250 тонна ет өндірген қасапшы

Осы орайда оңтүстікте мал бордақылаумен айналысатын қазығұрттық жеке кәсіпкер Ертаев Сырым Маханбетұлы 800 бас ірі қарадан 250 тонна ет алады екен
Осы орайда оңтүстікте мал бордақылаумен айналысатын қазығұрттық жеке кәсіпкер Ертаев Сырым Маханбетұлы 800 бас ірі қарадан 250 тонна ет алады екен

Мемлекет мал шаруашылығын дамытуға көп көңіл бөлуде. Үстіміздегі жылдың басында еліміздегі мал саны ірі қара бойынша 6 миллионға жетті. Ал қой саны 18 миллионды, жылқы 1,5 миллионды, түйе 200 мың басты құрады.

Мал шаруашылығында «Сыбаға» бағдарламасы да жақсы жұмыс істеуде. Қазіргі шаруашылықтарды дамыта отырып, жаңа тұрпатты фермерлік шаруашылықтарды қалыптастыру, ондағы мал тұқымдарының асылдануына жол ашу осы бағдарламаға артылған міндеттердің бірі.

Жаңадан пайда болған фермерлік шаруашылықтар қазірдің өзінде 45 мың бас қолтума сиырларды сатып алып, оларды асыл тұқымды бұқалармен шағылыстыру нәтижесінде асыл тұқымды мал өндірісін жолға қою ісіне кіріскен. Фермерлік шаруашылықтармен қатар мал бордақылау алаңдары да дамытылмақ. Осы орайда оңтүстікте мал бордақылаумен айналысатын қазығұрттық жеке кәсіпкер Ертаев Сырым Маханбетұлы 800 бас ірі қарадан 250 тонна ет алады екен.

Ертаев Сырым Маханбетұлы 1982 жылы ОҚО Қазығұрт ауданы Жаңабазар ауылында дүниеге келген. 1999 жылы мектепті тәмамдаған ол сол жылы Оңтүстік Қазақстан облысы Шымкент қаласындағы ОҚМУ-дің «экономика» факультетінің «кеден ісі» мамандығы бойынша оқуға түседі. 2003 жылы оқуын тәмамдаған Сырым Маханбетұлы жеке кәсіппен айналысқанды жөн көреді. Он жылдан бері етті мал шаруашылығын қолға алып келе жатқан ол өз шаруашылығында қазіргі кезде мыңнан астам ірі қара малды бордақылайды екен.

Сырым Ертаевтың айтуынша 2009 жылы ол небәрі 85 бас ірі қара мал бордақылаған көрінеді. Осы ретте Үкімет тарапынан бөлініп жатқан көмектің де жұмысының алға басуына тың серпін беріп отырғанын тілге тиек етті. Оның айтуынша, мемлекеттің жеңілдетілген несиесінің арқасында, жаңа мал бордақылау базасын ашуға қол жеткізіпті. Осылайша, ол ашылған жаңа база негізінде 1000 бас ірі қара мал бордақыланауға мүмкіндік алыпты. Сырымның айтуынша, 800 бас ірі қараның әр басынан сойыс салмағы 350 келіге жететін өнім алған. Яғни, жалпы көлемі 250 тонна ет өндіріпті. Сондай-ақ, үстіміздегі жылы тағы да 1000 тонна ет өндіретін жаңа кәсіпорын ашуды және 1000 бас ірі қараға арналған қора соғуды жоспарлап отыр екен.

Сонымен қатар, Сырым Маханбетұлы 2011 жылы «Жарас KZ» өндіріс кооперативін ашыпты. Кооперативтің 500 га егістік, 1000 га жайылым жері бар. Жеке кәсіпкердің айтуынша, олар малды еліміздің әр өңірінен алып келіп бордақылайды екен. Бордақылау мерзімі малдың тұқымына қарай 3 айдан 6 айға созылатын көрінеді. Сырымның сөзіне сүйенсек, мал күнделікті 1-2,5 кг қосып отырады. Ал, малдың жем-шөбі жартылай өздерінен шықса, қалғанын сатып алатын көрінеді.

Өз ісіне адал, еңбекқор, кәсібінің нәсібін көріп отырған Сырым Ертаев облыстық ауылшаруашылығы басқармасының шешімі бойынша 2012 жылдың «Озат мал бордақылаушысы» номинациясын жеңіп алды. Бұл оның еңбегінің еш кетпегенінің белгісі. Осындай ауылшаруашылығына деген қолдаулар әрі қарай жалғаса берсе, сала еңбеккерлері алдағы уақытта үлкен табысқа жете беретініне шүбә келтірмейміз.

Айжан Ермекқызы