Соғыс жылдары майданды оқпен қамтыған алып зауыттың улы түтіні мен зиянды қалдықтары талай оңтүстікқазақстандықтарды науқас еткенін адамнан да, Жаратқаннан да жасыра алмайсың. Министр Нұрлан Қаппаровтың атына Шымкенттік кәсіпорынның зияны жайлы хат жазушылар аз емес көрінеді. Соңғы жылы зауытты сыртқа шығару бір емес, бірнеше рет көтерілді. Алайда, жоғарғы жақ шығарған шешімнің өзі әлі іске асырылған жоқ.
Ал шын мәнінде, зауытты қала сыртына шығарып, қалдықтарды залалсыздандыру жұмыстарына келгенде күрделілік көп. Оны тудырып отырған жұмысшылар емес, басшылар. Тау болып үйіліп жатқан өндірістік қалдықты жою, меншік мәселесіне келіп тірелетін секілді.
Қоршаған ортаны қорғау министрі бұл дауға соңғы нүктені өзім қоямын деп отыр.
Нұрлан Қаппаров, ҚР Қоршаған ортаны қорғау министрі:»Астанаға қайтқанда қайтадан жиналып, бірнеше мәселелерді қайтадан қараймыз. Бірнеше мәселелер бар, сол зауыттың ішінде.Ең негізгі мәселе, сол зауытты жабамыз ба, жаппаймыз ба? Жақында сол зауыт туралы шешімдерді қабылдаймыз».
Зауыт қалдықтарының жәйіне қаныққан министр бастаған топ қала сыртындағы тұрмыстық қалдықтар полигонына да барды. Аумағы 21 гектар жерді құрайтын орында қалдық өңдейтін зауыт салынады дегенге де аз уақыт болған жоқ.
Жыл сайын 65-70 мың тонна қалдықтар төгіліп келген бұл полигонның бетіне топырақ төселуде. Биылдан бастап, ағаштар отырғызылып, көріктендіру жұмастары жүргізілмекші. Ескі Қоқыс алаңынан шығатын улы түтіннен арылатын күн алыс емес дегенге сенгің келеді. Экологиялық мәселелерді бірден түбегейлі шешуге уәде бермесе де, министр барлығы қарастырылатынын айтты.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=bI5EE-tgsGU[/youtube]