Экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті жең ұшынан жалғасқан құқықбұзушылықпен күресуді күшейте түспек. Осыған байланысты Қаржы полициясы агенттігінде тиісті заң жобасы жасалып жатыр. Бұл тұста тәртіп сақшылары қарапайым халықтың да көмегіне жүгінеміз деп отыр. Яғни, заңды жетілдіру мақсатында сіз де өз ұсынысыңызды айта аласыз.
«Бұл үшін қаржы полициясы агенттігінің www.finpol.kz ресми сайтына кірсеңіз болғаны. Сайтта сәуірдің 2-ші жұлдызынан 10-на дейінгі аралықта «Халықтық құқық шығармашылық» бөлімі жұмыс істейді. Аталған бөлімде кірген әрбір азамат өзінің ұсыныстарны көрсете отырып, хабарлама қалдыра алады». Оңтүстік Қазақстан облыстық экономикалық қылмыс және сыбайлас жемқорлықпен күрес департаменті бастығының орынбасары Серік Өтембаев.
Осында түскен әр ұсыныс назардан тыс қалмайды дейді қаржы полицейлері. Ал интернетті пайдалана алмайтындар департаменттің кезекші бөліміне 53-43-87 немесе 144 сенім телефондары арқылы хабарласуларына болады. Бұған қоса қаржы полицейлеріне жазбаша ұсыныс жасауға да болатынын еске саламыз.