Кәмелеттік жасқа әлі толмаған бойжеткен Айтолқын Әли 16 жасында ересек адам шыдай бермейтін қиындықтарға мойынсұнып келеді. Тағдыры сындарлы. Жастайынан туған анасынан зәбір көрген. Арақтың құрсауына түскен анасы осы күнге дейін бауыр еті баласының маңдай терімен тапқан табысының тиын тебеніне дейін алып қойып, нәпсіқұмарлығына жұмсайды. Ақыр аяғында мұндай зомбылыққа шыдай алмаған Айтолқын үйінен қашуға мәжбүр болған.
Өмірмен қош айтыспақ болған сәтінде қызға көпбалалы ана Ханымкүл Бисебаева кездесіпті. Жалғыз өзі 5 бірдей бүлдіршінді өсіріп отырған ана бойжеткенді өз панасына алады. Кейіннен Айтолқын бейімдеу орталығына жеткізіліпті. Бірақ, мұнда да қиындықсыз болмаған.
Кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығындағы жағдайды Айтолқын Алидің өзі де растап отыр. Сөзіне сенсек, онда бойжеткенге дүрсе қоятындар жеткілікті екен. Ол аздай ыстық тамақ ішпей аш құрсақ жүретін кездер де жоқ емес.
Мұны естіген біз бейімдеу орталығына хабарластық. Ондағылар бізбен сөйлесуден бас тартты. Кеше ғана өздері ата-анасы тастап кеткен балалар бойынша шақырған қонақтарды бүгін есіктен кіргізуге рұқсат жоқ болып шықты.
Бізге белгілісі, бүгінде кәмелетке толмағандарды бейімдеу орталығында 46 бала бар. Оның 10 шақтысы 3 пен 6 жас аралығындағы сәбилер. Ал балалар құқығын қорғау департаментінің мамандары осы күнде Айтолқынның туған жері Махтарал ауданында. Безбүйрек ана қалған 7 баласына қатысты да құқығынан айрылуы мүмкін.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=iQssB5cS1wQ[/youtube]