Өнер иелеріне құрмет. Қазақтың ою-өрнегінің мыңға жуық үлгісін жасаған Ғани Ілияев пен облыстық суретшілер одағының негізін қалаушылардың бірі Мәжит Бараисовты еске алуға арналған көрме өтті. Екі тұлға да Ұлы отан соғысына қатысып,тыныштығын қорғаса, елге оралған соң да дамуы үшін аянбай еңбек еткен. Екі тұлғаның 95 жылдық мерейтойына орай салтанатты көрме ұйымдастырылды.
Қос өнер иесінің құрметіне ашылған көрмеге мұражай және отбасылық меншіктен көптеген туындылар қойылған. Оның 36 шығармасы Мәжит Бараисовқа тиесілі болса, 42 туынды Ғани Ілияевтың қолтаңбасы екен.
Қуаныш Сүлейменов, суретші: «Бұл кісілердің еңбегі өте көп. Біз тек жартысының жартысын ғана жинадық. Іс-шараның негізгі мақсаты жастарға насихаттап, өнерге баулу».
Бүкілодақтық көрмелерге қатысқан суретшілер одағының мүшесі Ғани Ілияев қолөнер саласының маманы. Ою-өрнектері республика мұражайларында сақтаулы. Көзі тірісінде ұстаздық еткен ол көркемсурет мектебін ашуға да ат салысөан болатын. Сондықтан болар, ұрпағы әкелеріне қандай құрмет көрсетсе де жарасады дейді.
Бақтияр Ілияев, Ғ.Ілияевтың ұлы: «Өмірде өзімнің әкем сияқты адамды әлі кезіктірмедім. Талантты, талапшыл жан. Өнерге ғашық».
Облыстық суретшілер одағының негізін қалаушылардың бірі, әскери және мерекелік 12 медалімен марапатталған Мәжит Бараисовтың да туындылары бар мұнда. Қаламының бояуынан танитын көрермендері көптеп жиналыпты. Осылайша, өнер иелеріне құрмет көрсетілді. Ұлыстың Ұлы күні қарсаңында ашылған көрме, наурыздың соңына дейін жалғасады.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=bdAV3MqPS-o[/youtube]