Тағы бір оқу жылы аяқталуға жақын. Алда мектеп бітіру кеші тұр. Әр бойжеткен мен бозбала үшін бұл ұмытылмас кеш болары анық. Бұған дайындықты бас-тап кеткендер де бар. Төменде түлектерге арналған биылғы жылдың ең үздік кеш көйлектерінің сәнін ұсынғанды жөн көрдік.
Ұзын көйлек
1. Бойыңыз ұзын, арық арулардың қатарынан болсаңыз етегі ұзын көйлек таңдасаңыз болады. Ұзын көйлектер 2013 жылдың басты трендтерінің бірі. Мысалы грек стиліндегі көйлек дене бітіміңізді сымбатты етіп көрсетіп, талғамыңыздың жоғары екенін де байқатады. Бұл көйлектің сәннен шықпауының бір себебі — олар расында өте ыңғайлы. Жеңіл, жұмсақ пішілген көйлек сіздің нәзіктігіңіз бен сымбаттылығыңызды айқындайды.
2. Ұзын көйлектің қатарында тағы бір көңіл аударуға тұрарлығы – годе көйлегі. Олар грек сәніндегі көйлектерден әлдеқайда салтанатты көрінеді. Годе көйлегі денеге жабысып, аяқ жағы кеңейе түседі. Бұл көйлектер қыздардың табиғи сұлулығын ерекше аша алады.
3. Белдемшелі көйлек сән әлеміндегі өз орнын берер емес. Сондықтан бітіру кешінде осындай көйлекпен тек сәнді ғана емес, көзге ерекше түсесіз. Әлемдік дизайнерлер мұндай көйлекті жылдан-жылға өзгертіп шығаруда. Биыл үсті тастармен әшекейленген корсет не үлкен белбеуі бар көйлектер ерекше сәнде.
Қысқа көйлек
1. Салтанатты көйлектер ұзын болуы шарт емес. Дене бітіміңізге қысқа көйлектер ерекше жарасатын болса, сондай-ақ өзіңізді келте көйлекте жақсы сезінсеңіз ерік өзіңізде. Қысқа көйлектер де сәннен шыққан емес. Орташа ұзындықты көйлектер биыл ерекше сәнде.
2. Кеудесі тор қысқа көйлектер былтыр өте танымал болған. Биыл да бұл көйлек өз орнын берер емес. Жас аруларға ерекше жарасатын бұл көйлек ойнақы, көңілді қыздарға үйлеседі.
3. Белі шыбықтай қыздарға қысқа корсетті көйлек әлбетте жарасып кетеді. Сәнгерлер биыл бұл көйлекті түрлендіріп жіберді. Әсіресе арты ұзындары ерекше сәнде.
Осы жылдың фавориті – мөлдір шифонды қысқа көйлек. Жалпы қандай көйлек кисеңіз де матасын шифоннан таңдағаныңыз дұрыс. Бастысы өзіңізді кеш бойы көңіл көтеріп, билеп, суретке түсуге ыңғайлы болуына мән беріңіз.
Жігіттер үшін
1. Биылғы кос-тюмдер мен пиджактың ең сәнді түсі ашық сұр болып отыр. Сондықтан, сұр түсті таңдасаңыз, ең сәнді түлек бола аласыз. Ал бұл түсті ұнатпай-тындар үшін сәнгерлер сары мен алқызыл пиджактарды ұсынады. Бірақ, тор көзді, не жолақ жолды костюм кимеуге тырысыңыз. Бұл биылғы сәнде емес.
2. Костюмге сай галстук таңдау да бар. Галстук салтанатты кешке киілетін киімнің ажырамас бөлігі. Сондықтан, галстук таңдағанда ұқыпты болыңыз. Сұр түске күрең, ақ, қара мен ақ жолақты және қызғылт, сары түсті галстук таңдаңыз.
3. Ақ түсті костюм. Нағыз салтанаттың белгісі. Егер ақ түсті костюм таңдасаңыз, көйлегіңіз бен аяқ киіміңіз де ақ болуы керек. Ал галстук немесе көбелекті мойыншаның түсі ашық болғаны жөн. Мәселен алтын түстес немесе сары тым жарасымды әрі сәнді болары сөзсіз.
4. Сәннен қалмайтын классика-қара түс. Мұндай костюм таңдаған жігіт кештің ең сымбаттысы болары анық. Бірақ, қара костюмге сай аксессуар таңдауды ұмытпаңыз. Мәселен костюмнің қалташасына салып қоятын қызыл, күрең, ақ түсті орамал, соған сай жең түймелері немесе галстук.
Ақмарал МЫРЗАХМЕТ