«Жыл шебері» байқауы аяқталды

452
Оңтүстікте "Жыл шебері" анықталды

«Жыл шебері» облыстық байқауы тартысты өрбіді. Өңіріміздегі техникалық және кәсіптік білім мекемелері арнайы пән оқытушыларының, өндірістік оқыту шеберлері мен оқушылары арасында өткен сайыс бірнеше күнге ұласты. Ұйымдастырушылардың айтуынша, басты мақсат – кадрларды даярлауда кәсіптік білімге баулу арқылы инновациялық жобаларды өндірісте қолданудың тиімділігін арттыру.

4 кезеңнен (1. Теориялық, 2. Тәжірибелік, 3. Таныстыру, 4. Ситуациялық жағдайларды шешу.) құралған байқау шарты бойынша, бірінші және екінші кезеңнің қорытындысына қарап, үшінші және төртінші кезеңге әр сала бойынша 5 қатысушыға жолдама берілген. Байқау барысында Ә.Қастеев атындағы Оңтүстік Қазақстан өнер және дизаин колледжінің студенті Ибадулла Бекжан да өзінің қолөнер еңбектерін ұсынды. Бүгінде оқу орнының былғарыны көркемдеп өңдеу бөлімінде білімін жетілдіріп жүрген 17 жасар студент мынадай садақ пен қорамсақ жасауға 2 ай көлемінде уақыт жұмсағанын айтады.

Қолөнер
Ибадулла Бекжан байқауға ұсынған еңбегім жеңіс сыйлайтынына сенімдімін дейді

Ибадулла Бекжан, үміткер: “Ия, расында да менің әкелген дүнием өзгелердіңкінен ерекше. Қазақтың қолөнері жоғалмас үшін, инновациялық дамуды ескере отырып жаңа үлгіде жасадым. Бүгінгі күнге дейін ұрпақтан-ұрпаққа мұра болып келген дүниені ертеңге жеткізу бізге жүктелген деп білемін. Былғарыдан жасалған еңбекті жасауға 2 ай уақыт жұмсалды, былғарыны суға салып, арнайы құрал-жабдықтар арқылы оның сыртын ою-өрнекпен көркемдеп шықтым. Безендіру мақсатында жан-жағын ерекше әдіспен тоқыдым. Жүлдеден үлкен үмітім бар, себебі менің жасаған инновациялық еңбегім өзгелердіңкіне мүлдем ұқсамайды. Нағыз қазақтың қолөнерін жаңғыртуға бағытталған. Ұлттық нақышта. Сол үшін көпшілік менің жасаған еңбегіме қызығушылық танытып жатыр, тіпті жаңадан танысып жатқандары да бар”.

Өңіріміздегі  өнерпаздарының басын қосқан үздіктер додасына келген көпшіліктің де қарасы қалың болды. Баршасы үміткерлердің еңбектерін таразылап, жеңіске кім жетерін топшылап жүр.

Ләззат Маймақова, көрермен: “Жыл сайын осы байқауды асыға күтеміз. Алдымен Оңтүстіктің әкіміне алғысымды білдіргім келеді. Өнерді түсініп, оны қолдап, танылмағандарды танытып, былайша айтқанда оларға құрметін білдіргені үшін! Түрлі инновациялық жобаларды көріп таң қалып жатырмыз. Менің ойымша, Оңтүстік Қазақстан политехникалық колледжден және аграрлық орта арнаулы оқу орнынан келген өнерлі студенттер бүгін жеңіске жетеді деп ойлаймын. Енді қалғаны — қатысушыларды бағалау, дұрыс шешім шығаруда қазылар алқасы қателеспейді деген үміттеміз”.

Оңтүстіктің шеберлері инновациялық жобаларын ұсынды

Өңіріміздегі опера және балет театрында өрбіген байқау көптеген өнер иелерінің өнер әлеміне деген қызығушылығын арттырғандай болды. Сонымен «жүзден жүйрік, мыңнан тұлпар» болып танылғандар арнайы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.

Құрылыс саласы:

  1. Павел Лвенчук — 1-орын (планшеттік компьютер);
  2. Сәкен Сапаров – 2-орын (ноутбук);
  3. Дилярам Анарбаева – 3-орын (Сандық фотоаппарат).

Техникалық сала:

  1. Үрзада Абдукадырова – 1- орын (планшеттік компьютер);
  2. Алтынбек Жұмадиллаев — 2-орын (ноутбук);
  3. Айпарша Абенова — 3-орын (Сандық фотоаппарат);
  4. Асылхан Ризабек — арнайы номинация;
  5. Бекзад Икрамшиков — арнайы номинация.Ауыл шаруашылығы:1. Оралхан Хожамжаров — 1- орын (планшеттік компьютер);2. Шарахан Күлбаев — 2-орын (ноутбук);3. Түменбай Мұсабеков — 3-орын (Сандық фотоаппарат);4. Сапарәлі Сүйеров — арнайы номинация;5. Шавкатбек Юлдашев — арнайы номинация.

Қызмет көрсету саласы:

  1. Зуфар Шамшиметов – 1- орын (планшеттік компьютер);
  2. Адина Баязитова — 2-орын (ноутбук);
  3. Ләззат Тұрлыбекова — 3-орын (Сандық фотоаппарат);
  4. Татьяна Удовиченко — арнайы номинация;
  5. Зульфия Иманкулова — арнайы номинация.

Ал ұйымдастырушылар биыл 2-рет қолға алынған байқау дәстүрге айналады деп жоспарлап отыр.