Ғалым-қоғам қайраткері Амангелді Айталымен сыр-сұхбат

1461
Ғалым-қоғам қайраткері Амангелді Айталы "Алашорда" азаматтарына лайықты құрмет көрсетілмей келеді дейді
Амангелді Айталы "НұрОтан" партиясымен ешкім алыса алмайды дейді
Амангелді Айталы «НұрОтан» партиясымен ешкім алыса алмайды дейді

Айталы Амангелді 1939 жылы қыркүйек айының 10-жұлдызында Ресейдің Астрахан облысында, Володарск ауданына қарасты Болдырево ауылында туылған. Орыс тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі, философия ғылымдарының докторы, профессор. 1999-2004 жылдар аралығында екінші шақырылымдағы және 2004-2007 жылдардағы үшінші шақырылымдағы Парламент депутаты. Жылдар бойы білім және ғылым саласында қызмет еткен ол жүздеген ғылыми мақалалардың авторы. «Парасат», «Құрмет Белгісі»ордендерімен марапатталған. Ақтөбе қаласының Құрметті азаматы. Бүгінде «Ақ жол» партиясында қызмет етіп жүрген Айталы Әбдірахманұлы өңірімізде «Алашорда» ұлттық үкіметінің 95 жылдығына орай өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференцияға арнайы келіпті. Сұхабаттасудың да сәті түсті.

– Амангелді аға, бүгінгі ғылыми – тәжірибелік конференцияға арнайы келген екенсіз. Кеңестен алған әсеріңіз қандай?

– Дұрыс айтасыз, мен бүгін Оңтүстік өңіріне арнайы ат басын бұрып отырмын. Конференция ең алдымыен ұйымдастыру жағынан жақсы өтті. Екіншіден айтайын дегенім, конференцияда «Алаш» идеясы, «Алаш» қозғалысы, «Алаш» партиясы әртүрлі тұрғыдан зерттеу қортындылары баяндалды. Себебі, «Алаш» деген өзі күрделі ұғым және «Алаш» интелегенциясы заманындағы терең білімді ұлт мәселесі, жер мәселесі, отбасы, заң, мемлекеттік құрылым, мәдениет – баршасы зерттелген. Бүгін осы тұрғыдан «Алаш» мұрасы біраз сараланды. Конференция сонысымен құнды болды. Мағлұмат-баяндамалар күні бұрын басылып, дайындалды. Бұл кітап елге тарайды. Сол себепті, Алашорда ұлттық үкіметінің 95 жылдығына орай өткізілген ғылыми-тәжірибелік конференцияның Оңтүстік өңіріне де, өзге облысқа да берері көп деп ойлаймын. Ал бір өкініштісі сол, біз әлі күнге «Алаш» арыстандарына лайықты құрмет көрсете алмай жүрміз. Менің ойымша,бүгінгі ұрпақ – қазіргі ел билеп жүрген ұрпақтың көпшілігі «Алашты» білмей өскен. Бұлардың кінәсі жоқ. Себебі, бұлардың еңбектері тұтқында болды. Аттары аталмады. Аталса да оларды бір жексұрын етіп көрсетуге тырысты. Сол салқындық әлі де бар. Өйткені, біздің қалаларымыздағы көшелердің аты, оларға деген ескерткіш, олардың мұраларын зерттеу, олар туралы Қазақстан тарихының өзінде де дұрыс мән беріліп жатқан жоқ. Сондықтан қазіргі ұрпақ «Алаш» зиялыларының алдында үлкен өзінің міндетін, парызын орындауы тиіс.

–  Қазақ елінде тәуелсіздік жалауы мәңгі желбіреуі үшін не істеуміз қажет?

– Жасыратыны жоқ, тәуелсіздік алғаннан бергі тарихымызға үңілсек, біздің бірінші 10 жылдығымыз осы дағдарыспен арпалысумен өтіпті. Соңғы 10 жылда есімізді жиып, жыртығымызды жамап, кішкене жөнделе бастаған кезіміз. Сондықтан тәуелсіздікке енді ғана дұрыс көңіл бөліп жүрміз. Дегенмен жақсылыққа жориық. Тәуелсіздік бәрінен де қымбат! Тәуелсізік қасиетті! Тәуелсіздікті азалы күнге айналдыруға болмайды. Марқұмдар еске алынар, тәуелсіздік жолындағы тарихи оқиғалар айтылар, бірақ тәуелсіздік біздің халқымыз үшін киелі мереке! Бұл біздің 86 жылғы боздақтардың жеңісі күні! Сол себепті, шын жүрекпен құрметтеп, айрықша атап өтуміз қажет деп ойлаймын. Ал елімізде тәуелсіздік мәңгі жасауы үшін, ең алдымен әрбір қазақстандық осы ұғымды сыйлап-құрметтеу білуі керек! Өз болмысын, табиғатын сақтап төркүл дүние алдында Қазақстанның тәуелсіз мемлекет екенін мойындатуды жалғастыру керек. Әрбір ұрпақ өзіне артылған жүкті жауапкершілікпен сезініп, еліктеуді доғаруы міндетті. Сонымен қоса тәуелсіздік мерекесіне дейін жер-жерде шыршаны тігуі дұрыс емес. Соның өзінде қаншама саясат жатыр. Жастар мұндай әрекеттерге әуес болмауы керек. Шырша деген, жаңа жыл деген бұл енді Исус Христустың есімімен байланысты ғой. Әрине, біз христиан дінін сыйлаймыз. Бірақ бар нәрсенің шегі болады емес пе?! Бір шаңырақтың астында отырған соң, тәуелсіздікке құрмет көрсетіп, бағалай білуді ұмытпаған жөн! Менің айтпағым, біз жас мемлекет болғандықтан әлі күнге тәуелсіздікті қалай тойлау керектігін білмейміз. Мәселен, жаңа жылды кейінге қалдырып, бір ай бойы тәуелсіздікті тойласақ болар еді. Сонда ғана Қазақстан мәңгілік тәуелсіздікті сақтап қала алатыны анық. Ал қалың қазақтың болашағы жарқын болуы – қазақтың өз қолында! Оны біреу бізге әкеліп бермейді! Осы уақытқа дейін тарихты өзіміз жасап келдік қой, арпалысып, тәуелсіздік алдық. Болашақта да сол тарихты өзіміз жасаймыз. Ешкім біздің әр отбасыға келіп, бақытты, ырысты, игілікті әкеліп бермейді. Елге де сол сияқты. Барлығы еңбекпенен, өзіміздің қолымызбенен келеді. Мынау америкалықтар айтады, ең мықты жанарай ол аққан тер деп. Сол аққан тердің бағасын білсек, еңбектің құдіретін білсек, қазақы табиғатымызды сақтай алсақ – әрине біз діттегенімізге жетеміз!

– «Ақ жол» партиясында жүрсіз… Қазақстанның бүгінгі билік жүйесіне көңіліңіз толады ма?

– Толады да, толмайды да! Толатын жағдайлар бар және толмайтын да жағдайлар бар. Мақтай да, даттай да алмаймын. Өмірдің өзі солай ғой. Бірде мақтайтын тұстары бар, кейде көңіліңді қалдыратын сәттер де кездеседі. Сондықтан әрбір азамат байсалды түрде баға бергені де дұрыс! Ал көңілім толмайтынына келетін болсам, қазақы мынау мәдениетті, тілімізді, дәстүрімізді сыйлау, құрметтеуге-дәріптеуге келгенде саясат ақсап жатады. Тым еліктегіш, тым еуропашыл болудың соңы бізге жақсылық әпермейді. Иә, өзіңіз айтқандай, «Ақжол» партиясында жүрмін, бірақ елдің болашағы «Ақ жол» партиясына қарап отырған жоқ қой. Енді бұл партияның жақсы бір бағдарламасы бар – «Алаш» партиясының мұрагері болғысы келеді. «Алаш» идеясын дамытқысы келеді. Бұны қолдаймыз, бірақ интеллектуалдық күшіміз оған аздау сияқты. Кәсіпкерлікті қолдайды, бұл дұрыс. Алайда, кәсіпкерліктің өзі халыққа қалай жұмыс жасайды. Оны да ойлауымыз керек. Парламенттегі фракциямыз бар, бірақ ол «Атамекеннің» фракциясы сияқты әлі де болса үлкен бір саяси партиялық фракция деңгейіне жете алмай отыр. Әлі де әлсізбіз! Мәселен, сан жағынан да, сапа жағынан да Парламентпен, Нұротанмен кім алыса алады?! Сондықтан әлсізбіз…

– Білуімізше, Сіз Ресейде туылдыңыз. Бүгінде қалың қазақтың руханиятына етене жақынсыз, шаруасына да белсене араласып жүрсіз…

– «Қасқырдың баласын қанша бақсаң да, орманға қарап ұлиды» деген ғой қазекең… Мен 20 жасымда келдім Қазақстанға. 50 жылдам астам мен елімдемін. Бірақ әзілдеп «оралманмын» деп айтамын. Енді едің тарихын білу, тілін, мәдениетін меңгеру – бәрімізге тиесілі міндет. Ол Ресей деп айтылғанымен, ол да қазақтың жері. Шекараны бөлгенде, шекараның арғы жағында қалып қойған қазақтар ғой. Астрахандағы қазақтар «өз жерімізде отырмыз» дейді. Енді тағдыр осылай болды. Жер бөліскенде олар арғы жақта қалған. Менің бір айтатыным, тіпті маған ол жақтан алтын тақ ұсынса да бармас едім. Себебі, менің өз Қазақстаным бар, өзімнің шаңырағым бар. Маған осында жақсы.

– 100-ден аса ғылыми еңбектердің авторысыз, «әттеген-ай, жаза алмадым» деген жұмыстарыңыз бар ма?

– Осыншама ғылыми мақалалрымның барлығының да айтпағы бір – ұлттың намысы, мұраты, тілі, мәдениеті. Ал әттеген-ай дейтін тұстарым өте көп. Кейде ойымды түйіп, бір дүние жазбақшы боламын да, артынша денсаулығым сыр береді. Немесе уақыт болмай жатады. Осылайша жазылмай қалған еңбектер жетерлік! Нақты мынау деп айтпай-ақ қояйын. Себебі, қолдан келгенше еңбектеніп жатырмын. Алдағы уақытта ғылым жолындағы олқылықтарымды толтырамын деген ниет те жоқ емес.

– Екінші рет дүниеге келсеңіз, саясаттың шеңберіне жолар ма едіңіз?

– Жоқ. Екінші рет дүниеге келсем, мұғалім болып жүрер едім. Себебі, басқа қолымнан ештеңе келмейтін сияқты.

–  Отбасыңызға тоқталсақ…

– Гүлжан атты жарым бар. Қызым Жанар шет елдік компанияда маркетолог болып жұмыс жасайды. Ұлым Айбар ақпараттық технология саласында. Ал екінші перзентім Айдар Қазақстан қарулы күштерінде полковник қызметін абыроймен атқарып жүр. Балдан тәтті немерелерім бар…

– Арманыңыз бар ма? Алға қандай жоспар қойып отырсыз?

– Арман қай кезде де арман. Мәселен, менің балалық шағым өте қиын жағдайда өтті ғой. Ол кездегі арманым тойып тамақ ішсем, тойып нан жесем, тоңбайтын киім кисем болды. Себебі, әкем соғысқа кетті. Шешем колхозда болды. Менде еркелік, молшылық деген болған жоқ. Ал қазіргі арманым – еліміздің экономикасы өркендеп, бұдан әрі дамыса, қазақы болмысымыз жойылмаса екен деймін! Жеке басыма қатысты еш арманым жоқ! Жоспар деген көп. Қайсыбірін айтайын. Бірақ қайсы болмасын елдің назарында, көз алдында жүзеге асатын болады.

– Ел болашағы – жастарға көңіліңіз толады ма?

– Толады. Жастар жақсы! Жастар әр уақытта да жақсы! Ел ертеңі екенін біліп, жауапкершілікті сезінуі де бізді қуантады. Ал жастардың кемшін тұстары болса, бұл олардың кінәсі емес. Жастолқынды тәрбилейтін мектеп мұғалімдері мен жоғарғы оқу орны ұстаздарынан қателік көп. Үлгі бола алмайтын, ұят жағдайлары жетерлік. Студенттің қалтасына қарайтын масқара мұғалімдер де бар. Ол қандай дәрежеге лайық?! Сондықтан жастар бізден жақсы үлгі алса, жастар да әділ болады. Жастар – біздің айнамыз! Жастарды кінәлау – өзімізді кінәлаумен бірдей.

– «Отырар.қаз» сайтының оқырмандарына қандай тілегіңіз бар?

– «Отырар.қаз» сайты ақпаратты шұғыл әрі шынайы жеткізетінін білеміз! Сондықтан, ең алдымен тілшілеріне шығармашылық табыс тілеймін! Жасай беріңіздер! Ал оқырмандарына денсаулықтарымыз мықты болсын! Жүрегімізге иман, денімізге саулық тілеймін! Еліміздің болашағы жарқын болғай! Қазақсатнымыз гүлдене берсін!