Жолды жапқан тассайлықтар дегеніне жетті

294
Аудан әкімінің орынбасары Самат Сапарбаев
Аудан әкімінің орынбасары Самат Сапарбаев
Аудан әкімінің орынбасары Самат Сапарбаев

Облыстық маңызы бар жолды жауып, ауыр жүк көліктерін жүргізбейміз деген Тассай елді-мекені тұрғындарының жанайқайы биліктің құлағына жетті. Өзекті мәселелері қордаланып қалған ауыл тұрғындарының алдына Сайрам ауданының әкімі емес, оның орынбасары келді. Уалихан Қайназаров мырза кезекті есебінде болғандықтан, қарашаның қамын өз орынбасарына сеніп тапсырыпты.

Алдына келген аудан әкімінің орынбасарын сөзбен сыбап алған ағайын, жолдың жырын жалғастырды. Гүрілдеген ауыр салмақты жүк көліктерінен зарзақ болғандарын жеткізді. Алайда бұл жолды жөндемек түгілі ретке келтіруге аудан басшылығының құзыры жоқ болып шықты. Аудан әкімінің орынбасары Самат Сапарбаевтың айтуынша жол ауданға қарамайды екен. Сондықтан облыстық жол басқармасына сұраныс хат жазып келеді екен екі жылдан бері. Бірақ биыл міндетті түрде жөндеп береміз деген уәделері болған.

Самат Сапарбаев, Сайрам ауданы әкімінің орынбасары: «Халықтың жағдайын түсінемін. Ауылда проблема өте көп. Барлығы жолға келіп тіреледі. Біздің қолдан келер шара жоқ, барлығы облыстық бюджетке тиесілі. Десе де, қарап отырмай облысқа сұраныспен шығып жатырмыз. 2009 жылы соңғы рет жөндеуден өткен жолды биыл қайта жөндеуі керек. Сондай уәде бар. Жолдың құрылысы бітсе, арнай белгілер қойлып, ауыр жүк көліктерінің салмағы мен жылдамдығы арнайы қадағаланып отыратын болады».

Жолды биыл жөндемек, ал оны керегіне жаратып отырған стандарт цемент зауыты мен екі каръердің басшыларына жолды жөндеу жүктелмесе де, жарты қаржысын беруді міндеттемек. Сондай-ақ меморандум қайта қаралып жатыр екен. Жолды қайта жөндегеннен кейін оны күтіп ұстау мәселесін қадағалау мақсаты да тұр.

Ал балабақша мәселесін жергілікті кәсіпкер салам десе, жол ашық, ал мемлекеттің қолынан келетін ешнарсе жоқ. Керек десеңіз, ауылға жақын балабақшаларға да тасымалдай алмайды.Өйткені ол заңға қайшы екен. Заң бойынша 3 шақырым жерге тасымалдауға болады, ал бұл ауылға ең жақын бақша 2,5 шақырым жерде орналасқан. Сол себепті де балаларды өздері апаруы керек екен.

1991 жылы салынған ауылдағы мектептің бүгінгі күйін сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес. Типтік емес, спорт залы да жоқ. Екінші ғимаратын ауыл тұрғындары асарлатып салғанмен, құлауға шақ. Бұл мектепте 420 бала білім алады. Ауылды қуантқан бір жаңалық биыл болмаса да келер жылы бой көтеретін мектептің құрылысы.

Тассайлықтардың түйінді мәселесін тыңдап, түйінін шешуге бел буған аудан басшылығы атқарылып жатқан және жоспардағы жұмыстарымен таныстырды. Ең бастысы ақсақалдар батасын беріп шығарып салды.