«Спец» бөлімде кімдер емделеді?

Арнаулы емхана кімдерге арналған?
Арнаулы емхана кімдерге арналған?
Арнаулы емхана кімдерге арналған?

Арнайы емхана. Бұл облыстық клиникалық аурухана жанындағы мемлекеттік қызметкерлер, оның ішінде бірінші басшылар мен соғыс, тыл, еңбек ардагерлері ем алатын арнайы бөлім. 20 төсек-орынға жабдықталған бұл бөлімге жыл сайын 400-ге тарта «арнайы» науқас келеді екен.

Былайғы жұрт «спец» деп айдар таққан бөлімнің науқастарын екі дәрігер емдейді. Біріншісі бөлім меңгерушісі болса, екіншісі дәрігер-терапевт. Яғни мұнда емделушілер қатты науқас емес. Керісінше, ауруының алдын алып, жай-күйін жақсартып, ағзасын тынықтырып, физиотерапиялық әдістермен денсаулығын нығайтады. Осы бөлімде жатып, ем қабылдауға құқысы бар мемлекеттік қызметкерлер тізімін жыл басында облыс әкімдігінің аппарат жетекшісі аурухана әкімшілігіне тапсырады.

Ал ардагерлер мен тыл еңбеккерлерін облыстық ардагерлер кеңесі ұсынады. Бірақ ауруханаға жату үшін бұл азаматтарға да ортақ ережеге бағыну керек. Ол – портал. Науқас ауруханаға жатып емделгісі келсе, алдымен аурухана жанындағы емханаға келіп, дәрігердің кеңесін алады. Тиісті сынамаларды тапсырып, бос орын болса сол күні, орын болмаса порталдық кезек бойынша жатқызылады. Бұл жалпыға ортақ заңдылық.

Соңғы кезде аурухананың «спец» бөлімі науқасқа лық толы. Тіпті, тыл еңбеккерлері мен ардагерлерге орын жетпей жатады. Мұндайда олар диагнозы мен ауруының ерекшелігіне қарай өзге бөлімдерге ауыстырылады. Несіне жасырамыз соңғы уақытта кей шенеуніктер аурушаң болып кеткендей. Жыл қорытындысы бойынша есеп беру, қызметтің шыж-быжы, артық күйзеліс пен қым-қуыт әрекет жүйке тоздырары анық. Сондықтан шығар, аурухананың дәрігер-невропатологтарына сұраныс тым жоғары. Емделу уақыты 10 күн саналғанымен, бұл мерзімді ұзартатындар да бар көрінеді. Осылайша мемлекеттік қызметкерлер, оның ішінде бірінші басшылар мен «ықпалдылар» арнайы бөлімде жылына бір емес, бірнеше рет ем алып шығады.

Ең бастысы ем-дом жүргізу шарасы өте жоғары деңгейде. Медұжым әрбір науқасқа ерекше ілтипатпен көңіл бөледі. Себебі айтпаса да түсінікті. Осындайда аурухананың өзге бөлімдерінде де дәл осындай күтім мен ықылас болса екен дейсің.

Ақмарал МЫРЗАХМЕТОВА

Марат Пашимов
Марат Пашимов

Марат Пашимов, Облыстық клиникалық аурухана бас дәрігерінің орынбасары

– Арнайы бөлімде ем алушылар дәрігер-терапевтің кеңесінен кейін жалпы ауруханаішілік тәртіппен ем-домдарын ала береді. Бір ғана дәрігердің бақылауында емес, диагнозы бойынша хирургте, невропатологта, уролог пен ревмотолог дәрігерлерге де қарала алады. Бірақ науқастарды жоспар бойынша қабылдаймыз. Яғни науқас адам алдын ала ауруы бойынша анализдерін тапсырады. Анализдер бойынша ауруы дәлелденсе, ауруханаға жату үшін нөмір беріліп, кезекке қойылады. Сонымен қатар ол адам аурухананы, бөлімді  өзі таңдайды. Міне, осылайша өзі қалаған бөлімде орын босаған кезде ол адамға хабар беріліп, ауруханаға қабылданады. Ал мұның бәрі республикалық ақпараттық-аналитикалық орталықта тіркеліп отырады. Мұндай орталықтардың жұмысы әрбір облыстың ауруханаларында ұйымдастырылған.