Заңгерлер қоғамдағы міндеті мен жауапкершілігін түсінбейтін секілді. Бұл туралы бүгін облыстық әкімдікте өткен заңгерлер форумында айтылды. Жиналғандардың сөзінше бұл мамандар халықтың құқықтық сауаттылығын арттыруы керек. Енді мұнымен оңтүстікте бүгін ғана құрылған заңгерлер одағы филиалының өкілдері айналыспақ.
Дербес ұйым болып енші алған заңгерлер Одағының филиалы табандылықпен жұмыс жасамақ. Алғашқы конференциясының өзінде өзекті мәселелерді талқылады. Ең бастысы халықтың құқықтық сауаттылығын көтеруге ат салысса дейді билік.
Сапарбек Тұяқбаев, ОҚО әкімінің орынбасары: «Көбіміз заңды, ондағы өзгерістерді білмей, білсек түсінбей жатамыз. Сол себепті заңгерлердің көмегі қажет. Әсіресе, жеке кәсіпкерлерге қажет. Олардың үлкендерінде жеке заңгерлері болса, орта және шағындарында мүлдем жоқ. Сол себепті одақтың филиалы түрлі тақырыптарда кездесулер, түсіндірме жұмыстарын жүргізсе деп ойлаймын».
Филиалға сауатты әрі беделді заңгер Мэлс Сейтжанов төрағалық ететін болды. Мүшелері деп, алдын ала дайындалған тізімдегі заңгерлердің аты-жөнін атағаны сол екен, залдан шу шықты.
Өздерінің ұсыныс тілектерімен тоғыз адамды мүшелікке, үш адамды тексеру комиссиясына сайлады. Ал Одақтың жұмыс жоспарындағы қайрымдылық деген пунктінен шошынған заңгерлердің дауына нүктені халық халаулысы қойды.
Өмірзақ Мелдеханов, облыстық мәслихаттың депутаты: «Қайрымдылық деген сөзден неге қорқу керек? Ол әрбір заңгер қарапайым тұрғынға тегін кеңес берсе, соның өзі қайрымдылық болып есептеледі. Сондықтан қорықпай, қайта нық сеніммен халыққа көмектескен дұрыс».
Заңгерлер Одағының облыстағы филиалын іздесеңіз, әділет департаментінің ғимаратынан табасыз.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=LBlOBCcKb8E[/youtube]