Пайда табамын деп ұрынып қалмаймыз ба?

Акция сатып алудан оқо көш соңында
Акция сатып алудан оқо көш соңында
Акция сатып алудан оқо көш соңында

Таяуда «Халықтық IPO» бағдарламасының жай-жапсарын түсіндіру мақсатымен Қазақстанның жеке инвесторлар ассоциациясының президенті Серік Омаров мырза Алматыдан Шымкентке ат арылтып келген болатын. Оншақты жылдан бері қор нарығында жұмыс істеп келе жатқан кәнігі маман аталмыш бағдарламаның құрылымы мен мақсаты туралы журналистерге тәптіштеп түсіндіріп берді.

Олай ететініндей себебі де бар екен, өйткені ел тұрғындарының «Халықтық IPO» бағдарламасына қатысу көрсеткіші тым төмен көрінеді. Ал Оңтүстік Қазақстан облысы болса бүкіл еліміз бойынша көш соңында қалып қойған. Алғашқы орындарды Алматы мен Астана секілді «бай қалалар» еншілеп алса керек.

Ашығын айтқанда бұл бағдарламаның қалай жұмыс істейтіндігі мен одан қалай пайда табуға болатындығы әлі күнге халыққа етене таныс емес. Ассоциация президенті де осылай деді. Айтуынша оңтүстікқазақстандықтар бағдарламаға қатысқандардың небары 1%-ын құрапты. Бұл 3 миллионға жуық халқы бар үлкен өңір үшін болмашы көрсеткіш деп атап өтті ол. Дегенмен халық та ақшасын өзі білмейтін, пайда көзіне салатындай ақымақ емес. Қашан жіті түсінгенше тәуекелге бармасы белгілі.

«Халықтық IPO» бағдарламасы елімізде былтырғы жылдан бастап жұмыс істей бастады белгілі. Бағдарламаны жасаушылардың мәлімдеуінше IPO бағдарламасына қатынасатын компаниялардың акциясын сатып алу адамдарға тиімді және осы компанияны басқару құқы болатын көрінеді.

Жалпы IPO дегеніміз не өзі? Осы сауалға жауап іздеп көрейікші.  IPO дегеніміз – компанияның қандай да бір бөлшегін аз мөлшерде көптеген сатып алушыларға бөлшектеп сату арқылы осы компанияға тегін қаржы тарту. Яғни, компанияның акциясын сатып алушылар «инвесторлар» деп аталады. Бұл жол ірі компанияға бір инвестор табу мен олардың қоятын талаптарын орындаудың қиындығынан туындаған, ал  ұсақталған мыңдаған қаржы құюшылардың алдында компания бекітілген оңтайлы ережеден өзге кесімді қиыншылық әкелетін жауапкершіліктен құтылатыны белгілі. Мысалы, бір адам дәріхана ашу үшін біреуден қарызға біраз ақша  алса, кейін сол ақшаны айтылған мерзімінде үстеме пайызымен және уақытында төлемесе оны  айыбымен қоса қайтарады. Егер, сол дәріхананы ашуға жетіспейтін ақшаны көршілерімен бірлесіп сатып алып, оны жалға беріп түскен пайданы тиісті үлестеріне қарай көршілерімен бөліссе тиімді болады екен. Өйткені ешкімге пайыз да, айып та төлемейді, тек түскен пайдадан үлесін беріп отырады. Және де көршілеріне сендер де дәріхана иесісің деп көңілдеріне үміт ұялатады. Бірақ дәріханаға ие өзі ғана. Міне IPO деген жүйе анығында осылай жұмыс істейді.

Серік Омаровта бағдарламаның шарттылықтарын бізге осылайша түсіндіріп берді. Оның айтуынша аталмыш бағдарламаға қатысатын компаниялардың түгелге жуығы ұлттық компаниялар екен. Яғни мемлекеттікі деген сөз. Егер сіз осы компаниялардың бірінің акциясын сатып алсаңыз сосын ол компания белгілі бір мерзімде табыс тауып жатса сол табыстың өзіңізге тиісті мөлшеріне ие боласыз. Маманның айтуы бойынша дәл қазір ұлттық компаниялардың табысы жаман емес. Және тұрақты, жылдық табыстары еселеп артып келеді екен. Дегенмен мемлекеттің үгіттеуі мен жарнамасы сіздің міндетті түрде пайдаға кенеле қалатыныңызға кепіл бола алмайтын тұсы тағы бар. Себебі тәуекел болған жерде ақшаңыздың желге ұшып кету қаупі де бар дейді Серік мырза. Сонда да пайдаға кенелуге мүмкіндік көп екенін құлағымызға жақсылап құйып берді.

Иә, былай қарасаң басыңды ауыртпай-ақ, шалқаңнан жатып ап, компанияның таза табысынан қосымша табыс табасың. Яғни, алыпсатарлықпен алғашқы сатып алған акцияларды биржа қорлары арқылы жоғары бағамен сатып пайда табу жолы. Ол үшін жалдамалы брокерлердің көмегіне жүгіну қажет. Өйткені қарапайым халық құнды қағаз саудасынан мақұрым. Ал брокерлер тегін қызмет көрсетуші ма еді? Олар әр өткізілген сауда әрекеттері үшін осы сауда көлемінің сомасынан комиссиялық ақы алып отырады. Яғни, шығынсыз кіріс жоқ.

Бір шетінен мемлекет акциясын сататын компанияларды белгілегенде мүкіндігінше қаржылық дағдарыстан зардапты аз шегетіндейін таңдауы қажет. Ал, мемлекет дағдарыстың ықпалы тимейтін компанияны таңдайды деу шындыққа жанаспайды. Өйткені әлемдік баға мен сауда, нарыққа бағынышты біздің елдің экономикасының барлық салалары дағдарыстан өзін түпкілікті арашалай алмайды. Осыдан бес-алты жыл бұрын ТМД-да теңдесі жоқ банк жүйесі бізде ғана бар деп мақтанып жүргенімізде әлемдік экономикалық дағдарыстың алғашқы толқынында-ақ бірнеше банк банкротқа ұшырап, ұятты күйге түскеніміз бар. Сол үшін де бағдарламаға ұрынбас бұрын ойланып алған жөн секілді.

Ал ОҚО тұрғындарының бағдарламаға жең түре кірісіп кетпей отырғанына себеп көп секілді. Себептерге тоқталсақ жоғарыда айтып өткеніміздей халықтың бұл бағдарламадан хабары аздау. Тіпті жоқ деуге де болады. Анда санда теледидардан жарнамасын көзіміз шалып қалатыны болмаса тәптіштеп түсіндіріп, пайданы қалай табуға болатынын үйретіп жатқан ешкім жоқ. Оның үстіне облыс халқының басым көпшілігі ауылды жерде тұратынын ескерсек, қой бағып, егін егіп, шаруасы басынан асып жүрген шаруа мен болмашы айлығын шайлығына жеткізе алмай жүрген мемқызметкерге IPO-ның пайдасы туралы жүз қақсасаң да миына құя алмасың тағы белгілі. Яғни, қала болмаса ауылдағы ағайынға қол емес деуге әбден келіңкірейді.

IPO-ға қатысты тағы бір түсінбеушілік бағдарламаға қатысушылар компанияны басқаруға қатысады деген ұғымда жатыр. Мәселен, компания өзінің акциясының 10 пайызын 5 мың адамға сатты және олар еліміздің әр аймағынан жиналағандар және бірін бірі танымайды делік. Акционерлердің шешім қабылдайтын жиналысына өз мүддесін қорғау үшін «инвестор» болған  адамдардың бәрінің қатынасуы мүмкін бе? Әрине мүмкін емес. Яғни олар топтасып өкіл тағайындауы қажет. Жан –жақтағы бірін бірі білмейтіндер қалай жиналады және артық шығынға батуы оларға керек пе? Ондай өзін-өзі алдаусыратып компания басқаруға халықтың  құмарлығы бар дегенге сену қиын.

Бұдан шығатын қорытынды Оңтүстік халқының «Халықтық IPO» бағдарламасына селсоқ қарауы әзілдеп айтқанда «ақылының тым көптігінде» немесе 90 жылдардағы осындай секілді бағдарламадан әбден көңілі қалып қойған деп топшылауға болатындай.

Дәурен ӘБДІРАМАНОВ

Болат ДҮЙСЕНБІ

Болат ДҮЙСЕНБІ, экономист

– «Инвесторлардың» құқын қорғау үшін басында акцияларды жеке адамдарға  ғана сатқанымен кейін биржа қорларындағы сауда кезінде осы ақциялар қалталылар мен шет ел азаматтарына сатылып кету мүкіндігі шектелмейді. Соның салдарынан кейін де осы компанияның «инвесторларға» сатқан акцияларының барлығы не басым бөлігі бір ғана қалталының не болмаса шетелдік байдың қолына түсіп кетуі ықтимал. Сонымен қатар экономикалық даму заңдылығы бойынша барлық қаржылық  нарық институттары мен биржалар дағдарыс ықпалынан зардап шегетіні белгілі, яғни құнды қағаздар әрқашанда тұрақты пайда әкеледі деп айту да қиын. Осы IPO «инвесторларына» келетін негізгі қауіптің біреуі компаниялардың есепті жылды нәтижесіз, пайда таппай аяқтаса, онда қаржы салғандар да жер сипап қалады. Екіншісі, ол қолдағы ақциялардың құнының түсуіне байланысты оларды арзан бағамен сатуға мәжбүр болып ұтылатындары.