Заңды білмеу — жауапкершіліктен босатпайды. Мемлекеттік қызмет істері департаментінің басшысы Берік Бекжанов тәртіптік кеңесте осылай еді. Сондықтан әрбір жіберілген қателік үшін шенеунік тиісті жазасын алу керек. Бүгінгі тәртіптік кеңес отырысында да бірқатар шенділер қатаң сөгіс алды. Көпшілігінің ағаттық жіберуіне қарапайым ғана білместік себеп болған.
Сайрам ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыру-кадрлық жұмыс бөлімінің меңгерушісі Еркін Мұсантаевтың тәртібі білместіктен бұзылған. Өзі солай дейді. Басшысы немесе оның орынбасары қол қоюы тиіс құжатқа меңгеруші бола тұра өзі қол қойғаны үшін кеңес мүшелері теріс қабақ танытты.
Ұзақ талқы Мұсантаевқа қатаң қатаң сөгіс тағайындау шарасымен шектетілді. Мұнан бөлек, тәртібі тайраңдап кеткен Сайрамдық екі шенді де бүгін нысанаға алынуы керек еді. Оның бірі тәртіптік комиссияның хатшысы Исрайл Тәжібаев болса, екіншісі, Қарамұрт ауылындағы Мамадабаевтың ісі еді. Қос шенеунік те өз міндетін уақытылы орындамаған. Бірақ, отырысқа екеуі де келген жоқ. Бірі еңбек демалысында, екіншісі аурып жатыр. Сондықтан оларға сырттай қатаң сөгіс жариялауды ұйғарды кеңес мүшелері.
Тәртіптік кеңесте 4 мәселе қаралса, соның 3-не осылайша қатаң сөгіс тағайындалды. Ал Ордабасы ауданына қарасты Шұбарсу ауылдық округінің әкімі Жанқозы Сәмбетовке өз міндетіне сай емес деген шара қолданылды. Өйткені, ауыл әкімі депутаттық сауалға жазбаша жауап жазбаған. Мұндай ағаттықтар оның бірінші қателігі емес екен… Бұл дегені, ендігі қателік оны жылы орнынан мұрттай ұшыруы мүмкін.