Молдасейітов «емтиханнан» өтті

Шымкент қаласының әкімі Қайрат Молдасейітов

Кешегі аптада Шымкент қаласының әкімі Қайрат Молдасейітов өткен жылы атқарылған шаруаларға шолу жасап, ел алдында есеп берді. Бұл жолы қала басшысының «емтиханына» облыс әкімі Асқар Мырзахметов «комиссия» болды.

Шымкент қаласының әкімі Қайрат Молдасейітов
Шымкент қаласының әкімі Қайрат Молдасейітов

Айтып өту керек, Молдасейітовтың облыс орталығына басшы болып келгеніне 10 ай болды. Осы уақыт аралығында әкім елге қай қырынан танылды? Егер «нұротандық» Өмірзақ Мелдехановша айтар болсақ, «Молдасейітов айтты ма, айтқанын істейтін» басшы. Ал белгілі қаламгер Мархабат Байғұт болса «он айдан бері Қайрат Рысқұлбеков көшесін абаттандыру мәселесін шештірте алмай жүрмін» дейді. «Қаланың жасы нешеде? деген сауалдың да қойылғанына біраз болды. Бас жоспар бекітілді, қала күні мерекеленеді. Бірақ қаланың жасын нақты әлі білмейміз» дейді жазушы ағамыз.

Ш.Уәлиханов көшесіндегі үй төрайымы Людмила Иванованың айтуынша, осы көшедегі 192,192 «а», «б», «в», 188 «б» үйлердің ауласына кіру мүмкін емес екен. «Тозығы жеткен аулаішілік жол қашан жөнделеді?» дейді.

Тұрғындардан келіп түскен осындай мәселелерге орай қала әкімі өз есебінен соң қайта мінберге көтерілді. Айтты. Бөлінген қаржыны жіліктеп берді. «Айтылған мәселелердің біразын биыл шешеміз, – деді қала әкімі. – 140 ауланы көріктендіруге 865,0 млн теңге бөлінді. Соның ішінде жаңағы айтылған үй аулаларына да жөндеу жүргізу қарастырылып отыр. «Самал» шағынауданы тұрғындарының мазасын қашырып отырған күл-қоқыс полигонын осы бірінші тоқсанда толығымен залалсыздандырып, жауып, жаңа полигонды пайдалануға береміз».

Қала әкімінің жауабы нақтылана түскенін байқады ма, облыстық өзбек мәдени орталығының төрағасы, облыстық «Жанубий Қозоғистон» газеті редакторының орынбасары Хашимжанов мырза «өзбекше жарық көретін басылым осы күнге дейін қалалық әкімдіктен мемлекеттік тапсырыс алмайды. Сіз Түркістанда әкім боп тұрғанда өзбектерге жақсы қамқор едіңіз ғой» дегенді көлденең тартты. Мұндай ілтипатты сұранысты орындамаса халқына жақын болар ма, әкім мырза «болды, биыл өзбек газеті мемлекеттік тапсырыс аясында 1 млн теңге алатын болады» деді.

Былтыр Шымкент қаласының Бас жоспары бекітіліп, ол бойынша қаланың жер аумағы 76 га құрап отыр. Оның 55  мың га – Сайрам, 12 мың га – Төлеби, 7 мың га Ордабасы ауданынан алынған.
Былтыр Шымкент қаласының Бас жоспары бекітіліп, ол бойынша қаланың жер аумағы 76 га құрап отыр. Оның 55 мың га – Сайрам, 12 мың га – Төлеби, 7 мың га Ордабасы ауданынан алынған.

Әкесі өлгенді де естіртеді демекші, Мархабат ағамыздың ұсынысына «Рысқұлбеков көшесін кеңейту мүмкін емес. Зәулім үйлер салынып, жаяу жүргіншіге арналған аяқ жол салуға да жер қалмаған» деп жауап қайырды. Ашығын айтты.

Ашығын айтқан тағы бір мәселе, есепке жиналғандар арасынан қол көтеріп, сауал қоямын деп шыққанымен, «Түркістанда тұратын күйеубалам жұмыссыз отыр. Қызым да жұмыс таппауда. 5 бала-шағасы бар. Жұмыс табуға көмектесіңізші» деген өтінішіне қала әкімі миықтан күлді де «Түркістанның әкіміне звондайын ба?» деді. Зал күлкіге көмді. Бірақ біреуге мал қайғы демекші, өтініш жасап тұрған әйелге әкім көмектесетініне уәде етті.

Ал атқарылған жұмысқа ел оң бағасын беріп, қала әкімінің алдағы күніне табыс тілеп тарқасты.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=BRd8EaScBq8[/youtube]