Қаңтардан бастап зейнетақы мен жәрдемақы өседі. Премьер-министр орынбасары әрі Ұлттық экономика министрі Серік Жұманғариннің айтуынша, бұл әлеуметтік төлемдер нарыққа сай 10 пайыз индекстеледі.
Министрдің сөзінше, бүгінде әлеуметтік төлемдермен 4,7 миллион адам қамтылған. Биылғы әлеуметтік бюджет шамамен 6 триллион теңгені құраған. Ал келесі жылға 6,8 триллион теңге көлемінде жоспарланып отыр. Бұл биылғы көлемінен 887 миллиард теңгеге артық.
Соның ішінде нақ зейнетақы мен жәрдемақыны арттыруға 636 миллиард теңге қарастырылған. Соның арқасында 10 пайыз ұлғайтуға мүмкіндік туып тұр. Салыстырар болсақ, 2025 жылы бұл төлемдер 8,5 пайыз өскен еді. Сонымен қатар, еңбекақы қоры бірнеше жыл қатарынан тұрақты өсіп келе жатқанын айтты.
Серік Жұманғарин, Премьер-министр орынбасары – Ұлттық экономика министрі: «Еңбекақы қорының ЖІӨ-дегі үлесі шамамен 31 пайыз деңгейінде тұрақты сақталып отыр. Бұл оның жалпы экономикамен бірге өсіп келе жатқанын көрсетеді. Биыл алғаш рет 300 миллиард доллар межесінен асып түсеміз деп үміттенем. Бәлкім, жан басына шаққандағы үлес 15 мың доллардан асып қалар».
Ербол Тұрымбет






