Әскери билет пен «праваны» қайдан алуға болады?

Осыдан екі жыл бұрын елімізде әскери оқытылған резервті даярлау бағдарламасы жаппай қолға алынған болатын. Бұл бағдарлама он екі айлық мерзімге әскери борышын өтеуге бармай, аз мерзімде ақылы түрде әскери билет алуға мүмкіндік береді.

Өңірімізде осы бағдарлама бойынша оқытатын екі мектеп бар. Біріншісі, Қазақстан Республикасы Қорғаныс министрлігінің әскери-техникалық мектебінің Шымкент филиалы болса, екіншісі Түркістан қаласындағы әскери-техникалық мектеп.

06-024

Жұртшылық арасында ДОСААФ деген атаумен танымал Шымкенттегі әскери-техникалық мектепте бұл бағдарлама бойынша оқыту 2013 жылдың 1-нау-рызында басталған. Әуелде бір казармада отыз адамнан құралған бір топты оқытса, бертінде екі казарма да іске қосылып, әрқайсысында отыз адамнан, барлығы алпыс адамды оқытып келеді. Екі жылдан бері бұл мектепте 693 адам бітіріп, ақылы әскери билет алған. Қазіргі оқып жатқан алпыс түлек 24-ақпан күні сертификат алады.

Курс уақыты 40 күнге созылады. Барлығы 280 сағаттан тұрады. Осы 280 сағаттың 40 сағаты әскери машыққа үйретуге бөлінген. Яғни, әскери машықта сапта жүру, басшының алдына келу мен орнына қайта бару және тағы басқа саптық жүріс түрлері үйретіледі. Қалған 240 сағат бойына ату машықтарына баулиды.

06-023

Мұнда оқитындардың жас мөлшері 22-27 жас аралығында. Сонымен, бұл әскери-техникалық мектепке қабылдану үшін не істеу керек? Алдымен, әскери комиссариатқа барып, он төрт түрлі маманның алдында медициналық тексеруден өтеді. Денсаулығы жарамды болса, Шымкенттегі, не Түркістандағы әскери-техникалық мектептердің біріне барып, бухгалтерия кассасына 263 318 теңге төлейді. Бұл төлемақыға әскери-техникалық мектептің базасындағы казармада курс аясында тұру, тамақтану мен сарбазға қажетті құрал-сайман, киім-кешекпен қамтамасыз етілу кіреді.

Әскери-техникалық мектептегі тіршілік кәдуілгі әскери өмірге мейлінше ұқсас. Сарбаздар таңғы сағат 6:30-да ұйқыларынан оянып, таңертеңгілік жаттығу жасайды. Одан кейін рота жаттығулары, қару күтімі, спорт және тәрбие жұмыстарымен жалғасады. Күніне үш мезгіл тамақ беріледі.

Ержан Абигалиев, Шымкент қаласының тұрғыны:

– Маған жұмысқа орналасу үшін әскери билет қажет болды. Осы себепті де осында келіп, оқып жатырмын. Басты тиімділігі, қысқа уақытқа созылатындығы. Аз уақыт ішінде әскери әзірліктің негіздерін үйренеміз.

200 мың теңгеден асып жығылатын сомманы төлеп, осында оқып жүрген жастардың дені мұнда бір ғана себеппен келген. Алпыс адамның 30%-ы үйленіп, отбасын құрған азаматтар.

Одан бөлек, мектепте әскери-патриоттық тәрбие орталығы ашылған. Бұл орталық жастардың бойында патриоттық рухты күшейтуге жұмыс істейді. Орталықтың бес секциясы бар. Бұл секцияларға 7-8-9 – сынып оқушылары тартылады.

06-021

Бастапқыда мотоциклшілер, әскери көліктер мен танкі жүргізушілері, механиктер дайындаумен айналысатын мекеме ретінде құрылған әскери-техникалық мектеп бұдан бөлек әскери көлік жүргізушілерін де әзірлейді.

Әскери көлік жүргізушілерін төрт ай оқытады. Олар тегін оқиды. Қорғаныс министрлігі тарапынан қаржы бөлінген. Басты талап – төрт ай оқып, жүргізуші куәлігін алғаннан кейін міндетті түрде он екі ай мерзімге әскери борышын өтейді. Он екі ай мерзімді әскери борышын өтеуден қандай да бір себептермен бас тартса, онда төрт ай жүргізуші куәлігін алу үшін оқығанынан мемлекетке келтірілген шығынды төлейді. Бұл шығын шамамен 220 мың теңге шамасында болады. Шымкент қаласы мен қалаға жақын аудандардың тұрғындары үйлеріне барып-келіп оқыса, шалғай аудандардан келгендер осындағы казармада жатады.

Бауыржан Қалтұрсынов, Жаңаталап ауылының тұрғыны:

– Қазіргі жұмысыма әскери билет қажет. Бұған дейін осында оқып, әскери билет алған достарым көп. Солардан біліп, мен де оқуға келдім. 

Әскери-техникалық мектеп базасында азаматтық көлік жүргізушілері де оқу-тәжірибеден өте алады. Жүргізуші куәлігін алу үшін осындағы автокөлік басқаруға үйрететін мектепте оқып жатқандар бар. Әскери-техникалық мектепте оқып, жүргізуші куәлігін алудың бірнеше артықшылықтары бар. Облысымыздағы басқа да автомектептерден айырмашылығы, бұл мектептің елу гектар аумақты алып жатқан автодромы толық режимде жұмыс істейді. Бұдан бөлек алты тренажер құрылғысы мен үйретуге арналған жиырма жеті автокөлік бар. Бұл автокөліктердің бесеуі жеңіл көлік, қалғандары жүк көліктері.

Мұндағы автомектеп барлық санаттағы жүргізушілерді дайындайды. Бұл автомектепке жазылу үшін ИИН нөмірі бар жеке куәлігін, екі дана 3×4 фотосуретін есеп-қисап бөліміне өткізеді. Осында кассаға B, не BC санаттары үшін – 12 800 теңге, D санатына – 10 мың, E санатына – 7500 теңге төлейді. Одан кейін өтінім толтырады. Содан жеке куәлігінің көшірмесін Астанаға, яғни мемлекеттік порталға тіркеуге жібереді. Порталға бір топқа тіркелгендердің саны 30 адамға жеткенде Ішкі істер министрлігінен 12 күннен кейін сабақты бастау туралы бұйрық келіп түседі. Таңдаған санаты бойынша курс мерзімін тәмамдағандарды әкімшілік полиция басқармасына сынақ тапсыруға жібереді. Сонда сынақтан сүрінбесе, жүргізуші куәлігі беріледі.

06-022

Автокөлік жүргізушілерін оқытатын жекеменшік автомектептерге қойылатын талаптардың күшеюінен автомектептердің жаппай жабылуы байқалады. Жаңа жылдан бері ондаған жылдар бойына жұмыс істеп келген бірнеше автомектеп жабылды. Жабылуға автомектептердің арнайы талаптарға сай автодромдары мен арнайы жабдықталған сыныптарының болмауы себеп.

Жәнібек НҰРЫШ

«Оңтүстік Рабат», №6, 11.02.2015