Шымкенттік оқушылар Алаш арыстарын Францияда таныстырмақ

484
"Алашорда" бойынша өткен ғылыми конференцияның жеңімпаздары

Жерлестеріміз жеңімпаз! Қаламыздағы №8 М.Х.Дулати атындағы гимназияның 2 бірдей оқушысы республикалық «Алаш қайраткерлерінің Қазақстан тәуелсіздігі жолындағы ғылыми мұрасы» атты ғылыми-практикалық конференцияда 1-орынды жеңіп келді. Аталған кеңесті «Ар ілімі» республикалық жасөспірімдер журналы мен Мұстафа Шоқай атындағы Қазақстан-француз достастық қоғамы ұйымдастырып отыр. Олар бұл шараны Алаш қайраткерлерін зерттеп жүрген оқушыларға қолдау көрсету мақсатында қолға алдық деп отыр.

Жас ғалымдар бүгінде «Алашордашылардың» әрбір қадамын зерттеп, олардың бүгінгі қоғамға тигізген үлесін ғылыми мақалаларында дәлелдеген. Сыныптастары алдында қазақ үшін жанын берген азаматтардың жүріп өткен жолы мен қалдырған еңбектерін баяндап жүр. Алматы қаласында өткен кеңесте 1-орынды жеңіп келген олар кеңестегі қарсыластары осал болмағанын айтады.

Жұлдыз Әлімбек
Жұлдыз Әлімбек енді Францияға барып, «Алаш» арыстарының елге сіңген еңбегін айтады

Жұлдыз Әлімбек, жеңімпаз: «Алаш» қайраткерлері туралы мақаланы қорғап, 1-орын алып келгеніме өте қуаныштымын. Өте қатал болды, сайыскерлер де өте көп болды. Үлкен дайындықпен келген. Әрине, біз де барымызды салып дайындалған едік. Қатты қобалжыдым, себебі республикалық дода бәрібір облыстық деңгейден жоғары болады ғой. Ал өзімнің қорғаған тақырыбым, «Алаш қайраткерлерінің» қазақ әдебиетіне қосқан жаңашылдығы. Осы «Алаш» партиясының іргесін қалағандар туралы, оның ішінде Мұстафа Шоқай тек қана қазақ халқының емес, түркі халқының бірлігі мен ынтымағын аңсағаны туралы айтып кеттік. Осы арыстардың ақталғанына 21 жыл болды. Бұл уақыт аз болса да бізге олардың еңбектері мен өздерін танып-білуге мүмкіндік туды. Сол үшін қуанамыз».

Меруерт Дербісбаева, жеңімпаз: «Өте қатты қуанып отырмын. Әріптесім болған Жұлдызға да рахмет. Бір-біріміздің айтар ойымызды бірден түсініп, айтып отырдық. Сондықтан қобалжуды де жеңдік. Ең бастысы біз енді «Алашордашылар» алдындағы парызымызды өтеп жүрміз деп айта аламын».

Айта кетейік, қазылар алқасының құрамында академик, қажы Әбсаттар Дербісәлі, филология ғылымдарының профессоры Айгүл Ісімақова, филиология ғылымдарының докторы Тілектес Бектемисова (А.Байтұрсыновтың немересі) болды. Ал ғылыми конференцияға еліміздің ең білімді оқушылары жазған жұмыстары арасынан 56 ғылыми жұмыс іріктелініп алынған. Ал Республикамызды бағындырған оқушылар жуырда Франция мемлекетіне жол тартады. Парижде өтетін халықарарлық конференцияда ағылшын тілінде «Алаш арыстарының» ерліктері мен еңбектерін паш етпек.