Соңғы жылдары қолға алынған мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы аясында облыста 15 шақты кәсіпорын ашылған болатын. Бүгінде соның тең жартысы жұмыс істемей, тірлігін тұралатып қойған.
Мәселен, «2,5 миллион шаршыметр керамогранит тақталарын өндіріп, елді өнімге қарық қылады» деп мақталған «Азия Керамик» зауытының лентасын 2010 жылы наурызда Елбасының өзі салтанатты жағдайда қиып беріп кеткен. Бірақ, «зауыт 250 адамды тұрақты жұмыспен қамтитын болады» дегенді естіген осынша адамның «елең» еткеніне де арзымады. Кәсіпорын «старт» алмай жатып, тұралап, ақырынды тоқтап тынды. «Азия Керамиктің» сапалы өнімдері түсіне кіріп жүрген жергілікті халық «Қытай аман болсын» деп көршінің сапасыз тауарын «мақтап-мақтап» әжетке жаратуда.
Елбасымен тікелей телебайланыс барысында жергілікті атқамінерлер дүйім жұрттың алдында талай кәсіпорынның ашылғанын айтып, сүйінші сұрағаны әлі көз алдымызда. Соның бірі — аккумулятор зауыты. Онда да қазір құлаққа ұрған танадай тыныштық. Осыдан екі жыл бұрын дәл осы телебайланыс кезінде «Шымкент-Кашемир» тоқыма өнімдерін шығаратын фабриканың тұсауы кесілді.
«Жалпы, зауыттың құрылуына 560,1 миллион теңге жұмсалған. Зауыт «Оңтүстік» арнайы экономикалық аймағында орналасқан, қазір 272 жұмысшыны жаңадан жұмысқа қабылдауда. Зауыттан шыққан өнімдер алдағы күндері шетелге де экспортталатын болады» деген ақпаратты берген де жергікті шенеуніктер еді. Қане? «Шымкент-Кашемирдің» тоқыма өнімдерін шетел былай тұрсын, шымкенттіктердің өзі тұтынбақ түгілі көрді ме екен?
Тоқыма фабрикасының жайы да осындай. «Оңтүстік» еркін экономикалық аймақтағы тоқыма кластері аясында жүзеге асқан алғашқы табысты жобалардың бірі — «Oxy Textile» ЖШС. Жоғары сапалы мақта өнімдерін шығаратын кешенді автоматтандырылған жіп иіру фабрикасы қазақстандық шикізатты өңдеуге бағытталған болатын. «Кәсіпорын өнімі Еуропа елдеріне экспортқа шығарылады» дегенді естіген біз сол кезде «ДСҰ-ға кіруден неге қорқамыз осы» деп желпініп алып едік. Алайда, алып-ұшқан көңіліміз артынан су сепкендей басылды. Себебі, жоба аяқсыз қалды.
Сол сияқты мемлекеттік бағдарлама аясында күндiзгiдей жарық беретiн шамның жылына 5,8 млн. данасын шығаруы тиіс «MaxLight Group» ЖШС-iнің де жарнамасы ғана жарқ ете қалды. «Германиядан әкелiнген құрал-жабдықтардың арқасында өңiр сұранысының 65 пайызын қанағаттандырады»делінген серіктестіктің ісі де сұйылып кетті. Үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында Жетісай қаласында мақта қозапаясынан құрылыс-жиһаз тақташаларын (ДСП) өндіретін «Сапа Инвест Плюс» ЖШС-і де, жылына 4 мың тонна жiп шығаруы тиіс «Ютекс-КZ» АҚ-ның да бүгінде ел шарапатын көре алмай отыр. Бірақ, «жарқ» еткен жарнамасы әлі жадында…
ОҚО әкімдігі баспасөз қызметі берген мәліметке сүйенсек, өткен жылы тоқтап қалған 15 кәсіпорынның 4-і қайта қосылыпты. Атап айтқанда, Мақтарал ауданында «Корпорация Евразия» ЖШС және «Мақталы» ЖШС, Сарығаш ауданындағы «Адина и К» ЖШС-і, Сайрам ауданындағы «Строительные технологии» ЖШС бүгінде қайта жанданып, бойына «қан жүрген». Баспасөз парақшасында «Тоқтап қалған кәсіпорындарды қайта іске қосу үшін аудан және қала әкімдіктері мен екі жақты ісшаралар жоспары бекітіліп, жұмыс атқарылып жатыр» делінген. ОҚО әкімінің журналистермен жұмыс ітейтін мамандарының айтуына қарағанда бұл процесс кезең-кезеңмен жүзеге аспақ көрінеді.
Оңтүстікше алдау болмаса, шымкенттік вариант. Басқа қалай атауға болады? Сонау Ақордадан мәртебелі мейман шақырып алып, алаулатып-жалаулап кәсіпорын ашамыз да, ертеңіне тып-типыл тоқтатып қоямыз. Кім алданды? «Сәттілік» тілеп, лента қиып кеткен аты дүрдей сарыарқалық қонақ па әлде «екі қолға бір күрек» таптық деп асатпай жатып аптыққан халық па?