Ақпанның 3-інен басталған «А» копрусына үміткерлерді тіркеу мамырдың 3-і күні аяқталды. Бұған дейін де айтқанымыздай «А» корпусына республика бойынша 550 лауазымды орынға үміткерлер іріктеліп алынбақ. Мемлекеттік қызмет саласындағы жаңа реформа осылайша өзінің алғашқы нәтижесін берер күн алыс емес.
Әңгімелесу сынағы Астанада өтеді
Сонымен мамырдың 2-не дейінгі мәлімет бойынша «А» корпусынан дәмелілер сапында 1359 шенеунік бар.
Айта кетейік, «А» корпусындағы лауазымды қызмет орынтағынан үміткерлер ең кемі бес жыл мемлекеттік қызмет атқаруы керек. Сонымен бірге облыстық басқарма басқарғандығы ләзім. Сондай-ақ 550 лауазымды қызметтің 50-і жауапты хатшылар, аппарат басшылары болып келеді. Оларға қойылар талап күштірек. Яғни еңбек өтілі 7 жылдан кем болмауы, оның 3 жылы саяси мемлекеттік қызметте болуы міндетті.
Элиталы корпусқа үміткерлерді сараптайтын арнайы кадрлық саясат жөніндегі Ұлттық комиссия құрылғандығын айта кеткен жөн. Елбасының биылғы наурыздың 7-сі күнгі Жарлығы негізінде Ұлттық комиссияға Президент Әкімшілігі жетекшісінің орынбасары Ғ.Абдрахимов, Премьер-Министрдің орынбасары Е.Орынбаев, Парламент Сенаты төрағасының орынбасары А.Судьин, Парламент Мәжілісі төрағасының орынбасары С.Дьяченко, Мемлекеттік қызмет істері жөніндегі агенттіктің төрағасы Ә.Бәйменов, Әділет министрі Б.Имашев, Премьер-Министрдің кеңсесінің жетекшісі Е.Қошанов, ҚР Президентінің кеңесшісі- әйелдер және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі Ұлттық комиссияның төрайымы Г. Әбдыхалықова мүше болып тағайындалған. Ұлттық комиссияның хатшысы – Президент әкімшілігіндегі мемлекеттік қызмет және кадрлық саясат бөлімінің меңгерушісі М.Дауешов.
Айтпақшы, дәл осындай ұлттық комиссия аймақтарда да құрылған. Бірақ, облыстағы комиссияның шешімі соңғы шешім болып табылмайды. Ол Астанадағы негізгі Ұлттық комиисяға мәлімет беруші, үміткерді аймақта сараптап өткізушінің ғана рөлін ойнайды.
Яғни тіркелген үміткер алдымен тест сынағын тапсырады, сосын облыстық комиссияның әңгімелесуінен өтіп барып, Астанада негізгі – Ұлттық комиссияның әңгімелесуінен өтеді. Яғни ел арасында айтылып жүргендей, «облыстағы комиссиядан өтсек болды» деген сөз негізсіз. Міндетті түрде Астанаға баруы керек.
Элиталы корпустан дәмелілерге қойылған тағы бір талап, әр үміткерге міндетті түрде Парламент депутаты, облыстық мәслихат хатшысы, ұлттық компания жетекшілері кепілдеме беруі керек. Кепілдеме беруші бұл іске жауапты қарауы маңызды. Әйтпесе таныс-білістікпен кепілдемені оңды-солды бергенмен, үміткердің элиталық корпусқа ілікпей қалуы бек мүмкін. Ілікпей қалу дегеннен шығады, «А» корпусына үміткер 550 лауазымдық қызметтің біріне тағайындалмағанның өзінде кадрлар резервіне алынатыны сөзсіз.
Кімдерге жеңілдік бар?
«А» корпусына үміткерлердің ішінде «Болашақ» бағдарламасымен шетелде білім алып келген мамандарға жеңілдік жасалмақ. Әлихан Бәйменовтың айтуынша «Болашақтың» шекпенінен шыққандарға еңбек өтілі 6 жыл, оның 2 жылы басшылық қызметте болуы керек деген талап қойылмақ. Бары осы ғана. Айтпақшы, бұл талап Басқару академиясын бітіргендерге де жеңілдік ретінде қарастырылады.
Ал аудан, қала әкімі қызметінен дәмелілерге қойылатын талап мынадай: біріншеден – 5 жылдан кем емес еңбек өтілі, оның 2 жылы мемлекеттік саяси қызметте болуы, мемлекеттік органда басшылық ету, болмаса басшының орынбасары болуы шарт. Мемлекеттік қызметте бұрын-соңды жұмыс істемеген азаматтың аудан-қала әкімі болуы үшін бес жылдық еңбек өтілінің төрт жылы (мемлекеттік емес секторда болса да) басшылық қызметке арналған болуы керек.
Түйін сөз: Бір нәрсе анық. «А» копрусы жасақталған тұста еліміз бойынша кадрлық ауыс-түйіс орын алады. Бұл ауыс-түйіс біздің облысымызды да айналып өтпесі ақиқат. Оның үстіне назарларыңызға ұсынылып отырған тізімде билік тұтқасынан дәмелі үміткерлер аз емес. Бірқатар аудан, қала әкімдері ауысатын түрі бар.
«А» корпусынан үміткерлер тізімі:
Әкімдіктен әркімнің бар таласы. Жоғарыда айтып өткеніміздей мамырдың 2-сі күнгі тізім бойынша 1359 азамат осы копрустан көрінуге ниет еткен. Барлық талаптарды орындап, тікелген. Сол тіркелгендер тізімін біз де қызығушылықпен қарап шықтық. Әрине, көкейімізде «Шымкенттен кімдер бар екен…» деген ой тұрды. Біразының аты-жөні таныс боп көрінді. Сонымен, бізге таныс болған азаматтардың тізімін берсек:
Абдуалиев Кайрат Аманкельдинович
Абишев Ислам Алмаханович
Айдарбекова Кулия Смаилханкызы
Аширбеков Бахытжан Айдарханович
Ауесханов Серик
Байгонов Жамбыл Шыракбаевич
Бекжанов Берик Айдарбекович
Беркинбаев Кайрат Шералиевич
Бертаев Есімхан
Булекпаев Ермаганбет Кабдулович
Дауылбаев Еркебулан Абилханович
Дауылбаев Ерлан Сламханович
Досбол Жамалбек Усипбайулы
Дробязко Евгений Владимирович
Ерімбет Ерболат Мылтықбайұлы
Ертай Сейіт Мрзақұлұлы
Ержігітов Сапарбек
Ельшиева Альбина
Ескараев Бастар Ауелханович
Жексембин Марат Борибаевич
Жилкишиев Байдильда
Жумжаев Галым Куралбекович
Занкоев Есимжан Баирбекулы
Исаева Роза Абдыровна
Кайназаров Валихан Анарбайулы
Кенжебаев Садық Оңғарұлы
Кенжеев Шокан
Козыбаков Галымжан Момбекович
Кошербай Батырбек
Көмекбаева Балхия
Куртаев Алимжан Сеитжанович
Мадиев Ынтымақ
Мақұлбаев Әбдібақыт Тілләбайұлы
Мамытбеков Алмасбек Кенесбек Улы
Мырзабаев Максат Сайлаубайулы
Ордабаев Махсут Кутымович
Орманшина Альмира
Примбаев Алмабек Несипбаевич
Рабаев Абилсейт Байсетович
Рысбеков Гани
Садыр Ербол Әбілхайырұлы
Сыздықов Бейбіт
Табулдиев Коктембек Окумбекович
Толебаев Кенжехан Атакулович
Тулендиев Талгат Сагынович
Турбеков Серик Ордабекович
Тургумбеков Ауельхан Ельтаевич
Унербаев Бахтияр Алтаевич
Шалабай Сырым Исмаилбекулы
Сіз не дейсіз?
Үміткерлер тізіміндегі екі азамтқа «резервке алынған жағдайда басқа облысқа, сізге әлеуметтік-экономикасы таныс емес өңірге баруыңызға ұсыныс жасалса баруыңыз мүмкін бе? Сізге саяси кепілдеме хатты кім бергенін білсек бола ма?» деген сауалдарды көлденең тартқан едік.
Алмасбек Мамытбеков, «Нұр Отан» ХДП ОҚОФ төрағасының бірінші орынбасары:
– Мен он жылдам астам уақыт облыстық деңгейде атқарушы органдарда түрлі лауазымды қызметтер атқардым. Мақтанғаным емес, бөлім бастығынан басқарма бастығы, аудан әкімінің орынбасары қызметтерінде болдым. Ішкі саясат басқармасын басқарғандағы жинаған тәжірибем қай өңірге жіберсе де өз септігін тигізеді деп ойлаймын. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде жинаған тәжірибем де баршылық.
Ал, кепілдік-ұсыныс хатты маған Парламент мәжілісінің депутаты Ұласбек Сәдібеков берді. Жасыратын несі бар, ол кісімен он екі жылдан бері қоян-қолтық бірге жұмыс істедік. Менің қандай қызметкер екенімді жақсы білгендіктен болар, кепілдік хат беріп, «А» копрусына құжат тапсыруыма ұсыныс жасады.
Бастар Есқараев, облыстың мемлекеттік бас еңбек инспекторы:
– «А» корпусына үміткер ретінде тіркелдім. Сіз айтқандай өзге жақтан қызмет бұйыратын болса, Оңтүстікті тастап бару-бармау жағын әлі нақты шеше қоймадым. Дегенмен, осында қалғанға не жетсін?!
Кепілдемені маған мәжілісмен Ұласбек Сәдібеков берді. Осы кезге дейін атқарып келген қызметімді бағалап, сенгені болар. Бір ауыз сөзге келместен ұсынысты қабыл алдым.