саладағы жемқорлықты жою мақсатында комиссия жұмысы қатайған. Яғни мүгедектікті рәсімдеп алу мүмкін емес. Қазіргі таңда Елбасы мен Үкіметіміздің саясаты аурудың алдын алуға бағытталған. Бастысы ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жолды іздейік.

– Салада қандай мәселелер бар?

– Жыл сайын МӘС жұмысы жақсарып келеді. Азаматтар да тәртіпке үйреніп қалды. Тек кадр тапшылығы байқалып отыр. 2000-шы жылдардың басында қысқартулар болған еді. Соның салдарынан біраз мамандар жұмыстарын тастап кетуге мәжбүр болды. Сараптамадан өтушілер тым көп. Облыс бойынша 15 МӘС бөлімі бар. Ол бөлімдерде 60 дәрігер қызмет көрсетеді. Өңірде 100 мың мүгедектің бар екенін ескерсек, 60 дәрігердің жұмыс ережесі, әрине, ауырлай түседі. Ереже бойынша күніне 10-12 адам қабылдауымыз керек болса, қазір бір күнде 18-20 адам қабылдаймыз.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Ақмарал МЫРЗАХМЕТОВА