— Талғат Бақытұлы, сұрағымды мынадан бастағым келіп отыр. «Уақаб» деген кім? Адамзатты үрейлендіру үшін қу саясаткерлер ойлап тапқан миф пе? «Уақаб» деген сөзді естісек болды көз алдымызға қолдарында автомат, оқ өткізбейтін күртеше, белдеріне жарылғаш зат қыстырған, қаруланған, лаңкес, түр-түсі суық, жүрегінде мейірім жоқ қандықол қаныпезер елестейді. Расында бұлар кім?
– Мұхаммед ибн Абдул Уаххаб Сауд Арабиясы жерінде өмір сүрген ғалым еді. Ол кісі Аллаға серік қосудан тазаруға қатысты біраз үлес қосқан. Оның сол кездегі ойын, сол кездегі түсінігін Сауд патшалығы да қолдаған дейтін де әңгімелер бар. Және де бұл уахабилер, сәләфилер асылында сонау 12 ғасырдан бері келе жатқан жамағат, яғни Пайғамбардың сүннетін істеп, артынан ерушілер. Бұлар 4 мазхабты Имам ағзам Әбу Ханифа, Мәлики мазхабы, Шәфи, Ханбали мазхабтарының пікірлерін, ұстанымдарын жоққа шығарады, немесе осыларды мойындамайтындар. Бұлар «Пайғамбардың жолымен жүресің бе, әлде Әбу Ханифаның жолымен жүресің бе» дейді. Негізінде мазхабтардың мақсаты Мұхаммед Пайғамбарды тастап, менің жолыммен жүріңдер деген сөз емес қой. Мазхаб дегеннің бірінші мағынасы жол, екінші мағынасы мектеп. Сондықтан біз бірінші мағынасын емес екіншісін алсақ дұрыс болады. Яғни – мектеп. Пайғамбардың сүннетін, Алланың түсірген кітабын және Пайғамбар айтып кеткен хадистерін дұрыс түсіну мектебі. Бүгінде әлемнің көп мемлекеттерінде, мұсылман әлемінің көпшілігі дерлік осы 4 мазхабты ұстанады. Ислам ғалымдарының баршасы дерлік бұған қатысты дұрыс көзқарас білдірген. Мазхабтарды бірауыздан жоққа шығару өткен ғасырдың соңғы жағында басталған тірлік. Ары кетсе 30-40 жыл болған шығар. Бұған дейін қаншама дін ғалымдары, құранды, хадисті түсіндірушілер 4 мазхабтың бірін ұстанатын. Бір қызығы, жаңағы уахаб, сәлафшылар бір мәселеге қатысты пікірталас бола қалса сол ғалымдардың еңбегіне, зерттеуіне жүгінеді. Бірақ сол кісілердің ұстанған жолы, мазхабы дұрыс емес деу барып тұрған білімсіздік. Осыдан біраз бұрын Медине қаласына барған кезімде мазхабтар бойынша сабақ өтіп жатқан мұғалімдерді көрдім. Біреулері ананыкі дұрыс, бірі мынанікі дұрыс деп, шәкірттеріне дәріс беруде. Уахабшылар деп бір сөзбен айтқанда мазхабтарды мойындамайтындарды айтамыз.
– Сауд Арабиясы түгелдей дерлік уахабизм жолымен жүреді деп естиміз. Осы рас па?
– Ол жақта мен уахабистпін деп жүрген ешкім жоқ. Бірақ дегенмен Мұхаммед ибн Абдул Уаххабтың Таухид кітабын оқиды. Ол сенім тұрғысында жазылған кітап. Сәлафимін, уахабимін деп топ құрып жүргендерді өз басым кездестірмедім.
– Анау жатқан Палестина, одан берідегі Сириясы бар, Ирак, Ауғаныстанның жанкештілері күн сайын болмаса да күнара өз-өзін жарып жатады. Ислам бойынша өзін-өзі өлтіру, сонысы арқылы еш кінәсі жоқ адамдарға зиянын тигізу қаншалықты ақталатын дүние?
– Ол елдерге барып, жағдайларын, ішкі тіршілігін білмегеннен кейін олардың анығында не мақсатта, не үшін өз-өздерін жарып жатқандығын білмейміз. Ашығын айту керек ондағы соғыстың бәрі дін үшін боп жатқан жоқ. Ондағы соғыс – дүние үшін, жер үшін, байлық үшін. Сондай мақсатты көздеген сыртқы күштер елдің арасына бүлік салуда. Қарсы шыққан еркегі болсын, әйелі, баласы, қарт анасы болсын ата салу, зорлап кету, қинау, азаптау секілді жантүршігерлік жағдайлар орын алып жатыр өкінішке орай. Қысқасы сол жердің дүниесін, байлығын иемдену үшін сыртқы күштер қолдарынан келгеннің бәрін істеуде.
Асыл дінімізде өз-өзін өлтірген адам тозақтық делінген.
– Молдаларды бас-көз жоқ сынай беру қазіргі кезде әдетке айналып кеткен сияқты. Дегенмен «молда жұмыс істемейді, молда елді ұйыта алмай отыр, молда ішкіш, молда ұры, молда қыз зорлайды» деген сияқты қорқынышты оқиғаларға да куә болып жүрміз. Осындай көлденең көк аттылар асыл дінімізді насихаттаушылардың арасына қалай кіріп кетіп жүр?
– Міне осымен үшінші дінбасымыз ауысты. Е. Маемеров нағыз діни сауаты бар, терең білімді, діни оқу орнын бітірген азамат. Қазақстанда кезінде ары кетсе 200-дей ақ мешіт бар болатын болса, қазір 2,5 мыңнан асып жығылады. Әр мешітте жоқ дегенде екі-үш, кейбірінде мұғалімі, азаншысы, көмекші имамы, бас имамы бар, 10-ға жуық қызметкер жұмыс істейді. Сараптама жасап, жұмысқа алған кезде ақыл есінің дұрыстығы, білімінің жоғарылығы бәрі-бәрі есепке алынады.
Бізде молдасы жоқ ауылдарда арақ ішпейтін, фатиха мен ықылас сүресін ғана білетін жүріс-тұрысы дұрыс ау деген бір кісіні амалдың жоқтығынан халық бірауыздан молда етіп сайлап қояды. Себебі басқа кадр жоқ. Олай етпесе де болмайды, бір ауылға бір имам керек қой. Әйтпесе некені кім қияды, қайтыс болған адамның жаназасын кім шығарады, діни рәсімдерді кім орындайды? Осы сәттерде жаңағы мінезі өзгеше, дөрекі, көпке білдіре бермейтін оғаш қылықтары бар кейбіреулердің кірігіп кететіні рас. Дегенмен дінбасылардың барлығының негізгі ісі осы кадрларды жаңарту болып келеді. Және сауатты, білімді азаматтардың қатарын тез арада толықтыру мақсатымен 10-шақты мед-ресе, басқа діни білім беретін, имамдар әзірлейтін оқу орындар ашылды. Әлі де ашыла береді деген сенімдеміз.
– Қазір ең бір жиі талқыланатын тақырыптардың бірі — әйел затының киетін хиджабы мен ер азаматтардың сақал қоюы. Жалпы, білуімше Мұхаммед с.ғ.с. пайғамбарымыз заман талабына сай киінуге рұқсат еткен көрінеді. Осы бір басы даудан арылмайтын тақырыпқа қандай тоқтам айтасыз?
– Біріншіден орамал мәселесіне келсек, әйел затының ұятты жерлерін жабу керектігі Құранда да, хадис-те де айтылған. Пайғамбарымыз балиғат жасына толған әйел баласы ұятты жерлерін жаппайынша намазы қабыл етілмейді депті. Сол себепті қай мазхабтың өкілі болсын барша мұсылман ғұламаларының келіскен бір нәрсе бар, ол – орамалдың парыз екендігі, ұятты жерді жабу керектігі. Бірақ ұятты жерді жабудың өз әдебі бар. Біріншіден ішкі денесі көрінбеуі тиіс, екіншіден тар киінбеу керек, үшіншіден жүзі ашық болғаны жөн. Шаш, мойын, құлақ ұятты жерге жатады. Сосын білезігінен төмен, және тобығынан төмен жерлерінің барлығы ұятты жерлерге жатады. Пайғамбарымыз «күйеуіңді есепке алмағанда ұятты жерлеріңді қорғағын» деп өсиет еткен. Ал енді хадистерде, Құранда болсын қара киініңдер, міндетті түрде қара болсын, ана жері мынандай болсын деген үкім жоқ. Ең бастысы ұятты жерді жабу. Оны қалай жабасыз бұл енді әркімнің өз мәселесі. Сондықтан әр ұлт өзіне сәйкес етіп, жарасымды, өрнектелген, үйлесімді, халықтың көзіне ерсі көрінбейтіндей киім киюі керек.
Сол секілді ер азаматтар да ұятты жерін жабуға міндетті. Оған кіндік пен тізенің аралығы жатады. Ерлер де ұзындау киім кигені абзал. Сақал қоюға келсек, мұсылман қауымға бұл сүннет. Пайғамбарымыздың заманында дінге мойынсұнбаған мүшіріктер, пұтқа табынатындар мұрттарын ұзын қылып өсіріп, сақалдарын қырып тастайтын еді. Мұхаммед с.ғ.с. бұларға қарсы мақсатта сақалды ұзын етіп өсіріңдер деген. Бірақ қалай болса солай емес. Абдулла ибн Омар сахаба сақалын алақанымен ұстап тұрып, осыдан артығын алып тастау керек депті. Бірақ сақалды қою парыз не уәжіп деп айта алмаймыз. Лажы болса қойған дұрыс. Пайғамбардың шапағатына бөленеміз.
Балақ мәселесіне келсек, Пайғамбарымыз с.ғ.с. хадисінде «кімде кім тәкаппарлықпен шалбарын тобықтан сүйретіп жүретін болса, ол адам тозаққа кіреді» деген. Бұл жерде тобықтан жоғары не төменде тұрған не мәселе бар? 2-3 см ұзындау қылсаң тозаққа кіресің бе деген сұрақтар бар. Бұл жерде хадистің қай кезде және қандай жағдайда айтылғанына мән беру керек. Пайғамбарымыз хадисте «тәкаппарлықпен кигендер» деп айтып тұр. Яғни сол заманда тәкаппарлықпен тобықтан төмен киген қауымдарды сол тәкаппарлығынан тыю үшін осылай деген. Бүгіндері кейбір бауырларымыз өкінішке қарай хадистің беткі мағынасын, не үшін, қай кезге қарата айтылғанына қарамай сөзбе-сөз пайдаланып, солай амал етіп жүр. Пайғамбарымыздың ең жақын досы Әбу Бәкір: «Ей Алланың елшісі, менің киімім тобығымнан түсіп кете береді, үнемі көтеріп жүруім керек, мен не істеймін?» десе Пайғамбарымыз: «Ей, Әбу Бәкір, сен олайша тәкаппарлықпен төмен түсіріп киетіндерден емессің ғой» десе керек. Сол үшін де қазіргі заманғы киім үлгісі бойынша тігілген, тобықтан төмен түсіп тұратын киімдерді кигеннің еш айыбы жоқ. Тек тәкаппарлықпен кигендерге ғана қауіп бар.
– Өз-өзіне қол салып, қайтыс болған адамның жаназасы шығарылмайды. Бірақ бүгінде жаназасы шығарылып, қабірдің қақ ортасына жерленгенін де көріп қаламыз. Жалпы, Ислам діні осыны қалай реттеп келген?
– Өз-өзіне қол жұмсау, жоғарыда айтып кеткенімдей өте ауыр күнә. Өмірдің уақытша қиындығына, сынағына шыдай алмастан өз-өзін өлтіру арқылы қиындықтан арыламын деу барып тұрған дінге қайшы әрекет. Пайғамбарымыз айтып кеткендей кімде-кім не нәрсемен өзіне қол жұмсап, жарақаттайтын болса ана дүниеге барғанда сол тәсілмен, сол нәрсемен мәңгілік азапталатын болады. Дегенмен, қаншалықты өзіне қол салып қайтыс болғанымен, олар бәрібір мұсылман күйінде қалады екен. Діннен шығып қалмағанымен үлкен күнәһар болып есептелінеді. Егер өзіне қол жұмсап, бірақ аман қалған жағдайда құдайға беріліп, жалбарынып, амалдар жасамайынша, тәубе етпесе тозақта азапталады.
Ислам ғалымдары мұндай азаматтардың жаназасын үлкен дәрежедегі ғұламалар, имамдар, мүфтилер емес, қарапайым адамдар шығарсын деген. Кейде жаназасын шығармай жерлеу рәсімі өткізіледі. Бұл басқаларға үлгі болсын деген ниетпен жасалады. «Егер ертең сендер де осылай өздеріңе қол жұмсап өлсеңдер сендердің де денелерің жуылмастан, кебінделместен, жаназаларың шығарылмай жерленесіңдер» деген ескерту. Арақ ішіп, есірткі пайдаланып немесе жол ережелерін сақтамай, көлікті жоғары жылдамдықта айдап өз-өзіне қатер төндіру де өзіне қол жұмсағанмен тең.
Тәуке ханның кезінде жасалған Жеті жарғы заң жинағында да осы суицидке қатысты тарау бар. Онда «Өз-өзіне қол жұмсап өлгендер мұсылман зиратынан басқа жерге жерленсін» делінген.
– Қажылыққа барғанда оқыс жағдайларға тап болып, сол жақта қайтыс болатындар жайлы жыл сайын естиміз. Бірақ халық арасында қажылыққа барып, Меккеде қайтыс болған адамның жаны жұмаққа барады деген түсінік қалыптасқан. Сосын Меккеге жерлеу керек дейді тағы. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Пайғамбарлардың барлығы дерлік қайтыс болған жерінде жерленген. Бұл бізге емес соларға ғана тән нәрсе. Мәселен Мұхаммед пайғамбарымыз Мединедегі қайтыс болған үйінде жерленген. Қазір ол жер мешіт, мүрдесі сол мешіттің бір бұрышында.
Расында қабірдегілер бір-бірін көрмейді. Сол сияқты ерлі-зайыптылар, немесе туысқандар бір жерге жерленсе де бір-бірімен тілдесе де жүздесе де алмайды. Тек Алланың дәрегейімен ақырет күні тірілтілген кезде ғана бір-бірін көруі мүмкін. Жол жағдайына байланысты ұзақ жерде қайтыс болса, денесі жолға жарамайды делінсе сол қайтыс болған жерге жерлеген дұрыс. Меккеде жерленгеннің пәлендей артықшылығы жоқ. Қажылықта жүріп қайтыс болған адамдарды жұмаққа барады деу оның жақсылық жолында жүргендігімен байланысты. Бірақ «ол жақсы жолда қайтыс болды, енді ол жәннаттық» деп кесіп айта алмаймыз. Кімнің жаннаттық, кімнің тозақтық екенін бір Алладан басқа ешкім білмейді.
– Намаз оқитын әйел заты оқып болғаннан соң шалбар киіп, немесе сол сияқты жеңіл, ашық киініп жүре беруіне асыл дініміз бойынша рұқсат бар ма? Ондай әйелдердің мінәжаты қаншалықты қабыл алынады деп ойлайсыз?
– Ондай намаз қабыл етіледі. Намаз барысында толықтай ұятты жерін жауып, ислам қағидалары бойынша киініп Аллаға жалбарынса, ол мінәжаты дұрыс. Бірақ одан кейінгі киген ашық киімдері үшін өзіне күнә артады. Бұл бөлек жеке мәселе.
– Білуімізше Алла тағала адам тағдырын ол туылмай жатып жазып қояды. Яғни қашан, қай жерде және кімнен туылатыны, қашан, қай жерде неден қайтыс болатыны жазылады. Солай емес пе? Бірақ иісі мұсылманның барлығы дерлік Алладан жеңіл өлім тілейді. Осы жерде мынаны білгім келеді, Алла адамның тілегіне қарай өзі жазған тағдырды өзгерте ме?
– Бұл әрбір адамның көкейінде жүрген сауал. Тағдырымыз ежелден жазылып қойылады. Алла тағала жеті қат көк пен жеті қат жерді жаратпай тұрып, қаламды жаратқан. Қандай қалам – ол жағы бізге белгісіз. Жаратып болған соң ол қаламға «жаз» дейді Алла. Сонда ол «Раббым, нені жазайын?» депті. Алла тағала: «Қияметке дейінгінің бәрін жаз» деген. Сосын ол мына дүниедегі бүкіл болатын нәрсені жазып шығады. Қанша тал, шөп шығады, қанша адам туылады, не істейді, не ішеді, не жейдінің бәрін Лауху Махфуз деп аталатын сақтаулы бір тақтаға жазған.
Бұл жерде адамзаттың түсінуі тиіс бір нәрсе бар. Алла әрбір адамның тағдырын жазған кезде мәжбүри түрде жазған жоқ. Мен осыны осылай істетемін, мәселен мынаны арақ ішкіземін, енді бірін карта ойнатып қоямын, казинодан шықпайтын етемін деп жазған жоқ. Бұл жерде білімімен жазды. Себебі Алла алдағы да, өткен нәрсені де біледі. Алланың алдында өткен шақ, осы шақ, келер шақ деген жоқ. Бүкіл нәрсені ол біліп тұрады. Бірақ ешбіріне мәжбүрлі түрде істетпейді. Мысал келтірейін, сіз мұғалімсіз, директор келіп биыл қанша бала беске бітіреді деп сұрайды. Сіз мына бала беске, мынауысы төртке, мына бала келесі жылға қалып кетеді ау дейсіз. Сонда сіз оларға мәжбүри түрде солай істетем деп тұрған жоқсыз ғой. Сіз олардың қарым-қабылетін білгендіктен алдын-ала айта салдыңыз. Бұл да дәл осы секілді. Артықшылығы Алла болмаған нәрсенің мағлұматын біледі.
Пайғамбарымыз садақа бәлені қайтарады, туысқандық қарым-қатынас өмірді ұзартады деген. Кейбіреулер «Құдай басыма алқаш боласың деп жазса не істеймін, маңдайға жазғанды көрем де» деп жатады. Дегенмен алдағы уақытқа басыңызға Алла не жазғанын білмейсіз ғой. Сол үшін олай айтқан дұрыс емес. Тағдырында не жазылғанын адам білмейді. Сол үшін әрекет жасау керек. Ғибадат етіп, жақсылық істеңіз. Алла сіздің іс-әрекетіңізге қарай тағдыр жазған. Бір сөзбен айтқанда адамда ерік бар, таңдау мүмкіндігі бар. Егер Алла тағдырыңызды мәжбүрлі түрде жазған болса сіздің қолдарыңыз, аяқ, тілдеріңіз өзіңізге бағынбас еді. Қаламасаңыз да біреуді тіліңізбен боқтап, біреуді ұрғыңыз келмесе де ұрар едіңіз, қолыңыз бағынбай барып ұрлық жасар еді.
Сол үшін адам тағдыры өзгертілетінін ұмытпайық. Алла тілегеніңді беруші, аса мейірімді әрі аса қайырымды.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан – Дәурен ӘБДІРАМАНОВ