Тәулігіне 38 мың жұмыртқа

Кәсіпорын жылына 12 512 000 дана жұмыртқа өндіреді

Облыс жұртшылығын жұмыртқамен толыққанды қамту үшін жыл сайын 372 284 дана жұмыртқа шығару қажет. Мәселен, былтырғы жылы – небәрі 273 529 дана ас жұмыртқасы өндірілген. Өнім аз болғандықтан облыста жұмыртқа тапшылығы сезілген болатын. Нарықтағы осынау сұранысты ескерген облыс басшылығы жұмыртқа өндірісін қолға алды.

Сарыағаш қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан Дарбаза ауылдық округінде жұмыртқа өндірісіне бет бұрған жаңа құс фабрикасының салтанатты ашылуы болды
Сарыағаш қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан Дарбаза ауылдық округінде жұмыртқа өндірісіне бет бұрған жаңа құс фабрикасының салтанатты ашылуы болды

Сарыағаш қаласынан 18 шақырым жерде орналасқан Дарбаза ауылдық округінде жұмыртқа өндірісіне бет бұрған жаңа құс фабрикасының салтанатты ашылуы болды. Оған облыс әкімінің орынбасары С.Тұяқбаев, облыстық мәслихат депутаты Ә.Досболов және Сарыағаш ауданының әкімі Ә.Мақұлбаев арнайы қатысып, құс фермасын аралап көрді.

«Сарыағаш құс» шаруа қожалығында 4 тауық баптайтын ғимарат бар. Әзірге оның біреуі ғана іске қосылған. Онда 43 мың 700 тауық бір тәулікте 38 мың дана жұмыртқа береді. Қожалық басшысының айтуынша, «Сарыағаш құс» ЖШС-нің өнімі базарларға көтерме бағамен 8-9 теңгеден өткізіледі екен. Осылайша, жаңа құс фабрикасы Сарыағаш ауданын жұмыртқамен 20 %-ға қамтамасыз етіп отыр. Алдағы уақытта бұл көрсеткішті 50-60 %-ға көтеру үшін жұмыс жасалуда. Ол үшін мемлекет тарапынан субсидия қарастырылып жатыр. Қаржы қолға тисе, қалған ғимараттарды іске қосып, тауық санын 125-130 мыңға көбейту жоспарлануда. Яғни, келешекте мұнда тәулігіне 110-120 мың жұмыртқа өндірілмек.

Онда 43 мың 700 тауық бір тәулікте 38 мың дана жұмыртқа береді
Онда 43 мың 700 тауық бір тәулікте 38 мың дана жұмыртқа береді

– Жоспарымыз іске асса, оңтүстік өңірін ғана емес, өзге де облыстарға жұмыртқа сатсақ деген ойымыз бар, – дейді қожалық басшысы Мұрат Серікұлы.

Кәсіпорын жылына 12 512 000 дана жұмыртқа өндіреді. Құстарға жем және су беру, бөлмелерді жылыту және желдету процестері толығымен компьютерлендірілген және автоматтандырылған. Арнайы мамандар тауықтарға күніне 3 мезгіл жем-шөп беріп, бөлменің ылғалдылығын температурасын бақылап отырады. Мұндағы құрал-жабдықтар Шымкенттегі «Қаз құс батареясы» ЖШС-нен 45 млн теңгеге сатып алынған. Кешен 15 адамды тұрақты жұмыспен қамтып отыр. Қожалық басшысының сөзіне қарағанда, алдағы уақытта жұмыртқа ұнтағы мен ет өнімдерін шығаруды да қолға алмақ. Бұл дегеніміз тағы да 50-ге жуық адам жұмысқа тартылады деген сөз.

Кәсіпорын жылына  12 512 000 дана жұмыртқа өндіреді
Кәсіпорын жылына 12 512 000 дана жұмыртқа өндіреді

Шара барысында Әбдібақыт Мақұлбаев таяуда Сарыағашта тағы бір құс фабрикасының іске қосылатынын айтты. Үдемелі индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы қолға алынғалы бері мұнда 8 кәсіпорын ашылса, үстіміздегі жылы тағы да 4 жоба іске қосылмақшы.

29-024

Ашылып отырған осындай кәсіпорындар ішкі сауда сұранысын қамтамасыз етіп, бюджетке кіріс түсіреді дейді мамандар. Істің көзін тауып, кәсібін дөңгелетіп отырған кәсіпкерлер көп болса жұмыссыздық азайып, шетелден әкелінетін жұмыртқа мен құс етін импорттауды доғарып, өзіміздің өнімді тұтынар едік. Құдай қаласа, ол күн де алыс емес деп үміттенеміз.

Айжан ЕРМЕКҚЫЗЫ

Суреттер автордікі

 

Мұрат Талманов
Мұрат Талманов

Мұрат Талманов, «Сарыағаш құс» ЖШС-нің директоры:

– Құс ферма-сының құрылысы 2006 жылы басталған еді. Алайда қаржы мәселесіне байланысты қожалықты аша алмадық. Дегенмен, үдемелі индустриалдық-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасы аясында биыл құс фабрикасы ашылып отыр. Бұған «Максимум» аймақтық инвестициялық орталығынан 40 млн теңгені 5 жылға 7%-бен несие алу арқылы қол жеткіздім. Алдағы уақытта мемлекеттен тағы да субсидия алып, құс фабрикасын кеңейту жоспарланып отыр.