Сәби сатқан мейірбикелер 8 жылға сотталды

374
Шымкентте екі мейірбике нәрестені 6 мың АҚШ долларына бағалаған болатын

 

Шымкентте екі мейірбике нәрестені 6 мың АҚШ долларына бағалаған болатын
Шымкентте екі мейірбике нәрестені 6 мың АҚШ долларына бағалаған болатын

Сәби сатқан шымкенттік мейірбикелерге қатысты сот үкімі шықты. Нәрестені 6 мың долларға саудалаған ақ халаттылар енді 8 жылын темір торда өткізетін болды. Еске сала кетейік, бұл оқиға ағымдағы жылдың басында орын алған болатын. №1-ші перинаталдық орталықтың екі мейірбикесі «мейірімділік» танытып, жаңа туған сәбиді әйелге сатпақ болған жерінен ұсталған. Енді ақшаға құнығып, абзал жан атына кір келтіргендер жазасын өтейтін болады. 

Айы-күні жетіп туылған нәресте жарық дүниеге келе осылай тастанды атанған. Оқиға былай өрбіген: 19 жастағы анасы перзентханада-ақ бауыр еті баласынан бас тартқан. Сол-ақ екен перзентхананың қос қызметкері оны сатып ақша таппақ болады. Олар №1 перинаталдық орталықтың 2 мейірбикесі.

Мейірбикелердің айтуларынша, олар анасы бас тартқан сәбиге жаңа ата-ана тауып бермек болған. Баланы бауырына басуға ниет білдірген отбасы да табыла кеткен. Алайда, медицина қызметкерлері бұл қызметі үшін 6 мың АҚШ долларын сұрапты. Ұсталғандар «бұл баланың құжатын рәсімдеуге кететін қаражат» деп түсіндіргісі келді. Өздері одан көк тиын да пайда көрмепті. Ал, көкек анаға содан 100 мың теңге ұстатқан екен.

Ең сорақысы, анықталғанындай жан түршіктірген қиямет-қылмыста медициналық мекеме қызметкерлерінің сыбайластығы анықталып отыр. Онан соң іле-шала облыстық прокуратура жаңа туған шараналарды сатпақ болған тағы да екі әрекетке тосқауыл қойған болатын. Бұл оқиғалардың бірінде Түлкібас ауданында тұратын келіншектің жаңа туған сәбиін туыстары алдап алып, Мақтарал ауданына асырып жіберген. Олар бұл әрекеті үшін 150 мың теңге алған. Баланы сатып алған әйел болса, сәбиді Өзбекстанда туды деп жалған құжат рәсімдеп, өз атына жаздыртып алады .Осыған ұқсас жайт Шардара ауданында да қайталанды. Баланы Алматы қаласының тұрғыны 100 мың теңгеге сатып алған.

Санаққа келер болсақ, Облысымызда жетім және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған балалар саны — 3321. Былтыр балалар үйінде 382 бала тәрбиеленсе, биыл олардың саны — 388. Есесіне оларды асырап алушылардың да қатары қалың. Бірақ, әлеуметтік жетім балалардың, яғни тірі жетімдердің саны артып отыр.

Ал сәбиді 6 мың АҚШ долларына бағалаған мейірбикелер 8 жыл арқалап, темір торға тоғытылды.