Шымкентте спорт саласының үздіктерін марапаттауға арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиынға қала әкімі Ғабит Сыздықбеков қатысып, жыл қорытындысы бойынша өңір спортына сүбелі үлес қосқан спортшылар мен жаттықтырушыларды құттықтады.
Салтанатты рәсім барысында қалада спортты дамыту бағытында атқарылған ауқымды жұмыстар атап өтілді. Әкімнің қолдауымен жаңа спорт нысандар пайдалануға беріліп, бұқаралық спортты дамытуға ерекше мән берілген.
Айта кетейік, биыл Шымкенттік жерлестеріміз үшін табысты жыл болды. Өйткені спортшылар халықаралық және республикалық жарыстарда көк туымызды көкте желбіретіп, 2 600 — ден астам медаль жеңіп алды. Оның ішінде алтыннан алқа таққандардың саны 900 — ге жуықтаған. Салтанатты жиын барысында, олимпиадалық, олимпиадалық емес, сурдо спорт түрлері бойынша жетістікке жеткен және түрлі чемпионатта топ жарған спортшылардың еңбегі еленді. Яғни, жыл үздіктері анықталды.
Бұдан бөлек, түрлі жарыстарға қатысып, жүлделі орындардан көрінген жастар ақшалай сыйлыққа ие болды.
Естеріңізге сала кетейік, Шымкентте 317 спорттық іс-шара ұйымдастырылып, оған 70 мыңға жуық тұрғын қатысқан. Бұл бастамалар қала тұрғындары арасында салауатты өмір салтын қалыптастыруға оң әсерін тигізді.
Нұргүл Жолымбетова







