Шымкентте Мемлекеттік рәміздер күні кең көлемде аталып өтті. Ту тұғыры алаңында жүздеген тұрғын бас қосып, елдіктің айғағына айналған Көк Туға тағзым етті. Салтанатты шарада мемлекеттік рәміздердің маңызы дәріптеліп, патриоттық әндер шырқалды. Мерекелік жиынға қала әкімі де қатысты. Елдік рухты асқақтатқан іс-шара қалай өтті?
Бұл Шымкенттегі Ту тұғыры алаңы. Бүгін мұнда таң ата тұрғындар лег-легімен келді. Әсіресе ту ұстаған, желбіреткен жастар көп болды. Олардың бәрі Рәміздер күніне арналған іс-шараға асығып жатты.
Мерекелік шарада елдік пен бірліктің айғағына айналған мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетілді. Мемлекеттік Елтаңба әкелінді, көк Ту желбіреді. Жиналғандардың бәрі бірдей Мемлекеттік Гимнді орындады. Рәміздердің маңызы дәріптелген шарада патриоттық әндер шырқалып, отансүйгіштік рух асқақтады. Салтанатты іс-шараға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков те қатысып, халық арасында болды.
Мемлекеттік рәміздер – тәуелсіздігіміздің тұғыры, ұлттық бірегейлігіміздің айқын белгісі. Тұрғындардың сөзінше, атаулы мерекенің мәні мен маңызы зор. Бастысы мұндай шаралар өскелең ұрпақтың бойында Отанға деген сүйіспеншілікті арттырып, елдік рухты нығайтуға ерекше ықпал етеді. Бүгінгі мерекенің ерекшелігі неде?
БЕКЕТ ТҰРҒАРАЕВ, ҚОҒАМ ҚАЙРАТКЕРІ: «Бүгін еліміз үшін ең үлкен мерекенің бірі. Бұл еліміз егемендік алып, тәуелсіздігіміз айқындалғалы көк туымыз төбеге көтеріліп, халқымызға патриоттық сезім тудырған мемлекеттік рәміздер. Мұны аса құрметтеуіміз керек. Бұл ерекше күн».
ӘЛИЯ ЖҮСІПОВА, КӨРКЕМ ГИМНАСТИКАДАН СПОРТ ШЕБЕРІ: «Бүгінгі күн – мен үшін ерекше күндердің бірі деп ойлаймын. Өйткені спортшыларға бұл күн ерекше. Біздің туымыз тек қана екі рет көтеріледі. Басшы іс-сапармен басқа елге барған кезде. Және спортшылар үлкен жарыс, додаларда бірінші орын алған кезде. Әрине, ол өте маңызды күн. Спортшы ретінде әрқашан күш салып, орын алып жақсы сәтке тырысамыз. Барша қазақстандықтарды осы мерекемен құттықтаймын. Аспанымыз ашық, жұртымыз, еліміз аман болсын!».
Тәуелсіздіктің тұмарына айналған мемлекеттік рәміздерге құрмет көрсетілген мерекелік шара осылайша қорытындыланды. Елдік рухты ұлықтаған жиын тұрғындардың бойындағы патриоттық сезімді күшейтіп, мемлекеттік рәміздердің мәртебесін тағы бір мәрте асқақтатты.
Дилара Иса







