ОҚО-да қозапаядан құрылыс материалдары жасалуда

215
Мына цехта тақтайшалар қаттап жиналады

Оңтүстік Қазақстан облысында мақтаның сабағынан құрылысқа қажетті тақтайшалар шығаратын зауыттың жұмысы қарқын ала бастады. Өткен жылдың соңында ашылған кәсіпорынды салуға «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығының берген қаржысы сеп болды. Бұған дейін мақтаны теріп алған соң оның сояудай сабақтарын жергілікті тұрғындар орып алып, отын ретінде пайдаланатын. Қалған қозапаяны күзде жермен бірге жыртып тастайды. Ал ол көктемде тырмаға ілініп, дихандарды әбігерге салатын.

Бір ғана Мырзашөл өңірінде 100 мың гектар алқапта мақта егілетінін ескерсек, соншама мақта сабағын тазалап шығу шаруалар үшін қосымша жұмыс, артық шығын еді. Енді, міне, осы уақытқа дейін қажетсіз саналып, егістік алқаптарында шіріп жатқан мақта сабағы кәдеге жаратыла бастады, таптырмайтын шикізат көзіне айналды.

Мына цехта тақтайшалар қаттап жиналады
Мына цехта тақтайшалар қаттап жиналады

Кәсіпкерлер өздері шығарған тақтайшаның басқаларға қарағанда жеңіл екенін мақтанышпен айтады. Әрі бағасы да арзан деп сендіріп отыр. Бұған басты себептердің бірі — желім де осы цехта шығарылады. Зауыттың өндірістік қуаты бір жылда 30-50 мың шаршы метр сығымдалған құрылыс тақтайшаларын шығаруға жетеді. Енді мұнда қосымша жұмыс орны да ашылды.

Жаңа өндіріс шикізатсыз қалмайды. Зауыттың менеджерлері өз өнімдерін болашақта Қазақстанның өзге де қалаларына жіберуді жоспарланып отырғандарын айтады. Қазірдің өзінде сұраныстар бар көрінеді. Айта кету керек, бұл кәсіпорын «Үдемелі индустриалды-инновациялық даму» бағдарламасы шеңберінде іске қосылған.

«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасының бірінші бағыты аясында қажетті инфрақұрылым жасалды. Енді өндіріс көлемі мен өнім түрін көбейту жоспарланып отыр. Зауыт бүгінгі күнге дейін 200 текше метр тақтайша шығарды. Оның біразы селден зардап шеккен Сарыағаш ауданының тұрғындарына көмек ретінде жіберілген. Жалпы өткен жылы Мақтарал ауданындағы 33 өнеркәсіп орындары 6 млрд. теңгенің өнімін өндірген.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=UpcQrhzNdvw[/youtube]