Тест тапсыруға 210 минут беріледі

Оқушылар 12 жылдық білім алуға дайын
Альбина Елшиева, ОҚО Білім басқармасының бастығы
Альбина Елшиева, ОҚО Білім басқармасының бастығы

– Альбина Балғабайқызы, биылғы оқу жылында мектеп бітіруші түлектерді оқуға қабылдау ережесінде қандай өзгерістер бар? Ең төменгі шекті балл қанша болып бекітілді?

– ҚР Үкіметі бекіткен Ереже бойынша, мектеп бітірушілер Ұлттық жоғары оқу орындарына ақылы оқуға түсу үшін 70 балл, басқа жоғары оқу орындарына кемінде 50 балл, ал «Жалпы медицина» мамандығы бойынша кемінде 55 балл, оның ішінде бейінді пәннен кемінде 7 балл (әрбір шығармашылық емтихан бойынша кемінде 10 балл), ал қалған пәндер бойынша кемінде 4 балл жинаулары қажет.

22-028

– Былтыр ҰБТ тапсыру кезінде бірқатар заң бұзушылықтар орын алғаны белгілі. Осы жағдай қайталанбас үшін қандай кешенді іс-шаралар жоспарлануда?

– Иә, тестілеу кезінде ата-аналар және оқушылар тарапынан бірнеше өрескелдіктің орын алғаны рас. Сондықтан биылғы тәртіп тағы да күшейтілмек. ҰБТ-ны өткізу үшін базалық ұйым жетекшілерінің жауапкершілігі нығайтылып, құпиялық режимді қамтамасыз ету жөнінде алдын алу шаралары қабылданды. ҰБТ өткізу ережесін бұзуға жол бермес үшін комитетте заң бұзушылық фактілерін анықтаудың ережесі нақтыланды. Сонымен қатар, тест тапсырмаларының сапасын жетілдіру жұмыстары қолға алынып, математика пәні бойынша логикалық сипаттағы есептер енгізілді.

22-026

– Ұлттық бірыңғай тестілеудің жоғары деңгейде өтуіне ҚР Білім және ғылым министрлігінің өкілдерінен басқа тағы кімдер жауапты?

– Президент әкімшілігі осыған қатысты қатаң тапсырмалар берді. Денсаулық сақтау, Ішкі істер министрлігі, Байланыс және ақпарат министрлігі, Ұлттық қауіпсіздік комитеті өкілдерінің қатысуымен жұмысшы тобы құрылды. Нәтижесінде бірқатар іс-шаралар жоспары бекітілді. Биылғы жылы ҰБТ өткізу пункттерінде металіздегіштер мен ата-аналарға аудиториядағы тестілеу барысын көрсетіп тұратын үлкен экрандар орнатылатын болады. Тест өткізу пункттеріндегі аудиториялар саны қысқартылып, ұялы байланыс телефондарының сигналдарын өшіретін құралдар, әрбір пунктте бейнебақылау жүйелері орнатылады. ҰБТ өткізу пункттерінде Министрлік өкілдері қатысады. ҰБТ-ның тиісті деңгейде өтуін ұйымдастыру үшін облыстық білім басқармасының базасында да арнайы штаб құрылып, аппеляцияны өткізу, жұртшылық арасындағы ақпараттық түсіндіру жұмыстарын қолға алады.

22-027

– Тестілеу қанша пән бойынша өткізіледі және тапсырмаларды орындауға қанша уақыт беріледі?

– ҰБТ тапсыруға үш жарым сағат (210 минут) бөлінеді. Оны қайта тапсыруға рұқсат жоқ. Тест төрт пән бойынша өткізіледі, яғни қазақ тілі мемлекеттік тіл ретінде міндетті пән, қалған үш пәнді ҰБТ қарсаңында жылдағыдай Министрлік өзі белгілейді.

– Аппеляциялық комиссияның жұмысына тоқталып өтсеңіз.

– ҰБТ-ға қатысушылардың құқығын қорғау мақсатында Республикалық апелляциялық комиссия және әрбір ҰБТӨП-терде апелляциялық комиссиялар жұмыс істейтін болады. Республикалық апелляциялық комиссия жергілікті аппеляциялық комиссиялардың бітірушіге балл қосу туралы ұсыныстарының негізділігін қарап, соңғы шешімді қабылдайды.