Шымкент қаласында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жүргізген тексеріс нәтижесінде 15 автомектептің жалған куәлік табыстайтыны анықталды.

Әбілсейіт Рабаев, облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы: «Біз 21 автомектепте тексеріс жүргізген едік. Нәтижесінде 15 автомектептің жұмысы тоқтатылды. Кейбірінде оқу көлік құралдары мен оқытушылардың жоқтығы анықталғанда, білім беру сапасы жайында сөз қозғау орынсыз болар».

Сондай-ақ, Рабаев қаладағы автокөліктердің жұмысын бақылау жол полициясы басқармасының қызметкерлеріне жүктелгенімен, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мамандары жүргізген тексеріс нәтижесінде ғана құқықбұзушылықтардың анықталғанын тілге тиек етті.

Айта өтейік, өткен жылы Оңтүстік Қазақстан облысында 1866 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 534 адам қаза тапқан.