Рысбаеваның ісін сот қарамай қойды

Мұрағат

Төлеби ауданындағы құлағы нашар еститін балаларға арналған мектеп-интернаттағы дауға әлі нүкте қойылмай отыр. Бұл дау туралы газетімізде өткен жылы жазылған-ды. Енді «Орынбасар директормен бейбіт келісімге келді» дегенді алға тартқан облыстық сот мүгедек балаларды жұмысқа жеккен, әріптестерін әбден ығыр қылған Аян Рысбаеваның ісін қарамай қойды. Ал арыздарын арқалап облыстық сотқа келген ата-аналар құқықтарының аяқасты болғанына қынжылып отыр.

Мұрағат
Мұрағат

Әріптесінен талай құқайды көрген ұжым оның педагогикалық этикаға келмейтін қылықтарын айтып құзырлы орындарға бірнеше арыз-шағым түсірген. Бүгінде облыстағы еңбек инспекторлары мен білім басқармасының басшыларына дейін атышулы Аян Рысбаеваның «қылықтарына» әбден қанық болған. Үш қайтара жасалған тексерулердің қорытындысы Аян Рысбаеваға мекеменің директор тарапынан шара көрілсін делінгендей еді. Шара көрілген де. Алайда, айылын жиған Аян ба? Орынбасарлықтан мұғалімдікке дейін түсірген. Бірақ ол тайраңдауын тоқтатпай, тіпті сұранбастан жұмыс уақытында 2-3 сағаттап кетіп те қалған. Осыны негізге алған директор басқа бүліктерін де қосып, оны мүлдем жұмыстан қуыпты.

Оқушыларды жұмысқа жеккенін облыстық балалардың құқығын қорғау департаменті мамандары да растап отыр. 100 балаға жүргізілген сауалнама нәтижесі оқушылардың Аян Рысбаеваның үйінің отымен кіріп, күлімен шыққанын анықтады. Мұның барлығы педагогтың интернат табалдырығын қайта аттауына кедергі бола алмады. Ол әріптестерінің айтқандарының барлығын жоққа шығарады. Жабылып жала жауып отыр дегенді айтады. «Қызмет еткен оншақты жылда ешкімнің жеке басын кемсітіп, арын ластап көргем жоқ, орынсыз сөздер айтылса, ол тиісті жұмысты талап еткеннен ғана. Жұмыстан заңсыз қуылдым» деп сотты да сендірген сыңайлы. Аудандық сот Аян ханымды ақтап шығыпты. Амалы таусылған ата-аналар мен әріптестердің арызын облыстық сот та қанағаттандырмай отыр. Наразы топ директор мен А.Рысбаеваның қалай бітімгершілікке келгенін түсіне алмай дал. Себебі, мекеме басшысының да бұл қызметкеріне өкпе-реніші қара қазандай-тұғын. «Сіз мұнда бес жыл істедіңіз. Енді еліңізге қайтпайсыз ба, орныңызды босатпайсыз ба? Бұл – Жаныстардың елі, ал Сіз – Шымырсыз. «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген ғой, Сізді Шымкенттегі №72 мектепке директор болды деп естідік» (соңғы сөйлем смс-пен келген) деп талай рет қағытып келген оның діттегенін директор Аманбек Ахметбеков пайымдай алмай дал.

Алайда, мектеп директоры өзіне жан-жақтан қысым жасалғандықтан бейбіт келісімге келуге мәжбүр болғанын ашық айтып отыр. Облыстық білім басқармасы бастығының орынбасары Нышан Байғұт «кадрларды дұрыс таңдамаса, жұмысқа қабылдаған мамандары кемшілік жіберіп жатса, оған алдымен басшы жауап береді. Бұл мәселені қарайын деп отырмыз. Интернат директорын шақырған да едік. Ол денсаулығына байланысты еңбекке жарамсыз болғандықтан демалыс алыпты. Жұмысқа шықса, болды қараймыз. Біздің материал дайын» деп отыр.

Мақпал РЫСБАЕВА

Р.S. Аян ханым тасада тұрып, тас атуды «қатырады» екен. Қазір оқушыларға «енді шағым түсірсеңдер, шаштарыңды жұламын» деп неше түрлі смс-сәлемдемелерді де шетінен шұбыртып жатқан сыңайлы. Ал ата-аналардың алды ұл-қызын өзге білім ордаларына жіберіп жатса, енді бірі «қайтсек те әділдік орнатпай тыншымаймыз» деп тас-түйін бекініп алған.