Маргарет Тэтчер өміріне қатысты 9 дерек

Өткен ғасырдағы ең танымал әйелдердің бірі Маргарет Тэтчердің қайтыс болуы – оның өміріне қатысты фактілерді оқырманмен бөлісуге себеп бола алады

Ол өз өмірінде жаманды-жақсылы атақ-даңқтың бәріне қол жеткізе білген аса беделді әйел болатын. Тірі кезінде оны жерден алып жерге салған өлеңдер шығарылып, өмірін суреттейтін фильм-дер түсірілді. «Темір ханымды» біреулер жек көрді, біреулер өте қатты силайтын. Оның алдында талай адам бас иген, талайы сатып та кетті. Өткен ғасырдағы ең танымал әйелдердің бірі Маргарет Тэтчердің қайтыс болуы – оның өміріне қатысты фактілерді оқырманмен бөлісуге себеп бола алады. Сонымен, бізге мәлім және беймәлім «Темір ханым» қандай еді?

Өткен ғасырдағы ең танымал әйелдердің бірі Маргарет Тэтчердің қайтыс болуы – оның  өміріне қатысты фактілерді  оқырманмен бөлісуге себеп бола  алады
Өткен ғасырдағы ең танымал әйелдердің бірі Маргарет Тэтчердің қайтыс болуы – оның
өміріне қатысты фактілерді
оқырманмен бөлісуге себеп бола
алады

1-ші дерек 

1925 жылы Ұлыбританияның шеткері жатқан Линкольншир графтығының кішкентай ғана Грэнтхем деп аталатын қалашығында қарапайым отбасында дүниеге келген саудагердің қызы Маргарет орта жасқа келгенде үкімет басшысы, сосын баронесса атанып шыға келді. Оның тәрбиесімен негізінен әкесі айналысыпты. Ол кісі уақыт өте келе жергілікті әкімдік кеңесінің мүшесі, кейін қала басшысы болған. Нақ сол әкесінің арқасында талапты қыз саяси және қоғамдық өмірге белсене араласа бастайды. 12 жасында Лондонға 1 аптаға қыдырып барған жасөспірім Маргарет өзі тұратын тып-тыныш қалашық пен ел астанасындағы қым-қуыт тіршілікті салыстырып, қатты таңырқайды. Бұл да болса Маргареттің қайнаған саясат әлеміне деген қызығушылығын оятып, онымен болашақта шындап айналысуға итермелеген секілді. Дегенмен саясатты жаны сүйетін жас қыз жоғары оқу орынына түсіп, химия мамандығын меңгереді. Себебі ол кездері саясат саласында жүргендердің табысы аз болатын.

2-ші дерек

1951 жылдың ақпан айында Маргарет Хильда Робертс (қыз кезіндегі аты жөні осындай) түскі ас кезінде әйелімен ажырасқан, екінші дүниежүзілік соғыстың қатысушысы, бизнесмен Дэнис Тэтчермен кездейсоқ танысып қалады. Сол күні Дэнис жап-жас Маргаретті пойызға шығарып салған. Бұл – әдемі достықтың ғана емес, үлкен махаббатың да бастауы еді. Кейінірек М.Тэтчер былай деп жазады: «Премьер-министр болу – жалғыздықта жұмыс істеу. Бір шетінен солай болуы керек те шығар. Өйткені қалың тобырдың арасында отырып ел басқару мүмкін емес. Бірақ, Дэнистің қасында мен ешқашан жалғызсыраған емеспін. Дэнис менің күйеуім сонымен қатар ең жақын досым, ең сенімді адамым». Сэр Дэнис Тэтчер 2003 жылы 88 жасында қатерлі ісік ауруынан қайтыс болады.

3-ші дерек 

1953 жылы Маргарет пен Дэнистің мерзімінен 6 апта бұрын Кэрол және Марк есімді егіз балалары дүниеге келеді. Кэрол Тэтчер ең алдымен журналист және әке-шешесіне арнаған кітаптарының авторы ретінде танымал. Ал Марк Тэтчердің есімі әлемге шулы оқиғалардың қатысушысы ретінде тарады. 2004 жылы ол Оңтүстік Африка республикасында Экваторлық Гвинея үкіметін орнынан тайдыруға дайындалғандардың бірі ретінде айып тағылып, қамауға түскен. 2005 жылы аталмыш Африка елінде жасалынбақшы болған сәтсіз төңкеріске қатысы барын мойындайды. Өзінің айтуынша, төңкерісшілерге ұшақ сатып әперген. Кейптаун қаласының соты оған жарты миллион АҚШ доллары көлемінде айыппұл салып, 4 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарады.

4-ші дерек

Маргарет Тэтчердің жеке мұрағатында оның бір кездері диетаға отырғанын растайтын қағаздар бар. Онда диетаның 2 аптадан артыққа созылмауы керектігі жазылыпты. 1979 жылғы Парламент сайлауына 14 күн қалғанда елдің алдында әдемі көрінуім керек деп шешкен Маргарет 10 кг салмақ тастаған. Консерваторлар партиясы көсемінің «сайлауалды диетасы» негізінен жұмыртқа мен жеміс шырындарынан құралғаны жазылған. Тэтчер әрбір күнін екі жұмыртқа мен жеміс шырыны және қара кофе немесе шай ішуден бастаған. Түскі асы да дәл солай. Кешке қарай аздаған қуырылған ет, сүзбе мен жемістер жепті.

Тэтчер өміріне қатысты  9 дерек
Тэтчер өміріне қатысты 9 дерек

5-ші дерек

Британ сайлаушыларына теледидар арқылы Маргарет Тэтчердің бәліш пісіріп, ыдыс-аяқ жуып жатқаны туралы бейнероликтер көрсетіліпті. Шындығына келгенде оның үй шаруасымен айналысатындай уақыты болмаған. Дегенмен кейде резиденциясында ресми кездесулер жоқ болғанда таңғы немесе түскі асқа тез пісетін тамақ әзірлейді екен. Күйеуі екеуі Даунинг көшесінің 10-шы үйіне көшкен кезде өмірлері айтарлықтай қарапайым еді. Мүмкіндік болса таңғы астарын бірге отырып ішуге тырысатын. Ал тәуліктің жұмыс мезігілінде отбасының бір үстел басына жиылуына мүмкіндік жоқ-тын.

6-шы дерек

«Темір ханым» киім таңдауға келгенде алдына жан салмаған. Өткен жылы оның бірнеше киімі аукцион арқылы сатылымға шығарлығаны белгілі. Сатылған киімдерінің құны 115 мың АҚШ долларына жетіпті. 1975 жылы Консерваторлар партиясының жетекшілігіне сайланғанда киген ашық-көк костюмінің өзі 40 мың долларға бағаланған. Бір қызығы 2007 жылы баронесса Тэтчер өзінің Даунинг көшесіндегі резиденциясында лейборист премьер Гордон Браунмен болған жеке кездесуінде консерваторлардың түсі болып саналатын көк түсті емес алқызыл түсті көйлек киіп шығады. Бұл лейборист премьерге деген құрметінің белгісі болса керек.

7-ші дерек

1982 жылдың көктемінде Маргарет Тэтчер Аргентина армиясының Фолкленд аралдарына кіруіне қарсы табанды жауап қайтарды. Премьер-министр даулы архипелагқа тез арада әскери-теңіз эскадрасын жіберіп, көп ұзамай 14-ші маусымда Аргентина өз әскерін алып кетуге мәжбүр болды. Дәл осы кезеңде Маргарет Тэтчердің танымалдығы өзінің шарықтау шегіне жетеді. Дегенмен, соғыс жылдарынан кейін болған премьерлердің ішінде халықтың ең аз қолдауына ие болған да осы Тэтчер тұғын.

8-ші дерек

Тэтчер танымалдылығы мен беделінің төмендеуі Консерваторлар партиясының беделінің төмендеуіне де әкеп соқты. Бір жағынан партияластарының өздері «темір ханымнан» құтылғысы келе бастаған-ды. 1990 жылы тори партиясын басқаруға ниеті барын аңғартқан Майкл Хезелтайн Тэтчерге бақталас бола бастайды. Алғашына Маргарет жеңіске жетпей қоймайтындай ыңғай танытқан (алғашқы кезең бойынша жеңіске жетуіне бірнеше ғана дауыс жетпей қалған еді), бірақ сайлаудан шығу туралы шешім шығарады. Британия патшайымының қабылдауынан шыққаннан кейін Тэтчер Премьер-министрліктен түпкілікті кетеді. Кейінірек өзінің қызметінен босауын «бетіңе күліп тұрып сатып кеткендердің кесірінен», – деп мәлімдеген.

9-шы дерек

1992 жылы Маргарет Тэтчер Лордтар палатасының пэры атағын ала отырып, оған өзі туылған Линкольншир графтығына қарасты Кестивен жерінің баронессасы титулы мен жеке дворяндық мәртебесі беріледі. 1995 жылы патшайым Елизавета-ІІ Тэтчерге Ұлыбританияның жоғарғы рыцарьлық орденін таққан. Бір айта кетерлігі монархты қосқанда бір мезгілде 25-тен артық адам бұл орденнің кавалері бола алмайды екен. Осының өзі-ақ Маргарет Тэтчердің Ұлыбритания тарихындағы орыны мен беделін көрсетсе керек.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ