Қолыма қалам алып, осы мақаланы жазуыма республикалық бір телеарнаның 1 сәуірдегі кешкі жаңалықтарында қалың қауымға қазақ тілінде көрсетілген, яғни елімізге белгілі, атышулы цирк иллюзионисті Алтынай Байтоқанованың мезгілсіз қаза болып, оны жерлеу рәсімінен дайындалған сюжеті түрткі болды.
Шындығын айтсам, марқұм болған өнер қайреткерін жақсы білмейді екенмін. Алайда телеарна таратқан ақпаратқа қарағанда, жаны жаннатта болғай, ол кісі өзінің қайталанбас өнерімен, еліміз түгілі сырт елде де белгілі цирк иллюзионисті болған екен.
Марқұмның жаназасына келген адамдардың арасында, елімізге белгілі өнер қайраткерлері болып, олардың ішінен Мәдина Сәдуақасова, Ақбота Керімбекова, Қымбат Әбілдина секілді өнер жұлдыздары, дүниеден ерте озған Алтынай қарындасыма қатысты, оның өнер жолында жасаған игі істері жайлы айттып жатты, әрине оны құптауға болады.
Көңілге кірбің түсірген жәйт, марқұмның жаназасын мұсылман шариғаты талаптарына сай оқып, сүйегін жерлеуге алып бара жатқанда көрініс тапты. Ал бұл мән-жайды тележүргізуші дүйім жұртқа жаңалық ашқандай жария етті.
Яғни, жүргізуші қыз: «…әріптестері мен бауырлары, сондай-ақ жаназаға келген қалың қауым марқұмды ақырғы сапарға соңғы ду қол шапалақпен шығарып салды» – деп қасиетті қазақ халқына, бүкіл мұсылман дініне жат болған келеңсіз әрекетті жариялағанда, таң қалып, жағамызды ұстадық.
Сол жаназаға қатысқан елімізге белгілі өнер қайрткерлері мен зиялы қауымның, сондай-ақ, марқұмның жаназасын оқыған молданың арасынан біреуі шығып, біздің дінімізге қайшы болған жәйттің алдын алып, жолын кесіп, тыюға қатысты бір ауыз сөз айтқанда, мүмкін мұндай келеңсіз хабар телеарна арқылы бүкіл қазақ тілді қауымға жария болмас па еді. Бірақ, мұндай сөздің айтылмағаны анық.
Меніңше, олардың бұл әрекеті Ресей өнер қайраткерлерінің о дүниелік болған әріптестерін соңғы сапарға шығарып салудағы дәстүрге айналған салтын көріп, бізге мүлдем жат ғұрыпқа еліктеу әсерінен келіп шыққан деп ойлаймын. Ал енді осындай сорақылық болашақта қалыпты жағдайға айналмасына кім кепіл?!
Еліктеудің де шегі болатын шығар, қара көздеріміздің өзге дінге кіріп, шоқынған аздай, енді міне елімізге белгілі өнер қайраткерлері, осындай «жаңалық» ашып, бүкіл елге жария етіп жатса, соларға қарап бой түзеп, еліктейтін, ізімізге ерген жастарымыздан қандай үміт, нендей қайыр күтуге болады?!
Егер сол болашақ жастарымыз «Валентин күнін» төл мерекемізден артық тойлап жатса, біз кімді кінәләуіміз керек? Әрине зиялы қауым мен алдыңғы толқын біз, ағалар ғана кінәліміз, осындай сорақылыққа дер кезінде тосқауыл болмай, қайта оның етек жаюына жол беріп жүрген.
Бетін аулақ қылсын, ертең майталман, елге белгілі әншілеріміз о дүниелік болса, түргеліп тұрып қол шапалақтауымыз, бишілеріміз қайтыс болып жатса, қисаңдап билеуіміз, сырнайшымыз қаза болса, сырнай шертуіміз керек пе екен. Ойланайық ағайын.
Хакім Абайдың: «Туғанда дүние есегін ашар өлең, Өлеңмен жер қойнына кірер денең» – деген өлең жолдарын олар дұрыс түсінбей жүрген болар. Кемеңгер ақын осы бір шумақ өлеңімен, нәресте дүниеге анасының әлдиімен келіп, демі бітіп, о дүниелік соңғы сапарға аттанарда, жақын ағайын-туғандарының, бауырларының оны жоқтауын меңзеп отыр емес пе?!
Сол күнгі сюжетте марқұмның бауырларының жоқтауы да есітіліп тұрды. Өкінішке орай, марқұмға арналған жоқтау, жаназаға қатысқан өнер қайраткерлерінің шапалағынан мүлдем естілмей қалды.
Осындай келеңсіз жәйттерден, Қазақстан діни басқармасының жаңа басшысы сабақ алып, болашақта болдырмаудың жолын қарастырса, ал көпшілік қауым дінімізге, ділімізге жат қылықтан аулақ болып, жастарымызға үлгі болса дер едім.
Ыбырай қажы Мәтібаев,
ОҚО сотының апелляциялық сот алқасының судьясы,
ҚР Прокуратурасының құрметті қызметкері