Қаламыздағы барлық демалыс орындары жөндеуден өтеді. Бұл мақсатта қала қазынасынан 140 млн. теңге қаржы бөлінді. Осының есебінен ескерткіштер мен саябақтар түгелдей ретке келтіріледі. Бұл күндері Абай саябағы және осындағы Даңқ Мемориалы кешенінде көгалдандыру, көріктендіру шаралары аяқталуға жақын. Мамандар 9-мамыр мерекесіне орай жұмыстарды дәл осы жерден бастаған.
Абай саябағының аумағы 37 гектарды құрайды. Демалыс орнындағы жоспарлы жұмыстардың басым бөлігі аяқталды. Жасыл желек көздің жауын алады. 10 мың түп гүл мереке күндері шешек атады деп күтілуде. Саябақтың әкімшісі Даңқ Мемориалы кешеніндегі гранитті плиталарды тазалауда күрделіктер бар екенін жасырмады.
Талапбек Әлжанов, Абай саябағының әкімшісі : » Жастар келеді де жазу жазып кетеді, газет төсеп, қағаздарын қалай болса солай тастайды. Алау жанып тұрған жерге шығып жүреді».
Бірегей кешенде 140 мыңнан астам оңтүстікқазақстандық батырлардың есімдері тасқа қашалып жазылған. Ағайынды Досовтар сұрапыл соғыста қаза болған әкелеріне тағзым етуге Даңқ Мемориалына арнайы келіпті. Мұндағы күтімді көріп көздеріне жас та алды.
Шүкір Хасанов, Сарыағаш ауданының тұрғыны: «Әкеміз Досов Хасан 1943 жылы соғысқа аттанған. Бізге бейбіт өмір сыйлаймын деп қаза болғандардың жатқан жері жайлы болсын. Оларға арналған ескерткіштегі тазалық үшін осындағы саябақ ұжымына, жергілікті билікке алғысымыз шексіз».
Саябақтардағы сорақылықтар ретке келтіріледі. Бұл үшін қазынадан 140 млн. теңге қаржы бөлінген. Бірақ билік мәдениетсіз жастар саябақтағы ағаштар түгілі тасты да талқандауын қоймаса ақша желге ұшуы мүмкін деп қауіптінеді. Демалыс орындарында 9-мамыр мерекесіне дайындық қызады. Дәл осы жерде Жеңістің 68-ші көктемін тойлауға келгендер үшін сарбаз ботқасы әзірленбек.
Қаладағы барлық су бұрқақтары сәуірдің 20-на іске қосылады деп күтілуде. Тәуелсіздік саябағындағы әуенді су бұрқағының жұмысына қажетті бөлшектер жетіспеуде , — дейді «Жасыл қала» мекемесінің басшысы Талант Дүйсенұлы. Нысан қаланың коммуналдық меншігіне өткен. Енді субұрқақтың жұмысында ақаулар орын алса, ол қалалық бюджеттің есебінен жөнделеді.
«Бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі» бағдарламасы аясында салынған «Қызғалдақ» су бұрқағы да таяуда жөндеуден өтті.
[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=0SscqnxsB5U[/youtube]