Банктерге қашанғы жем боламыз?

Банктер несие пайызын неге түсірмейді?

Ақша жүрген жерде адалдыққа орын жоқ деген екен бір данышпан. Айтса айтқандай-ақ ақшаны көріп жолдан таятындар өзге түгілі өзінің арын сатып жіберуге бар. Қазір мұндайлар тіпті көбейіп кетті. Жемқорлыққа салынып, халықтың там-тұмдап берген салығын, мемлекеттің үйіп-төгіп берген қаржысын оңды-солды шашатындар жайлы күніне он мәрте естімесек құлағымыз елеңдейтін халге жеттік.

Банктер несие пайызын неге түсірмейді?
Банктер несие пайызын неге түсірмейді?

Жемқорларды қойшы, ұсталғаны ұсталып, ұсталмағаны ұры емеспін деп шіреніп жүр. Ал енді заң-зәкүннен аттамайды ғой дейтін банктердің өзі жиған-тергенімізді кенеше сорып жатқанын көргенде не деріңді білмейді екенсің. Кімге шағым айтып, кімге жүгінерің белгісіз. Себебі бәрі банктің жағында. Мемлекет те, басқасы да. Қазақстандағы банк жүйесі бүгінде халықты қанаудың мәдениетті амалына көшкен. Үкіметті өз дегеніне көндіріп, халықты алаңсыз қанайтын заң тетіктерін бекіттіріп алған. Осылайша пайыздық үстемені адам шошырлық деңгейге жеткізді. Ақшадан қиналған халық амалсыздан солар белгілеген тәртіпке көніп, екі есе қайтарымы бар несие алуға мәжбүр. Қайтармасаң кепілге тіккен үйіңе, тамағың мен жүріп-тұруыңнан артылмайтын айлығыңа ауыз салады.

Пайыздық ставкалары қайсысына барсаң да ең кем дегенде 12%-дан асып жығылатынын айта кетейік.

Халық алған қарызын қайтармаймын демейді, қайтаруға шамасы келмей жатыр. Себебі нарық күн сайын емес сағат сайын қымбаттайтын болып алды. Жалақы көтеріледі екен деген сыбыс шығысымен базардан бастап жолкіренің құнына шейін аспанға атқылайды. Ақша сабан осылайша шашылып, ақырында байғұс халық ақшасын неге жұмсағанын таба алмай, қалғанын діттеген мақсатына жеткізе алмай қор болады. Несиені төлей алмаудың арты кейде қайғылы жағдайға апарып жүр. Төлей алмайтынын біліп тұрып неге алды екен деп жазғырамыз ғой. Басымызға іс түспей ештеңенің байыбына бара бермейміз. Мұқтаждық пен мәжбүрлік не істетпейді дейсің адамға. Ал банктер болса қоғамдағы осы мәжбүрлік пен мұқтаждықты жақсы пайдаланып отыр. Әділетсіз әрі арсыз түрде.

Еліміз банкке кенде емес. Үлкені бар кішісі бар Қазақстанда 37 коммерциялық банк жұмыс істейді екен. Оған үлкен қалалардан бастап шағын қыстақтарға дейін шашылған бөлімдерін қоссаңыз халықты ақшамен алдап, арбайтын, соңынан өктем-өктем мінез көрсетуге көшетін ауқымды жүйені көресіз. Банктердің басты пайда көзі – несие. Сол үшін яғни халықты, кәсіпкерлерді өзінен несие алдыру үшін қаржы ұйымдары неге болса да бара береді. Әртүрлі жеңілдіктерді, бонустарды, төменгі пайыздарды айтып алдап, жарнамалап, елдің миын улап жіберген. Қитұрқылықтың неше атасын меңгерген олар нанын әзер тауып жүрген кедейді де, ақшасын қайда шашарын білмей жүрген байды да аямайды. Аяушылық былай тұрсын шамасы келсе соттатып жібергісі келеді. Қарызын бергісі келмейтіндерге сабақ болсын деп.

Осы мақаланы жазбас бұрын түрлі банктердің ресми сайттарына кіріп, несиелердің пайыздық үстемесіне аз-кем шолу жасап, сараптап көргенбіз. Жағамызды ұстадық. Мәселен, БТА банкінің «Жедел жалақылық» деп аталатын несие бағдарламасының жылдық үстемесі 24%-дан асса, «Жедел баламалы» деп аталатын түрі 29%-дық үстемеден басталады екен. Бір сөзбен айтқанда БТА-ның несиелік бағдарламаларының көпшілігінде пайыздық ставка 20%-дан төмен емес.

Одан өзгесі де жетісіп тұрған жоқ. «Жеке қолма-қол» аталатын несие бағдарламасының пайыздық ставкасы 23-25%, «Оңай экспресс» бағдарламасы арқылы қарыз алсаңыз жылына кем дегенде 17-18% аралығында үстеме қосып бересіз. Автокөлік алам дегендерге үстеме 13-15% аралығында. Ал «Альянс банктің» кезек күттірмейтін қажеттіліктерге деп айдар таққан несие бағдарламасы 13%-дан бастап 23%-ға дейінгі үстемені құрайды. Аталмыш банктің «Корпоративтік» несиесін алам деушілер 23%-дан асатын үстеме төлеуге дайын болуы шарт.

Тағы бір айта кететін нәрсе Еуропаға қарағанда біздер ипотекалық несиеге 4–5 есе көп төлейді екенбіз. Еуроодақ елдерінің көпшілігінде жылдық өсім 3,5%-дан басталады. Мысалы, испандықтар ипотекалық несиені 4,25-4,5% жылдық өсіммен алады. Кипрдің гректер жағында шамамен 7% кипр фунты және 5% еуро. Өмір сүру өте қымбат Ұлыбританияның өзінде ипотека – 5,7-ден 6,9% фунт стерлинг, Болгарияда – 8,9% доллар, Әмірлікте – 6,7%-ды құрайды екен.

Бұдан өзге «Еуразиялық», «Халық» банктерінің несие шарттарын зерттеп көрдік. Барлығының пайыздық үстемесі жоғары. Мұның барлығы тек қана жеке тұлғаларға берілетін, шағын және орта сомадағы экспресс несиелер екенін айта кетейік. Ал енді осы екінші деңгейлі банктердің ипотекалық несие шарттары өз алдына бөлек әңгіме. Әрқайсысының жасап алған талабы бойынша сатып алатын үйіңнің кем дегенде 15%-дан асатын алдын ала төлемін жасауың керек, одан қалса банктің көрсеткен қызметіне комиссиялық төлем жасайсың, сосын саған банк қажет деп тапса қалған бөлігін береді. Пайыздық ставкалары қайсысына барсаң да ең кем дегенде 12%-дан асып жығылатынын айта кетейік. Төлем қабілетіңді тексереді, сосын алатын үйіңді кепілге қоясың. Алда-жалда төлей алмай қалсаң ары кетсе 1-2 ай күтуі мүмкін, сосын баспанаңды сот арқылы тартып алады. Оны басқа бір клиентке сатады. Ол да төлемнен қиналып жатса кезекті мәрте тартып алу банк үшін сөз емес. Егер ипотекалық несиені 10 жылға алсаңыз сол уақыт аралығында үйіңіздің бастапқы құнындай мөлшерде яғни 100%-дан астам үстеме төлейсіз. 20 жылға алсаңыз тіпті көп. Мінеки, банктердің халықты қалай қанап жатқандарының кішкентай ғана мысалы.

Тағы бір айта кететін нәрсе Еуропаға қарағанда біздер ипотекалық несиеге 4–5 есе көп төлейді екенбіз. Еуроодақ елдерінің көпшілігінде жылдық өсім 3,5%-дан басталады. Мысалы, испандықтар ипотекалық несиені 4,25-4,5% жылдық өсіммен алады. Кипрдің гректер жағында шамамен 7% кипр фунты және 5% еуро. Өмір сүру өте қымбат Ұлыбританияның өзінде ипотека – 5,7-ден 6,9% фунт стерлинг, Болгарияда – 8,9% доллар, Әмірлікте – 6,7%-ды құрайды екен. Екінші деңгейлі банктерінің өзінде осындай. Ал біздегі жағдай бәріңізге таныс.

Жалпы, еліміздегі банктердің жылдық пайыздық ставкаларының тым жоғары екендігі жайлы аз айтылып жүрген жоқ. Әсіресе шетелдердегі банктермен салыстырып, зығырданымыз қайнап жатады. Расымен де байқасақ, көптеген мемлекеттердегі банк-тер біздікілер сияқты құнығып, ақшаның соңынан алаөкпе боп қуып жүрген жоқ. Лажы болса халыққа ыңғайлы жағын іздеп әлек. Пайыздық үстемелері де құлаққа кіреді, ары кетсе 4-5%. Ал біздікілер солардан 4-5%-ға несие алып, халыққа 20-30%-дан таратып жатыр. Ашкөзденіп тұрып. Мұның барлығын билікте отырған ақбас депутаттар, Үкіметтегілер көрмей, білмей отыр дей алмайсың. Біледі. Білгенімен солардың ығына жығыла береді. Елдегі қаржы тұрақтылығын сақтаймыз, шағын және орта бизнесті дамытамыз деген желеумен осы уақытқа дейін банктердің ұсынған шарттарының барлығын мақұлдап келеді. Жоғары жақтан жасыл жанған соң қаржы ұйымдары елді қанаудың «крест жорығына» алаңсыз кіріседі.

Соңғы кездері елімізде ауылшаруашылығын дамыту мақсатына бағытталған несиелік ұйымдар құрылып, ауылшаруашылығының әртүрлі салалары бойынша несие беруді көбейтті. Соның арқасында біраз шаруашылықтардың аяқтан тұрып жатқанын да айтпай кетуге болмас. Дегенмен бұл бағыттағы несиелердің де әділ түрде үлестірілмей жатқанын байқау қиын емес.

Мәселен, «Ауылшаруашылығын қаржылай қолдау қорының» шаруа қожалықтары мен фермерлік шаруашылықтарға, жеке кәсіпкерлерге етті, асылтұқымды мал басын көбейтуге, агроөнеркәсіп кешені субъектілерін ірі қара малдың аналық басын және бұқа-өндірушілерін сатып алуға бағытталған «Сыбаға» атты несиелік бағдарламасы бар. Бұл бағдарламаның шарты бойынша несие алуға өтініш берген адамның малды ұстау үшін жайылымдық жерінің болуы, жалпы ірі қара малдың яғни өзінің және сатып алынатын ІҚМ ішінде 25%-ы көлемінде өз ірі қара малының, сол малы сиятын қора-жайдың болуы шарт. Сосын алатын несиенің көлемінен асатын жылжымайтын не жылжымалы мүлкі болуы керек. Мұның бәрі болмаса несие берілмейді. Байқап отырғаныңыздай бағдарлама тек жағдайы жақсы шаруа қожалығына, мыңғырған малы, кең қора-қопсысы, үлкен жайылымды жері бар, алатын несиесіне кепілге қояр қымбат мүлкі барларға ғана арналып жасалған. Сол баяғы бай байға, сай сайға құятын ескі жүйе. Бұл несиелік бағдарламадан қарапайым халық пәлендей пайда көріп отырған жоқ. Себебі оның жағдайы жоқ. Ал жағдайымды түзейін, іспен айналысайын деп несие алуға өтініш білдірсе «сізге бере алмайды екенбіз» деп сыпайы шығарып салады.

Байқап отырғаныңыздай бағдарлама тек жағдайы жақсы шаруа қожалығына, мыңғырған малы, кең қора-қопсысы, үлкен жайылымды жері бар, алатын несиесіне кепілге қояр қымбат мүлкі барларға ғана арналып жасалған.

Біле білсек, елдегі ірі шаруа қожалықтары мен фермерлердің дені сонау Кеңес үкіметі кезінде мемлекеттің қойын, сиырын бағып, жырымшылап жүріп өз малының басын көбейтіп алып, тәуелсіздік алған тұста үлкен-үлкен жайылымдар мен қора-жайларға иелік етіп қалғандар еді. Одан қалса ақшасын қайда шашарын білмей жүрген байшыкештер мен жаңа қазақтар. Бұлардың банк қызығатындай жағдайлары бар. Одан қалса кепілге қоятын мүлкі де қомақты . Сосын несиені осыларға бермегенде кімге бере қойсын?! Ал кедей-кепшікке көз қылып, елмен етене жұмыс жасап жатырмыз деп, оның үстіне мемлекет алдында жақсы атты көрініп қалу үшін аз-маз несие берген болады. Онысын алаулатып, жалаулатып, телеарналарды шақырып бүкіл елге өзін жарнамалап қалуға тырысады. Сосын бәріміз ойлаймыз, ойпырмай, расында да жақсы бағдарлама екен, халықтың күйін күйттейтін, кедейдің қамын ойлайды екен ғой» деп. Ал шындығында олай емес болып жатады.

Бұдан шығатын қорытынды мемлекет кедейлердің аяқтан тұруына әлі де болса қол үшін бере алмай келеді. Бергісі-ақ келеді, бірақ банктерге кедейден гөрі дәулеттілермен жұмыс істескен әлдеқайда тиімді. Сол себепті де шарттарын өздеріне барынша ыңғайлы етіп, кедейдің қолы жетпейтін, байдың бағын одан әрі аша түсетіндей етіп жасап қойған. Осыдан кейін ауылдағы қара халық әлгі байшыкештерге жалданып бәз-баяғы бір сиыр, екі ешкісін бағып, бірде аш, бірде тоқ тіршілігін жалғастыруда.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

P.S. Қалай десек те халыққа несие керек. Бірақ қандай несие? Мемлекет беретін қарызын екі-үш есе өсіммен қайтарып алатын болса онсызда дағдарыстан титықтап отырған халқына жасаған қайыры осы ма? Халық қолжетімді, үстеме пайызы төмен несие алғысы келеді. Сол арқылы тірлік бастап, жұмыс істеп, тұрмысын жақсартқысы келеді. Мемлекет болса әлі күнге ондай жағымды несиелік орта қалыптастырып бере алмай отыр. Сөйте тұра өзге мемлекеттерге біздің банк жүйеміз қарқынды дамып кеткен деп мақтануға әуес. Ал әзірге қарапайым қазақтың айлығы мен несиесінің ара салмағы, төлем пропорциясы сәйкес келмей тұр.

 

Ирак Елекеев
Ирак Елекеев

Ирак Елекеев, саясаткер, қоғам қайраткері

– Біздегі кәсіпкерлер банктен 3 миллион АҚШ долларынан астам қарыз алса ғана өсім 9-12% шамасында болады. Олай болса, шағын және орта бизнес қалай күн көреді? Осындай жағдай ипотекалық нарықта да қалыптасып отыр Қазақстандағы банктердің қожайындары кімдер екендіктерін білетін кез келді. Кім халықтың арқасында қалай байып жатқанын халық білсін. Ұлттық банк екінші деңгейлі банктерді өсімді төмендетуге немесе республиканың әлеуметтік жағдайы ауыр жігіне материалдық көмек көрсетуге мәжбүрлеуі қажет.

 

 

Ораз БАЙМҰРАТОВ
Ораз БАЙМҰРАТОВ

Ораз БАЙМҰРАТОВ, экономика ғылымдарының докторы

– Біздің елімізді Ислам қаржы жүйесіне көшіру керек. Себебі ипотека несиесі, өсімі бар несие дағдарысқа апаратынына кө­зіміз жетті. Осы уақытқа дейін АҚШ несиелеу жағынан 1 орында болды. Аяғы не болды?  Қазір бүкіл әлем мойындап отыр. Меніңше, еліміздегі бір банк осы ислам жүйесін қолға алса. Тәжірибе үшін. Бұл біздің еліміз үшін өте тиімді жол. Мәселен, Малайзия мемлекетін қараңыз. Қалай дамып келеді.Малайзия исламдық жүйені таңдады.