Ауыл әкімдерінің сайлауы маусымда басталады

ОҚО бойынша 190 ауыл округінің әкімі сайланбақ
ОҚО бойынша 190 ауыл округінің әкімі сайланбақ
ОҚО бойынша 190 ауыл округінің әкімі сайланбақ

Оңтүстікте ауыл әкімдерінің сайлауы маусым айында басталмақ. Бірден 190 ауылдың бас шенеуніктері саяси додада бақтарын сынайды. Бұл туралы бүгін облыстық сайлау комиссиясының төрағасы Берік Торғауытов айтты.

Түсіндіруінше, саяси науқанның жаңа үрдісі нәтижелі болмақ. Еске сала кетсек, 2006 жылы облыстағы Мақтарал, Созақ, Арыс, Түлкібас аудандарының әкімін сайлау арқылы орынтаққа жайғастырып едік.

Жеті жыл бұрын жер астынан жік жығарып, аудан әкімдерін сайлап, 4 атқамінерді қалаулылардың қатарына қосып қойдық. Оларды қарапайым қараша емес, мәслихат депутаттары таңдады. Ол бір, керек десеңіз парамен ұсталып жүзді жерге қаратқаны да болды. Бұл тәжірибенің бұрыс болғанын сайлау комиссиясының төрағасы да мойындайды.

Берік ТОРҒАУЫТОВ, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы: «Сайланған әкімдердің барлығы бірдей 4 жыл өзінің сайлау уақытын өткізді. Ары қарай ол тоқтап қалды. Өйткені, тиімділігі үлкен болған жоқ».

Хош. Ауылдың әкімін сайлап тағы да адасып қалмаймыз ба? Бұған Торғауытов мырза үзілді-кесілді ЖОҚ дейді. Өйткені, жаңа жүйе көп шендіге жауапкершілік арттырады екен.

Берік ТОРҒАУЫТОВ, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы: «Ал қазір енді төменнен бастасақ, сайланған ауыл әкімдерінің жауапкершілігі артады. Ол аудан әкіміне үлкен жауапкершілік береді. Облыс әкіміне жауапкершілік артылатын болады».

Бұл дегені, сайланған тұлға ағаттық жіберер болса, кандидатты ұсынған аудан әкіміне ұят келеді деген сөз. Яғни, бұл жолы да, әкімдерді қараша қаламайды. Жергілікті мәслихаттың еркіне беріледі.

Мадияр ОРАЗӘЛИЕВ, облыстық мәслихаттың депутаты: «Трайбализмге бөлінбеу керекпіз. Бәріміз үш атаның баласымыз. Бәріміз осы Қазақстан елінде тұрғаннан кейін, ондайға бөлінбейміз деп ойлаймын».

Берік ТОРҒАУЫТОВ, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы: «Әрине тартыс болады. Менің ойымша болады, Руға бөліп, ағайынға бөлініп кетуі мүмкін. Бірақ таңдаған адам дұрыс болса, бәрі ойдағыдай болады».

Бұл кезде сайлау бойынша еліміздің бас сарапшысы Венера Жексембекова өңірдегі 15 студентке «жас сайлаушы» куәлігін табыстады. Мақсаты, өңірдегі жас саясаткерлердің белсенділігін арттыру. Жастар да ауыл әкімдерін таңдамайтынын біледі. Олар одан да үлкен саяси додада дауыс беруге дайындалып жатыр.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=gLsvAxvr7cM[/youtube]