Қорғасын зауыты маңындағы мұржаны құлату жұмыстары жалғасуда

829

Қорғасын зауыты маңында тұратын жерлестерімізден соңғы бір аптадан бері маза қашты. Сұрапыл соғыс кезінде жауға атылған әрбір алтыншы оқ шығарылған зауыттың мұржасы бұзылады дегелі тұрғындар күнделікті құжаттарын алып көшеге шығады.

Төтеншеліктер болса, мұны қауіпсіздік шарасы деп түсіндіреді. Зауыт аумағында орналасқан алып мұржаның биіктігі 200 метрден астам. Үш мұржаның біреуінің түбін осы аумақтан темір іздеушілер зақымдап тастаған. Мәселені тілшілер қаумы көтерген еді.

Қала басшылығы оны құлатуды дұрыс деп шешкен болатын. Бүгінде мұржаны құлататын мекеме нақтыланып, техникалары жұмысқа кірісті. Алайда ол жұмыс созылып кетті. Жауапты мамандардың айтуынша, бетонды бұзатын техника жиі істен шығып қалып жатыр.

Соңғы үш күннен бері қызған жұмыс бүгін түстен кейін қайта жалғаспақ. Ал құбырды зерттеген төтеншеліктер мұржа құлаған жағдайда айтарлықтай дүмпулер болмайды деп отыр.

Нұрлан Күдерұлы