Шымкентте қазақ мәдениетінде өшпес із қалдырған, композитор Шәмші Қалдаяқовтың өмірі мен шығармашылығынан сыр шертетін деректі фильмнің тұсауы кесілді.Туындының алғашқы түсірілімі осыдан 22 жыл бұрын режиссер Тілеген Ахметовтың қолға алуымен басталған. Алғашқы сұхбаттан соң композитор сырқаттанып, кейінге қалдырылған. Сазгер дүнеден озып, фильм созылып тоқтап қалған. Биыл қайта жалғасын тауып, жарыққа шықты.
Бұл қазақ вальсінің падишахы, қазіргі әнұранның музыкасын жазған Шәмші Қалдаяқовтың осыдан 22 жыл бұрын жазылған жалғыз бейнесі. Себебі композитор оған дейін де, кейін де бірде-бір рет сұхбат бермеген.
Тілеген Ахметов, режиссер: «Мен түсірмесем, Шәмшінің халық ешқандай түрін білмей, бейнекөрінісін көрмей, тек қана суреттерден ғана көріп қалуы мүмкін ғой деген оймен мен Шәмшіні іздедім. Шәмшіні таптым. Бірақ бір өкініштісі енді бастаймыз деген кезде ол кісі кенеттен қатты ауырды, содан тұрмай кетті ғой.»
Тілеген Ахметов сол Шәмшінің бейнесін жазып қалған жалғыз режиссер. Мезгілінен ерте кетпегенде нағыз құнды фильм әзірлер едім деп өкінеді де. Араға 22 жыл салып деректі туынды Қалдыбек Құрманәлінің продюсерлігінің арқасында көрерменге жол тартты. 50 минуттан тұратын фильм негізінен дерек көздеріне сүйене отырып, Шәмшінің өмірі мен өнер жолын көрсетеді. Жас актер Шәмші-Қалдаяқ Қалдыбекұлы туындыда сазгердің балалық образын сомдапты.
Шәмші-Қалдаяқ Қалдыбекұлы, актер: «Бала Шәмшіні сомдау қиынға түсті. Алғашында уайымдадым. Бірақ, Тілеген ағаның арқасында жақсы ойнап шықтым деп ойлаймын».
Фильмде сондай-ақ, сазгердің әрбір шығарған әнінің тарихы өз аузымен үзік болса да баян етіледі. Қазаққа осындай қайталанбас ән қалдырған сазгер хақындағы туынды бұған дейін Астана мен Алматы да көрсетіліпті. Енді жуық арада отандық телеарналардан көрсетіледі деп жоспралануда.