Шымкенттік полицейлер қайтыс болған әріптесінің шаңырағына барды

284

Шымкентте Әл-Фараби ауданы полиция басқармасының қызметкерлері қайтыс болған әріптесінің жанұясын жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Тоғыз жыл бойы бірге жұмыс істеген марқұм Нұрболат Тастемірұлының қамшының сабындай қысқа ғана ғұмыры біраз адамға үлгі боларлық.

Қызметін асқан жауапкершілікпен атқарып, қызметтестеріне үлгі болып келген ол отбасын да ешқашан естен шығармаған.

Нұржігіт Палжігітов полиция саласында 9 жыл бойы абыройлы қызмет атқарған. Жанындағы әріптестеріне сыйлы болған пагонды балаларына үлгілі әке, жарына қамқоршы бола білген. Осыдан жарты жыл бұрын мәңгілік сапарға аттанған шымкенттік шендінің отбасына әріптестері арнайы ат басын бұрып, артында қалған балалары мен жұбайына мерекелік сыйлықтарын табыстады.

Қанат АЙНАБЕКОВ. Әл-Фараби аудандық полиция басқармасы көші-қон бөлімінің бастығы: «Нұрболат Тастемірұлы ешқашан ұмытылмайтын қызметкер-тін. Қызметіне өте адал болатын. Бала-шағасын әрдайым өзіміздің қамқорлығымызға аламыз. Әр мерекеде, егер мереке болмаса ескере отырып құран оқытып отырамыз».

14 жыл бірге отандасқан отағасынан айырылған келіншегі ұл-қыздарына әкесінің жарқын бейнесін ұмыттырмас үшін естелік суреттерін көрсетіп, бірге өткізген сәттерін жиі айтып беріп отырады. Полицейдің өмірден озғанына жарты жыл уақыт өтсе де, қасында қамқоршысының жоқтығына өзі әлі күнге дейін сенбейді.

Айта кетейік, Шымкент қаласы Полиция департаментінің бастығы Ералы Жұмаханбетов аталмыш отбасы асыраушысынан айырылғаннан кейін, жүйелі көмек көрсетіп келеді. Енді міне жұбайын аудандық полиция басқармасына жұмысқа тұруына қолдау білдіріп отыр.

Мира ІЗБАСАРОВА, марқұмның жұбайы: «Өзім де жұмысқа кірейін деп жүрмін. Құжаттарымды тапсырып, конкурс күтіп отырмын. Барлығын өтіп қойдым. Бала-шағам әке жолын қуамын десе қарсы болмаймын».

Артында жарымен бірге 13, 8 және 4 жасар балалары қалған полиция майоры Нұрболат Палжігітов ақ қан ауруы салдарынан қайтыс болған. Елін шексіз сүйіп, халқы үшін адал қызмет атқарған полицей болмысы жақындары мен әріптестерінің мәңгі жадында сақталады.

Ғалымжан Кенжебек