Қырғызға кіру қиындады. Қайда демаламыз?

«The traveler zone» интернет-порталы Қырғызстандағы Ыстықкөл табиғатын жер жүзіндегі ең сұлу 25 көлдің қатарына қосқан болатын

Жазғы демалыс басталғалы қандастарымыз қайда барарын білмей дал болуда. Өйткені, шетелдерде болып жатқан түрлі жағдайлар туристердің жоспарын өзгертуге мәжбүрледі. Енді халық ұзаққа бармай, көршінің көрікті жерлеріне көңілді саяхат жасасақ та жаман болмас деп отыр.

«Ыстықкөлде» шомылу бағасы 20%-ға қымбаттаған
«Ыстықкөлде» шомылу бағасы 20%-ға қымбаттаған

Түркия мен Араб Әмірлігінен кем түспейтін айырқалпақты ағайындардың демалыс орындары да туристердің дендеп баратын жері. Тіпті, «The traveler zone» интернет-порталы Қырғызстандағы Ыстықкөл табиғатын жер жүзіндегі ең сұлу 25 көлдің қатарына қосқан болатын. Қырғыз бауырлар шетелдердегі жағдайды ескерген білем, биылғы жаз айларында шомылу бағасын 20 пайызға қымбаттатып жіберіпті.

Жуырда көрші мемлекеттің ресми делегациясы Алматыға келіп, өз демалыс орындарын жарнамалады. Айтуларынша, елдегі тәртіпсіздіктерге қарамастан туристердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстары қолға алынған. Дегенмен, шомылу маусымы басталысымен бағаның қымбаттағанын да жоққа шығармады. Ғаламтор беттерінде Қырғыз Республикасы мәдениет және туризм министрінің орынбасары Данияр Қазақов былай дейді: «Биыл да біз дәстүрлі шараларды өткізетін боламыз. Эстрадалық музыка кеші өтіп, ол Еуропадан Австралияға дейінгі аралықта таратылады. Сондықтан оның ауқымы кеңеймесе, азая қоймады. Шенділердің сөзі мен уәдесі өзгермегенімен, шешімін таппаған мәселелер жетерлік.

Мәселен қос мемлекет арасындағы шекара бекеттері қысқартылып, қалғандары ағылған туристерге толық қызмет көрсете алмай жатыр. Сонымен қатар жаңа ережеге сай, енді кәмелетке толмағандарға арнайы құжаттар толтырылуы тиіс екен». Бұл сөздің жаны бар. ҚР азаматтары мен Қырғыз Республикасының азаматтары екі елдің шекарасына өту тәртібі туралы арнайы келісімде кәмелетке толмағандар енді тек туу туралы куәлігімен шекара аса алмайтындығы көрсетіліпті. Яғни, қырғыз аумағына өту үшін кәмелетке толмаған балаларға енді туу туралы куәлікпен қоса тұрғылықты мекенжайы, ата-анасы туралы мәлімет көрсетілген және суреті жабыстырылған анықтама қажет болады. Немесе, ата-анасының бірі өздерінің төлқұжатына бірге алып өтетін баласының суретін жабыстырғызып алуына да болады. Анықтама тегін берілсе, екінші қызмет үшін азаматтар 1 айлық есептік көрсеткішпен 1731 теңге төлеуі тиіс.

Өйткені, шетелдерде болып жатқан түрлі жағдайлар туристердің жоспарын өзгертуге мәжбүрледі
Өйткені, шетелдерде болып жатқан түрлі жағдайлар туристердің жоспарын өзгертуге мәжбүрледі

Бұған дейін тек туу туралы куәлікпен ғана ата-анасымен шетелге өтіп жүрген жеткіншектерге де енді арнайы құжат қажет. Бұл анықтаманы рәсімдеуді көпшілігі қиынсынатынға ұқсайды. Осы жөнінде Қазақстан туристер қауымдастығының өкілі Шакира Әділбекова былай депті: «Қазіргі таңда құжат жағын рәсімдеу қиынға соғып отыр. Туроператорлардың басым бөлігі сондықтан Ыстықкөлге барудан бас тартуы мүмкін».

ОҚО ІІД көші-қон полиция басқармасының бастығы Балтабек Аблаев: «кәмелетке толмаған балаларға арнайы анықтама қағазын жасау тиімді болмақ. Бала бір жағдайға душар болса, анықтама қағазында көрсетілген мекенжай, ата-анасы туралы жазылған мәлімет бізге көмектесе алады. Сондай-ақ, бұл қағаз балалардың ұрланып, шетел асып кетуінің алдын алады. Мұндай құжатты дайындау көп уақытты қажет етпейді, қажет қағаздар түгел болса 1 күннің ішінде рәсімдеуге болады» – дейді. Айырқалпақтылардың ренішіне орын жоқ сияқты, өйткені біздегі құжат азаматтарымыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етуге көмектеседі екен.

«The traveler zone» интернет-порталы Қырғызстандағы Ыстықкөл табиғатын жер жүзіндегі ең сұлу 25 көлдің қатарына қосқан болатын
«The traveler zone» интернет-порталы Қырғызстандағы Ыстықкөл табиғатын жер жүзіндегі ең сұлу 25 көлдің қатарына қосқан болатын

Жуырда ғана Ыстықкөл облысында халық ереуілге шыққан болатын. Әлеуметтік мәселелердің шешілуін талап еткен ызалы халықтың шеруінен соң елде төтенше жағдай жарияланған-ды. Бірақ, мұндағы жағдай қазір бірқалыпты, алаңдауға себеп жоқ, деп отыр қырғыздың ресми өкілдері. Олар туристік маусымға елдегі саяси толқулардың ешбір кедергісі тимейді деп сендіруде. Туристердің қауіпсіздік шараларын мықтап қолға алған көрші ағайындар, «баға» мәселесіне аса мән бермеген секілді. Өйткені, Ыстықкөл жағалауындағы қонақүй, шипажай, демалыс орындары қызмет құнын 20 пайызға қымбаттатып жіберген. Алысқа атшаптырмай, жақын жерде орналасқан «Ыстықкөлде» марқайып демалайық деген қазақстандықтардың ойын түсінген сияқты көрші ел.

Соңғы мәліметтер бойынша, егер Қазақстан тарапы келіссе, туристік маусымда Қырғызстан мемлекеттік шекара арқылы қазақ азаматтарын бұрынғы талап бойынша қабылдауға әзір екендіктерін айтып отыр.

Гүлнұр Сәтбаева