– Берік Айдарбекұлы, жаңа қызметіңіз құтты болсын! Білгіміз келіп отырған мәселе бар. Осы мемлекеттік қызмет саласын жетілдіруге қатысты қолға алынған жаңа реформаның өміршеңдігіне сенесіз бе? Сонымен бірге, реформаны толық іске асыру үшін қаржы жетімсіздігі қол байлау болуы мүмкін деген пікірге қалай қарайсыз?
– Қайсібір қоғамда болмасын мәселені шешуде мемлекеттік қызметкердің алатын орны ерекше. Ал бүгінгі қоғамда сол маманның біліктілігі мен білімін арттыру өзекті мәселе болып тұр. Бірден айтайын, бұл реформа қомақты қаржыны қажет етпейді. Бұрын елімізде 3200 саяси қызметкер бар болса, осы реформадан кейін олардың саны 480-ге кемиді. Қаржының дені «А» корпусына жұмсалады деп отырмыз. Бұл корпустағылардың білім-біліктілігіне қарай жалақысы бекітіледі. Жалпы, реформадан тың өзгерістер, ең бастысы жоғары сапаны күтеміз. Сол себепті де қаржыға байланысты реформа жемісін бермей қалады деп күмәндану орынсыз.
– Қалай ойлайсыз, бұл онсыз да қатары қалың жұмыссыздардың санын арттырмай ма? Жаңа реформа жұмыссыздық мәселесін ушықтырып жібермей ме?
– Ол мүмкін емес. Мемлекеттік қызмет саласындағы мұндай өзгерістерді жасаудан бұрын, реформаның жобасы жан-жақты талқыланды. Меніңше бұл реформа Елбасымыз айтқандай мемлекеттік қызметкерді халыққа жақындата түседі деп ойлаймын. Сапалы қызмет көрсетуге үйрететін болады. Яғни, реформаның аясында мемлекеттік қызметкерді қызметтен қысқарту мәселесі туындамайды.
Өздеріңізге белгілі орталықтан өңірге бірнеше лауазым берілгелі отыр. Реформаның кезекті бұл сатысы ретінде әзірге «Б» корпусы бұрынғы жүйемен қалып отыр. Үміткерлер мемлекеттік қызметке, корпустан корпусқа тест жүйесі арқылы сынақ тапсырып, конкурстық негізде қабылданады. «А» корпусына конкурсқа қатысқандар өтпей қалған жағдайда жұмыстан босап қалады деуге негіз жоқ. Оның «Б» корпусына өтуіне құқы бар.
– Біздің облыстың халқы еліміздің басқа аймақтарымен салыстырғанда көп. Соған орай мемлекеттік қызметтегі азаматтардың да көп болатыны ақиқат. Осындай ерекшеліктерге байланысты реформаны жүзеге асыруда біздің өңірге қатысты «лимидттері» бар ма?
– Заң Қазақстанның барлық өңірлеріне ортақ. Әрине, халықтың көптігіне байланыс-ты орталықтан келетін лауазымның саны да бізде өзге өңірмен салыстырғанда едәуір артық болуы мүмкін. Себебі, сапаны көздеп отырғаннан кейін жүктемеге де мән берілуі керек.
– «А» корпусына біздің облыстан кіретіндер құрамы жасақталып қойылған шығар?
– Жалпы бұл корпусқа облыс әкімінің аппарат басшысы, тексеру комиссиясының мүшелері және олардың орынбасарлары, аудан әкімдері кіреді. Осы лауазымдағы азаматтар білімі-біліктілігі талабына сай болуы үшін арнайы конкурска құжат тапсыруға құқылы. Бағалау процестерінен өткеннен кейін Ұлттық комиссия шешім қабылдайды. Комиссиядан оң баға алғандар кадр резервіне өтуге мүмкіндік алады. Құжаттар 3-ақпаннан бастап қабылданып жатыр. Корпусты толықтай жасақтау шілдеге дейін жалғасады.
– Шілдеге дейін әлі екі айдай уақыт бар. Тым ұзақ процесс емес пе?
– Жоқ. Керісінше, бұл аз уақыт. Мұндай ауқымды жұмысқа бұдан да көбірек мерзім берілуі керек еді деп ойлаймын.
– Ауыл әкімдерін сайлау науқанына да аз ғана уақыт қалды. Олардың кандидатурасын кім ұсынады?
– Иә, тамыз айында ауыл әкімдерін сайлау науқаны басталады. Облыста 190 ауылдық округ бар. Оларға әкім сайлау процесінде әкім болады деген азаматтың кандидатурасын аудан әкімі ұсынады. Ұсынысқа сәйкес мәслихат депутаттары дауыс беру арқылы сайлайды.
– Біз бұған дейін де әкімдердің сайлауын өткіздік. Оның тиімділігі бола қоймағанын білетін ел әкім сайлауға соншалықты қызықпайтын сияқты. Сол сайлауда жіберген олқылықтарымызды қайталаймыз деп ойламайсыз ба?
– Ауыл әкімдерін сайлау дегеніміз – халықты билікке тікелей араластыру қағидатына негізделген. Халық жергілікті мәслихат депутаттарын сайлады. Енді сол халық сенім артқан азаматтар ауыл әкімін сайлайды. Бұл деген сөз, сайланған әкім халықтың ой-пікірімен санасатын болады. Ел ішіндегі мәселелерді жергілікті халықпен бірлесіп шешеді. Ауыл әкімдерін сайлау арқылы біз халықтың талап-тілегі билікке тез жететін болады деп есептейміз.
– Әңгіме сол мақсатқа қол жеткізетін сайлау науқанын қалай өткізетінімізде болып тұрған сияқты?
– Бұған дейін өткен әкім сайлауы нәтижелі, жемісті болды деп айта алмаймыз. Ол кезде халық сайлауға дайын емес еді. Қазір біз тәжірибе жинадық. Халық өткен сайлаудан сабақ алды. Халық кімнің қалай жұмыс істейтінін біледі. Осы уақыт аралығында халықтың саяси, құқықтық дәрежесі біршама өсті. Сондықтан, ауыл әкімдерін сайлау кезекті рет сәтсіз шығады деген пікірмен келіспеймін.
– Әңгімемізді облыстық тәртіптік кеңестің мәселесіне қарай бұрсақ. «Тәртіптік кеңестің құзыреті әлсіреп барады. Кеңес мүшелерімен ешкім санаспайды деушілер бар. Бұған қатысты не айтар едіңіз?
– Ондай пікірмен келісе алмаймын. Қазіргі таңда сыбайлас жемқорлыққа қатысты жүйеленген бірізді тетік осы. Заңға қайшы келетін әрекеттердің ақ-қарасын ажырататын да заң бұзушылықтың алдын алатын да тәртіптік кеңес. Біз оларды мемлекеттік органдардағы жазалаушы, қаралаушы ұйым ретінде қарастырмауымыз керек. Тәртіптік кеңесті мемлекеттік қызметтегі заңдылықты қамтамасыз ететін үйлестіруші ретінде қарастыруымыз керек. Осы көзқарасты өзгертсек қана тәртіптік кеңестің құзыреті мойындалады.
– Қаржы полицейлері «Қызметкері парамен ұсталған жағдайда, бастық та қызметтен шеттетілуі керек» деген бастама көтеріп отыр. Алдағы уақытта бұл заң ретінде бекітілуі мүмкін бе?
– Құптарлық бастама. Ондай жағдайда басшылардың да «отставкаға» кетуін заң жүзінде іске асыру қарастырылып жатыр. Қарамағындағылар заң бұзып жатса, парақорлық дендесе, бұл бағыттағы жасалған жұмысың әлсіздігі. Заңсыздықтың орын алмауын, парақорлықты алдын-алуды мекеме басшысы жіті назарда ұстап отыруы керек.
– Алайда, пара алу сайып келгенде адамның жеке адамгершілік қасиетіне, таным-түсінігіне, тіпті текті-тексіздігіне де байланысты ғой. Ал енді орынбасары парамен ұсталыпты деп білікті, ары, қолы таза басшылардан айырылып қалмаймыз ба? Оның үстіне соңғы кезде пара алатын орынбасарлар да көбейіп кетті?
– Білім-біліктілігі мықты басшылардан айырылып қаламыз десек жемқорлықты түбірімен жою бағытында ешқандай да батыл қадамға бара алмай қалуымыз мүмкін. Қазіргі қоғамның дерті — парақорлық болып тұр. Онымен қандай жолмен болса да күресу керек деп ойлаймын.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұқбаттасқан – Мақпал РЫСБАЕВА