Енді бір он күннен кейін Оңтүстікте шегіртке қаптауы мүмкін. Республикалық фитосанитариялық диагностика және болжау орталығының мамандары осылай деп қауіптеніп отыр. Олар алғашқы тексерулерін жүргізіп, нәтижесін білгенде жағаларын ұстаған. Себебі — жазда жерге тасталған шегірткенің жұмыртқалары түгелдей дерлік сақталыпты.
Жердің астындағы балшық қуыстарында мароккалық шегірткенің дернәсілдері қыс бойы аяздан тығылып шықты. Анарбек Төлебеков ауылшаруашылығына қауіпті осы бір жәндіктерді 40 жылдан бері зерттеп келеді. Айтуынша, биылғы қыс жәндіктер үшін жайлы болыпты. Осылайша жердің қуысына тығылған дернәсілдердің 98 (!) пайызы сақталып қалған.
Енді солардың барлығы сәуірдің 10-11-іне қарай тіріле бастайды деген қауіп бар. Ал тағы он күннен кейін шегірткелер жаппай жердің бетіне шығуы мүмкін. Сондықтан дәл қазір дәрі себудің маңызы зор.
Егер алдын алу жұмыстарын неғұрлым дер кезінде әрі сапалы жүргізілсе, жүз мың гектардан астам жердегі егіс пен шабындықтың өсімі де соғұрлым бітік болмақ.
Орталық мамандарының айтуынша, Оңтүстікте шегіртке кемірген жердің көлемі жыл өткен сайын азайып келеді. Биыл 123 мың гектардан астам аумақты дәрілеу жоспарланып отыр. Бұл — өткен жылғымен салыстырғанда 6 мың гектарға кем. Яғни, шегіртке жылдағыдан аз аймаққа дәрнәсілін шашқан деген сөз.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=jXsw0RRgIM8[/youtube]