Көркем гимнастикаға 3 жастан келу керек

1363
Әлия Юсупова, көркем гимнастикадан ҚР аға жаттықтырушысы
Әлия Юсупова, көркем гимнастикадан ҚР аға жаттықтырушысы

Әлия Юсупова – көркем гимнастикадан Азия елдерінің арасында үздік көрсеткіштерге жеткен мақтанышымыз. Жерлес спортшымыздың, тіпті, әлемдік аренадағы беделі де жоғары. Бірнеше ірі халықаралық турнирлерге, екі рет Олимпиада ойындарына қатысқан Әлия бүгінде ұлттық құраманың аға жаттықтырушысы. Сондай-ақ, ол Шымкенттегі №9 көркем гимнастика мектебін басқарады. Енді ол соңынан ерген сіңлілерінің аяқ алысын байқап, оларды спорттың осы түріне баулуда.

Осы орайда, оңтүстік көркем гиманстикасының халі қалай? Бүлдіршін гимнастшыларды кім, қалай баулып жатыр? Осы сұрақтарға жауап іздеп Әлия Мақсұтқызына жолыққан едік.

– Әлия Мақсұтқызы, жуырда Астанада көркем гимнастикадан кезекті ел чемпионаты өтті. Жекелей сындардан алматылық Виктория Горбуноваға тең келер ешкім болмады. Ал жалпыкомандалық есепте Астана қаласының спортшылары топ жарды. Жеңіс тұғырына көтерілгендердің ішінде Шымкенттің қыздары көрінбеді. Неге?

– 3 күнге созылған жарыс қорытындысы бойынша биылғы Азия чемпионаты және әлем біріншілігіне қатысқан Ұлттық құрама жасақталды. Жекелей сында алматылық Виктория Горбунованың бағы жанса, жалпыкомандалық есепте Астана қаласының спортшыларына тең келер ешкім болған жоқ. Сонымен қатар, Шығыс Қазақстан және Повладар облысының спортшылары да жүлделі орындардан көрінді. Алайда, біздің қыздардың жүлдесіз оралғаны өкінішті-ақ. Біз ел чемпионатына күні-түні дайындалған едік. Дегенмен, біздің қыздар әлі жас. Қарсыластарына қарағанда тәжірибелері де аз. Бұл жарыс қыздар үшін тәжірибе жинауға, шыңдала түсуге мүмкіндік берді. Жуырда тәжірибе алмасуға Мәскеуге барамыз. Менің ойымша, Шымкенттің қыздары әлі талайдың таңдайын қақтырып, жүлделі орындардан көрінетініне сенімдемін.

– Сіздің ойыңызша оңтүстікте көркем гимнастиканың халі қандай?

– Шымкент қаласын ғана қарастырсақ, қалада баланы көркем гимнастикаға баулитын бірнеше мектеп бар. Олар ақылы түрде және ақысыз қызмет көрсетеді. Олардың барлығы да талапқа сай жабдықталған. Жаттығу әр қайсысында әр қалай бірінде 2 сағат, енді бірінде 1,5 сағат өтеді. Ал, біздің мектепте жаттығу аптасына 6 рет болады. Қыздарымыз күніне 8 сағат жаттығады. Оның 4 сағаты түске дейін, 4 сағаты түстен кейін өтеді. Менің ойымша бұл жеткілікті. Бізде жаттығатын қыздар Халықаралық бәсекелерге қатысып жүлделі орындардан көрініп жүр. Алайда, оңтүстіктегі көркем гимнастика мәселесі бөлек әңгіме. Аудандар мен шалғай жатқан ауыл мектептерінде көркем гимнастикаға баулитын үйірмелер жоқ. Көркем гимнастиканы былай қойғанда, спортпен шұғылданатын жақсы зал жоқ. Жастардың спортқа деген қызығушылығы күн санап артып келеді. Осыны ескере отырып, салауатты өмір салтын қалыптастыратын, балалардың спортқа деген қызығушылығын арттыратын жағдай жасау керек деп ойлаймын.

– Қазақстандағы көркем гимнастиканың өркен жаюына не жетіспейді?

– Спортшыға алаңсыз дайындалып, нәтиже көрсету үшін сапалы жаттығуына жағдай жасалуы керек. Міне, гимнастикаға басты жетіспейтіні – осы. Мен Қазақстанның көптеген облыстарында болдым. Өкінішке қарай, Қазақстанның бірде-бір қаласында талапқа сай жағдай жасалмаған. Керек десеңіз, арнайы жабдықталған, дені дұрыс зал да жоқ. Өз басым Астанаға келгенде теннис кортында таңертең екі сағат, түс қайта үш сағат қана жаттығу жасайтынмын. Бұл – жеткіліксіз. Мәскеуде күніне сегіз-тоғыз сағатқа дейін жаттығатынбыз. Міне, толыққанды жаттығудың уақыты осындай болуы тиіс. Нәтиже талап етпес бұрын, осы кемшіліктің орнын толтырып алу қажет. Солай бола тұрса да, Қазақстанның гимнасшылары Азияда алдыңғы орындарда жүреді. Осы тұрақтылықты сақтап қалғымыз келсе, өсіп келе жатқан жастарды уыстан шығарып алғымыз келмесе, осы мәселеге жете көңіл бөлген жөн. Мен кейде не себепті Еуропадан Мәскеуге талапкерлер жаттығу үшін жиі келеді де, біздің елге жоламайды деп ойлаймын. Осы сауалдың жауабы әлгі айтқан кемшілікке келіп тірелетін секілді. Менің Мәскеудегі бапкерім Ирина Винер: «Егер сендердің Астаналарыңда жақсы жағдай, зал болғанда, мен қыздармен бірге жаттығуға, іріктеу жасауға қуана-қуана келер едім, өкінішке қарай, жақсы зал жоқ», – дейді. Өйткені ол кісіге Астана қатты ұнап қалыпты. Болашақта көркем гимнастика үшін арнайы залдар дайындалмаса, болашақтан үлкен үміт күте алмаймыз. Елбасының өзі халыққа арнаған Жолдауында дене шынықтыру мен спорт саласына ерекше көңіл бөліп, жағдай жасау керектігін атап өтті емес пе? Сондықтан да алдағы уақытта Астана, Павлодар, Ақтөбе, Қарағанды секілді ірі қалаларда зал ашу керек сияқты. Ол жақтың бапкерлерінің барлығы залдың жоқтығын айтып қиналады.

жаттығу үстінде
жаттығу үстінде

– Әлия Мақсұтқызы, бүгінде сіз басшылық етіп отырған мектепте қанша гимнастшы жаттығуда?

-Бүгінде мектепте 140 спортшы жаттығуда. Олардың жас ерекшеліктері 5-16 жас аралығы. Қыздар жас ерекшелігіне, қабілетіне қарай 15 – топқа бөлінген. Әр топ 8-10 қыздан құралған. Мектепте 7 бапкер жұмыс істейді. Олар жоғары дәрежелі, өте тәжірибелі жаттықтырушылар. Жаттығу кезінде ата – аналарға залға кіріп, қарап тұруға тыйым салынған.

– Сіздің бапкерлікке өтуіңізге жас ерекшелігі әсер етті ме?

– Спорттағы карьерасын ерте, әлде кеш аяқтау, әр спортшының өзіне байланысты деп ойлаймын. Мәселен, кейбіреулер 15 жасқа келгенде спортты тастайды, олардың түр-әлпеті де, дене бітімі де 25 жастағыға келеді. Енді біреулер 25 жасында да үлкен жетістіктерге қол жеткізіп жатады. Мәселен, соңғы өткен Бейжің Олимпиадасында өнер көрсеткен испандық гимнасшы қыз Альмудена Сидтің жасы сол кезде 28-ге келгеніне қарамастан, тамаша нәтижеге жетті. Бұл оның төртінші Олимпиадасы болатын. Маман көзімен қарасақ, жас спортшылардан гөрі, ересек спортшылардың өнерін тамашалаған қызықтырақ секілді. Өйткені олардың тәжірибелері мол. Мұндай мысалды өз басымнан да айтуға болады. Мен өткен жылы Азия чемпионы атанғанда, өзіме өзім «енді жиған тәжірибемді шәкірттермен бөлісіп, жастарды тәрбиелеймін» деген шешімге келдім, яғни бапкер болуды отбасылы болмай тұрып жоспарлап қойғанмын. Жалпы алғанда, Қазақстанда көркем гимнастикамен менің қазіргі жасыма дейін жаттыққан ешкімді кездестірмеппін.

– Халықаралық судья категориясын алғаныңызды білеміз.

– Ия, менде «Халықаралық судья» котегориясы бар. Бірақ мен өз елімізде судья болып шықпаймын. Өйткені мен ҚР Ұлттық құрама командасының бас бапкерімін.

– Ең үлкен жүлде ретінде қай жетістіктеріңізді ерекше атап өтер едіңіз?

– Екі рет Олимпиада ойындарына қатысып, 4,5-орындарды алғаным үлкен жетістік болды. Екі дүркін Азия чемпионы, Азия ойындарының жеңімпазы, Әлем кубогының жүлдегері атандым. Басқа да жетістіктерім баршылық. Ешқайсысын бөліп жарамаймын. Барлығы да менің жетістігім.

Әлия Юсупова
Әлия Юсупова

– Сіз дайындаған шәкірттердің алды ұлттық құрамаға қабылданған ба?

-Иә. Біздің мектебімізде мен дайындаған ҚР Ұлттық құрама командасына кіретін спортшы қыз бар. Ол – Сабина Аширбаева.

– «Менің қызым да Әлиядай болса екен» деген қызығушылықпен қыздарын жаттығуға үш-төрт жастан беріп жатқандар бар. Мұндай жаста гимнастикамен айналысу қауіпті емес пе?

-Бүгінде, үш жасар қыздарын да алып келіп жатқандар бар. Мұның ешқандай да қаупі жоқ. Өйткені қазір көркем гимнастикада жаңа ереже пайда болды. Сол ережеге сәйкес, қыздарды жаттығуға жеті жастан берсе, ол кешігіңкіреп келгенге саналады. Ал үш-төрт жастан келсе, алғашқы екі-үш жылда бапкер ол бүлдіршіннің дене бітімін спортқа дайындайды. Бір сөзбен айтқанда, гимнастикаға бейімдейді де, бес жастан бастап жаттығуды бастайды. Бұл – қалыпты жағдай.

-«Көркем гимнастика қымбат спорт»,-деп жатады. Сол рас па?

– Көркем гимнастика аса қымбат спорт түрі емес. Кез-келген ата-ананың баласын көркем гимнастикаға беруге мүмкіндігі жетеді деп ойлаймын.

– Бос уақытыңызда қосымша қандай шаруамен шұғылданғанды ұнатасыз?

– Менде бос уақыт көп бола бермейді. Уақытымның дені залда өтеді. Одан басқа да отбасы-ошақ қасы демекші, үй шарасымен айналысамын. Ұлым мен қызыма көп көңіл бөлемін.

Сұхбатыңызға рахмет
Сұхбаттасқан: Айжан Ермекқызы