Имам болу оңай емес

Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары
Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары
Мұхамеджан ЕСТЕМІРОВ, ҚМДБ-ның ОҚО бойынша өкіл имамының орынбасары

– Мұхамеджан аға, ҚМДБ-дағы ауыс-түйістердің дүбірі басылмай жатып-ақ Сайрам ауданынан ши шықты. Басқа-басқа халықты дінге шақырушы имамның арсыз әрекетін жазғырушылар көп…

– Рас, жағдайды естіп бәріміз есеңгіреп жатырмыз. Имамдарға да оңай тиген жоқ. Жүректі ауыртатындай-ақ жағымсыз жағдай. Ең әуелі ол жігіттің ҚМДБ-ға имам ретінде тіркелмегендігін айта кеткіміз келеді. Баспасөз мәслихатын өткізгендегі мақсатымыз да сол еді. Аудандық ішкі істер бөлімі бұқара халыққа имам деп жариялап жіберіпті. Біздің анықтағанымыздай, оны имамдыққа ұсынып, әспеттеп жүрген жергілікті жамағаттың өзі екен. Әрине, ҚМДБ-ның рұқсатын алып, дін қызметкері деген құрметті атауды иелену оңай шаруа емес. Оған жүктелер міндет салмақты. Біз әуелі назарымызға іліккен діндардың құжаттарын ҚМДБ-ның сараптау комиссиясына жібереміз. Онда үміткердің барлық жағдайы жіті зерттеліп, зерделенеді. Мәселен, бұрын сотталмаған, қандай да бір ауру белгілері болмауы, білімді, тақуалығына ерекше мән беріледі. Міне, осындай талаптардан өткеннен кейін оған бұйрық шығады. Елді шулатқан жігіттің жүйке жүйесі бұзылған деген күдік бар. Соңғы кездері отбасының да шырқы бұзылып жүрген сыңайлы. Негізінен, кәмелетке толмаған қызға есі кететіндер ауру адамдар емес пе? Бір айта кететіні, Қайнарбұлақтағы мешіт өткен жылы күзде ашылған. Мамандардың жоқтығынан оған әлі ешкімді ресми бекіткен жоқ едік.

– Азғындық әрекет жасаушыларға ауыр жаза керек сияқты. Халықтың алдында тасборан ету керек дейтіндер де табылады. Шариғат заңдары бойынша жазаласақ қалай? 

– Бәрімізге мәлім, мемлекетіміздің ұстанған бағыты зайырлы. Бітім-болмысымызға сай қабылдаған заңдарымыз бар. Сол себепті, әрбір азаматтың құқығы заң шеңберінде қорғалады. Қазіргі жағдайда шариғи заңдармен жазалау қисынсыз. Түптеп келгенде ұлттық салт-дәстүрлеріміз Ислам дінімен сабақтасып жатыр емес пе? Жалпы, шариғат заңдарының діңгегі бес амалдан құралады. Әуелі Құранның үкіміне жүгініп, құдси хадистерге тоқталамыз. Одан кейін ижма, қияс және ғұрып әдет. Ижма – Пайғамбардан кейінгі (с.ғ.с.) сахабалар мен табиғиндердің шығарған үкімі болса, қияс ілімі – бүгінгі мүфтилердің шығарған пәтуалары. Осы заңдылықтар негізінде, қазіргі жағдаймен салыстыра отырып, үкім шығарылады. Көптеген асыл құндылықтарымыздың түп тамыры шариғаттан алынғандығын біле бермейміз өкінішке қарай.

– Айтыңызшы, имамдардың имиджін қалай көтереміз? Біздің діндарлар қаншалықты жұрттың көңілінен шығып жүр? 

– Имамдар өзге жұрт сүйсінетіндей тұлға болуы керек қой. Табиғаты адами қасиеттерге тұнып тұрса. Жұрт үлгі алатындай, бой түзейтіндей мінез-құлыққа ие болса дейсің. Жүріс-тұрысы, сөйлеген сөздері көңілге қуаныш ұялататындай болуы ләзім. Бүгінгі имам шариғат ілімімен қатар, ғылым мен технологияның жетістіктерін игеруі тиіс. Сонда ғана нағыз діндар, имам деген атқа лайық болмақ. Өйткені қасиетті Құран Кәрімнің жеті жүз он жерінде білім алудың артықшылығы хақында айтылған. Білім арқылы замана көшіне ілесіп, өркениетке жете алмақпыз. Шүкір дейік, бұрынғыға қарағанда қазір жағдай біршама түзелді. Атына заты сай діндарларымыз баршылық. Мінеки, ҚМДБ-ның бір бағыты имамдардың имиджін көтеруге бағытталып отыр. «Дұшпаныңның сүйініп, досыңның күйінетін» сәті ғой қазір. Бір кісінің жеке басына қатысты әрекеті үшін барлық діндарларды айыптау орынсыз.

– Әбсаттар қажы Дербісәлі хазірет ҚМДБ-ның төрағалығында аз отырған жоқ. Дегенмен, ол кісінің муфтиліктен кетуін кейбіреулер діни ахуалдың шиеленісіп тұрғандығымен байла- ныстырады. 

– Жақсының жақсылығын айту ләзім. Дініміздің көркеюіне бұрынғы мүфтидің қосқан үлесі мол. Бірқатар министрлер мен елшілерді тәрбиелеген ұлағатты ұстаз. Қаншама имамдарымызға жол көрсетті. Жансейіт Түймебаев, Мұхтар Құл-Мұхаммед, Қайрат Лама Шәріп сынды биліктегі азаматтар сол кісінің шәкірттері. Төрағалықтан кетер алдын Елбасының қабылдауында болып, бұдан былай түбегейлі ғылыммен айналысқысы келетінін айтты. Елбасының өзі еткен еңбегін бағалап, жұмысына сәттілік тілегені мәлім. Енді, міне, Шығыстану институтының директоры болып тағайындалды. Ашығын айту керек, Әбсаттар қажының тұсында бірқатар ауқымды істер жүйеленді. Мешіт-медреселердің саны артты. Діни қызмет жөнінде заң қабылданғанын білесіздер. Мәлім болғандай, биыл Астанадан Ислам университеті ашылайын деп жатыр. Қуантарлығы, еліміздегі діни ахуал тұрақты.

– Елімізде дін мемлекеттен бөлек дегенімізбен, мемлекет діннің ісіне араласуға мәжбүр. Бұл неліктен деп ойлайсыз? 

– Әуелі жағдайдың ара-жігін ажыратып алсақ. Мемлекет діннің ішкі жұмыстарына араласпайды. Тек бағыт-бағдар беріп, үйлестіріп отырады. Одан кейін бақылап отыру да биліктің құзырындағы мәселе. Ел басшылары шариғат мәселелеріне араласып, имамдарды тағайындап жатқан жоқ қой. Одан бөлек, ҚМДБ-ға мемлекеттен мүлдем қаражат бөлінбейтіндігі бар.

– Әңгімеңізге рахмет!

Сұхбаттасқан – Тағабай ҚАСЫМ