Қайырымдылық акциясы балаларға қуаныш сыйлады
Мектепке жол акциясы
Мектепке жол акциясы

Жаңа оқу жылы қарсаңында өтетін жылдағы үрдіс жалғасын тапты. «Болашақты бірге жасайық» жалпы республикалық «Мектепке жол» акциясы аясында әлеуметтік жағдайы төмен отбасыларға көмек көрсетілді. Осы мақсатта жалпыға білім беру қорынан және демеушілердің есебінен Шымкент қаласындағы 5285 балаға материалдық және қаржылай көмек көрсету үшін 46 млн 850 мың теңге бөлінген.

Аталған акция аясында Шымкент қаласының әкімі Дархан Сатыпалды 8 бала тәрбиелеп отырған Колхозовтар отбасына көмек көрсетті. Қыркүйекте мектепке барғалы отырған ұл-қыздарға компьютер, оқуға қажетті құрал-жабдықтар, мектеп формасын тарту етті. Сондай-ақ, «Нұрсәт» шағынауданындағы 80 мектеп-лицейінде де «Мектепке жол» акциясы өткізіліп, әлеуметтік жағдайы төмен отбасы балалары оқу құралдарымен, мектеп формасымен қамтамасыз етілді. Сонымен қатар, қалалық білім бөлімінің есебінен 50 баланың әрқайсысының есепшотына 10 мың теңге көлемінде қаражат аударылған.

Қала әкімі Д.Сатыпалды көпбалалы отбасында
Қала әкімі Д.Сатыпалды көпбалалы отбасында

Бір қуантарлығы, қайырымдылық іс-шарасына атсалысуға ниеттенген демеушілер саны жылдан жылға артуда. Жергілікті атқамінер азаматтар мүмкіндігінше жетім, жартылай жетім, жарымжан балалар және күнкөрісі нашар отбасы балаларына көмек қолын созуда. Соның бір айғағы, «НұрОйл» ЖШС-нің директоры Асқаров Алиби жылдағы үрдіспен аталған акцияда белсенділік танытты. Меценат 20 оқушының әрқайсысына 10 мың теңге көлемінде қаржылай көмек көрсетті.

Қайырымдылық акциясы балаларға қуаныш сыйлады
Қайырымдылық акциясы балаларға қуаныш сыйлады

Қайырымдылық акциясы 10 қыркүйекке дейін жалғасатын болады. Естеріңізге сала кетсек, қалалық білім мекемелерінде әлеуметтік көмекті қажет ететін 18 099 бала есепте тұр. Оның ішінде: жетім балалар – 535, жартылай жетім – 3821, мүгедек – 206, оралман отбасының балалары – 10279, көпбалалы отбасы балалары – 3151, аз қамтамасыз етілген отбасы балаларының саны 80.

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=ZBSNj5gGFKk[/youtube]

//

[youtube]http://www.youtube.com/watch?v=WXhEvHD95UI[/youtube]