Таң сәріде ұйқыдан оянған Лутфулла Якимов өз көзіне өзі сенбепті. Баспанасына қараса оның үйінің шатыры түгелімен жоқ. Түнде болған күшті жел баспана шатырларын 15 метрге дейін ұшырып әкеткен. Осылайша, бір түнде шатырсыз қалған Бадамдық тұрғын үй шатырларын көршісінің үйінен тауып алған.
Лутфулла ЯКИМОВ, тұрғын: «Жағдайдың қалай болғанын тіпті білмеймін. Түнде күшті гүрсіл естігеніміз рас. Ал азанда тұрсақ баспанамыз шатырсыз қалыпты. Көршінің үйінен таптық».т
Ал көрші үйдің адамдары есік алдына жиылып қалған шатырларды тазалауға кіріскен. Өйткені, күшті екпінмен ұшқан заттар үйдің қабырғаларына зақым келтіріпті.
Надежда ИВАНОВА, тұрғын: «Аулада ешкімнің болмағаны қандай жақсы болған. Қатты дауыл болған уақытта біздер ұйықтап қалған болатынбыз. Азанда тұрсақ, есіктің алдындағы көріністен таң-тамаша болдық».
Дауылдың әкелген шығынын көршілер 30 мың теңгеге бағалап отыр. Енді бадамдық Лутфулла Якимов өз баспанасын және көршісінің қабырғасын жөндеу үшін шығындалатын болды.