Көрмеге алғаш рет келген қала тұрғыны үшін бүгін ерекше күн

25

Шымкентте республика күніне орай қала әкімдігінің ұйымдастыруымен өңірлік тауар өндірушілердің көрмесі басталды. 2 күнге жалғасатын шарада жергілікті кәсіпкерлердің өнімдері халық назарына ұсынылып, кеңінен таныстырылады. Онда азық түліктен бастап, дәрі -дәрмек, медициналық жабдықтар, және өзге де күнделікті тіршілікке қажетті заттар бар.

Қалалық көрме орталығына бүгін бас-аяғы 70-тен астам кәсіпорын өз өнімдерін көпшілікке ұсынды. Осы ретте қала әкімі көрмеге келіп, отандық кәсіпкерлердің жұмысымен егжей-тегжейлі танысып шықты.

Көрмеге қатысушылардың қатарында 2005 жылы құрылған Қазақстандағы алғашқы медициналық жабдықтар мен техникалар шығаратын кәсіпорын бар. Өндіріс басшысының айтуынша, қазіргі таңда зауыт тауарлары Қазақстаннан бөлек, Ресей, Африка мемлекеттеріне экспортқа шығарылады.

Қаныбек Қанатбекұлы,  «QMP QazMedPribor» ЖШС директоры: «Бұл стендта көрсетілген монитор аппараттары, ЭКГ, ИВЛ аппараттары, бұның бәрі Шымкент қаласында өндірілген. Меджабдықтар мен техникалар сұраныс болған соң елімізді экономикалық жағынан көтеру үшін басталды.  Бағасы 100 мыңнан басталады 200 млн-ға дейін барады».

Мұндай көрмеге алғаш рет келген қала тұрғыны Бақыт Исмаилов үшін бүгін ерекше күн. Оның айтуынша, мұндағы тауарлардың сан алуандығымен көзге түседі.

Бақыт Исмайлов,  Шымкент қаласының тұрғыны: «Кілемді көрдім, кілем енді қолжетімді бағада екен. Мынау жақта аяқ киімдер бар екен. Бағасы 30-31 мың деп жатыр. Біреуге қолжетімді, біреуге қолжетімсіз. Әркімнің жағдайы әр түрлі ғой».

Көрменің мақсаты – мұнда шақырылған тауар өндірушілердің өнімдеріне жаңа серіктестер таба отырып, өзара тиімді келісімдер орнатуға мүмкіндік жасау. Осылай деген қала әкімінің орынбасары Айдын Мейрамбекұлы аталған көрменің кәсіпкерлер мен қала халқы үшін тиімділігін атап өтті. Сондай-ақ ол қала кәсіпкерлерінің басты мәселелерін де назардан тыс қалдырмайтынын жеткізді.

Айдын Кәрімов, Шымкент қаласы әкімінің орынбасары: «Шымкент қаласының халқын өзімізде өндірілетін өнімдермен таныстыру, екіншіден өзімізде осы өнімдерді қарап, әр өндіруші кәсіпорын иесімен сөйлесіп, қандай мәселелер барын талқылап, шешу жолдарын ойластырамыз. Сондай ақ  бос жұмыс орындары көп, соған мамандарды даярлау, экономикалық аймақта орналасқаннан кейін кішкене қаладан алшақ болдық. Соның тасымал мәселесін көтерді және 100-ге жуық бос орын бар екен тігіншілерге, соларды қалай дайындаймыз. Оларды қалай әкелеміз және ұсынылып отырған жалақылары да аз емес 200 мыңға дейін төлеуге дайын. Сол себепті сондай мәселлерді біз бәрін жинақтап, бүгін ертең талқылап, қорытындысы бойынша қандай көмек көрсету жөнінде ойластырамыз».

Айта кетейік, 27-28 қазанда таңғы 9:00-ден кешкі 18:00-ге  дейін өтетін тауарлар жәрмеңкесінде тоқыма, фармацевтика, машина жасау, жиһаз, химия, тамақ өнеркәсібі және құрылыс индустриясы кәсіпорындарының өнімдері ұсынылады.